• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2020

Атырауда үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосты

379 рет
көрсетілді

28 ақпанда Атырауда Халықаралық ҮЕҰ күніне орай  «NGO DAY» пікір алмасу алаңы өтті. Шараның мақсаты - түрлі саладағы ҮЕҰ-дардың басын қосу, жас және кәсіби ҮЕҰ-дарды қолдау, тәжірибе алмасу, азаматтық сектор – бизнес құрылым өкілдері – мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту, әріптестік орнату.

Салтанатты кешті Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева ашып, ҮЕҰ басшыларын облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлының Алғыс хатымен марапаттады.

Пікір алмасу алаңына қаламыздағы ҮЕҰ өкілдері және  әлеуметтік кәсіпкерлер қатысты. TedХ форматында өткен шараға спикер ретінде «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмурзиева, «Доброе сердце» қоғамдық қорының жетекшісі Венера Манасова, «Златару» қоғамдық қорының жетекшісі Нина Петрова, «Жарқын болашақ» қоғамдық қорының жетекшісі Дана Ғасырбек қатысты. Олар ҮЕҰ-ға байланысты өз оқиғаларымен бөлісті.

Шарада «Дархан» би студиясы, Азиза Аубакирова, Ержан Мырзахметов өз өнерлерін көрсетіп, салтанатты кештің көркін ашты.

Салтанат Рахимова, «Адамгершілік» қоғамдық қорының жетекшісі:

«Біз де адамбыз» деп аталатын ҚҚ жетекшісі Гульназ Космурзиеваның, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған творчестволық орталық «Мастерская Златару» ҚҚ жетекшісі Н.А.Петрованың, иесіз үй жануарларын қамқорлайтын «Мейірімді жүрек» питомнигі жетекшісі Венера Манасованың өз тарихымен бөліскен әсерлі сөздері бәріміздің жүрегімізді тербетті. Нағыз мықты адамдар деп осыларды айту керек! Өздерінің проблемаларын ысырып қойып, өзгелерге көмек көрсетіп жүрген осы жандардың тарихы бізге үлкен істерге үндеу тастағандай болды. Қарапайым тұрғындарға құқықтық көмек көрсетумен айналысып жүрген біздің «Адамгершілік» атты үкіметтік емес ұйымымыз да азаматтық қоғамның кірпішін қалауға ат салысып жүргеніне қуандым. Достар, өмірді өзгерту, оны көркейту бәріміздің қолымыздан келеді! Өте әсерлі кеште көптеген пікірлес достармен танысып, көңіл көкжиегім кеңейіп қайтты. Рахмет, Азаматтық Орталық! Рахмет, Әйгерім Жәрдемқызы! Рахмет бәріңізге, пікірлес достарым! Азаматтық Қоғамның белсенділігі арта берсін!

 Гүлбарам Ермұханова, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының жетекшісі:

Осы уақыт аралығында «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының марапаттарын алсам,осы жолы өз еңбегімді бағалап,марапатталып жатырмын. Әрине, әлі де жұмысымдың нәтижесін көрсетіп,әлі талай марапатталамын деген сенімім мол. Бұл марапаттау маған алға жылжуға тағы бір мотивация болды.Сіздерге рахмет! Азаматтық орталық тағы бір шараны жоғарғы деңгейде ұйымдастырып,бізге керемет мерекелік көңіл-күй сыйлады. Алғыс айтамын. Марапат иелерін де шын жүректен құттықтаймын!

Шараға қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ерекше әсермен қайтты.

Айта кетейік, алғаш рет Халықаралық ҮЕҰ күнін ресми түрде Балтық теңізі елдерінің 12 мемлекеті 2010 жылдың 17 ақпанында Вильнюс, Литвада өткен Балтық теңізі аймағының IX ҮЕҰ форумының 8-ші саммитінде жариялады. Ресми түрде Дүниежүзілік ҮЕҰ күні 2014 жылғы 27 ақпаннан бастап Финляндияның Хельсинки қаласында халықаралық деңгейде аталып өтілді.

Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша 691 ҮЕҰ ұйым тіркелген. Белсенді әрекет етуші ҮЕҰ саны – 147.