Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев «Mahan Air» әуе компаниясының Алматы – Тегеран бағыты бойынша рейстері 1 наурыздан бастап тоқтатылғанын (аптасына 1 рейс) жеткізді.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық тұрақты рейстер (аптасына 34 рейс) 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап тоқтатылған. Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 2020 жылғы 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан – Сеул және Алматы – Сеул бағыттары бойынша тұрақты рейстердің саны аптасына 9-дан 3-ке дейін қысқарды», - деді Берік Қамалиев Үкімет отырысында.
«5 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан – Баку рейсі де тоқтатылады. Алматы - Баку рейсін 5-тен 1 рейске дейін шектеп жатырмыз. Ақтау-Баку рейсін 7-рейстен 1 рейске дейін, Нұр-Сұлтан-Токио әуе бағдары 2-ден 1 рейске дейін шектеледі», - деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, аталған рейстердің тоқтатылуына байланысты билеттері бар жолаушылар 1 наурыздан бастап жоғарыда көрсетілген рейстерге билет алған орны бойынша айыппұл санкцияларынсыз және толық көлемде қайтара алады.