• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2020

Алматы облысы: Меценаттар мұқтаж жандарға баспана сыйлады

431 рет
көрсетілді

«Бай болсаң, елге пайдаң тисін» деген көне заманда айтылған нақылды қазіргі күннің қалталы азаматтарына қарата айтуға бола ма? Мұның жауабын кесіп айтпас бұрын бүгінгі бизнес қауымдастық пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты саралап алу керек шығар.

Бір анығы, ұлттық буржуазияның белі қатып, қалтасы қалыңдай бастағаннан-ақ әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге деген ынтасы оянғаны хақ. Мұны елімізде жылдар бойы қалыптасқан мецанаттық дәстүрінің бай тарихына қарап бағамдауымыз керек. Алысқа бармай-ақ, көкп балалы аналар мәселесі бас тақырыпқа шыққан соңғы бір жыл ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты, қайырым мен қайтарымсыз көмек дәстүрінің қайта жаңғырып, жиі қайталанғанын айтсақ та жеткілікті. Мысалы, Алматы облысының шағын және орта кәсіп иелері өткен жылдан бері екі жүзге жуық отбасына үй сатып алып берген екен.

- Облыстағы кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары деңгейден көрінуде. Әсірсесе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көп балалы әулеттерді тұрғын үймен қамтуда жігіттер үнемі үлгі болып жүр.  Өткен жылы мецанаттардың мұқтаж отбасына баспана сатып алу беруін республикада бірінші болып біз бастаған едік. Тура бір жыл бұрын Талғар ауданына барған сапарымда көпбалалы отбасының ескі моншаны паналап отырғанын естіп, ет-жүрегім езілді. Бізде тұрғын үйді кезексіз алуға заңдық тұрғыдан мүмкіндік аз ғой, бірақ, мына отбасының мәселесін қалайда шешу керек болды. Жиналыста ауданның іскер азаматтарына «Қазақтың баласымыз ғой, бір мұқтаж отбасына көмек бере алмасақ, несіне ат үстінде жүрміз?» деп қолқа салдым. Әлгі жерде қайырымды азамат табыла кетіп, отбасына үй сатып алып беретінін, тіпті отағасын жұмысқа алып, көмек беретінін айтты. Бұл жақсы үрдісті елге таратып, басқа да жомарт жігіттерді ұйымдастыру керек деген ойға келдім. Нәтижесінде, облыстың барлық ауданында қайырымылық акциясы жалғасып, көпбалалы отбасыларға өз қаржысына үй алып берушілер қатары көбейді. Бүгінге дейін кәсіпкерлердің қаражатына сатып алынған баспана саны екі жүзден асты. Яғни, осынша отбасы жеке шаңырақтарына кірді, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Талғар демекші, жақында ғана осы ауданда тағдыр талқысына түскен тағы бір отбасына қайырымды азаматтар бірігіп баспана сыйлаған болатын. Көктемнің қара суығы күшіне мінген күнде Панфилов ауылында жалдамалы үйде тұратын Шеңгелбаевтар отбасының баспанасын от шалған еді. Үйелмелі-сүйелмелі 7 бала өсіріп отырған әулет аяқ асты далада қалады. Бұл оқиға әлеуметтік желі арқылы жедел таралып, қайырымды адамдар берден көмекке қолын созып, ақшалай, заттай қолдау жасады. Жағдайды білген облыс әкімі Амандық Баталов кәсіпкерлерге үндеу жасап, қиын жағдайда қалған отбасына үй алып беруге шақырды. Үндеуге аймақтағы «Өркениет констракшн» серіктестігі жедел үн қатып, 2 күн ішінде көп балалы отбасының баспана мəселесін шешуге кіріскен екен. Жеке адамдар жинаған қаржыға қосымша қаражат қосқан серіктестік басшылары, ағайынды Айбек пен Дулат Шəкеровтер Панфилов ауылынан аумағы 91 шаршы метр болатын кең сарайдай үйді сатып алды. Жақында көп балалы отбасына үйдің кілтін тапсыру салтанаты өтіп, оған Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров пен серіктестік өкілдері және аудан жұртшылығы қатысты.

- Біз əкімдіктің жеті баланың тағдырына алаңдап, жасаған үндеуіне алғашқы болып ұсыныс білдірдік. Осы ауылда сатылатын 10 шақты үйдің ішінен сапалы, барлық қолайлы жағдайы бар ең жақсысын таңдадық. Маңайына қамқорлық жасау, көпке қол ұшын созу - қаржысы бар қалталы азаматтардың парызы деп білемін. Осы шаңырақтың балалары Қазақстанның ең мықты азаматтары болсын, - деді үйдің құжаттарын иесіне тапсырған сәтте «Өркениет констракшн» серіктестігінің өкілі Жомарт Райымжанов.

Айтпақшы, ақпан айында осындай жағдай Қарасай ауданында да болған еді.Облысқа танымал қоғам белсендісі, ерікті Зарина Шумаеваның үйі де аяқ астынан өртенген еді.Зарина ханым ата-анасыз қалған балаларды қамқорлығына алып, 22 жеткіншекті тәрбиелеп отырған ісімен бүкіл аймаққа үлгі болып жүрген жан. Сүйінерлігі, олардың шалғна оттан ешкім зарбап шеккен жоқ. Өрт сөндірушілер де қызыл жалынды дер кезінде дер кезінде ауыздықтады. Жағдайды білген Қарасай ауданының әкімдігі өрттен зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдапты.

- Біз оқиғадан кейін көп балалы отбасына уақытша қонақүйде тұруды ұсындық, олар бас тарттып  көршілерінің үйінде қалды. Сосын меценаттардың қолдауымен оларды уақытша баспанамен қамтамасыз еттік. Бірақ, бұл қоныс бала саны көп әулетке қолайсыз. Жақында тұрғын жан санын ескеріп, аумағы кем дегенде 150-180 шаршы метр болатын жекежай тауып, 22 баланы қуантамыз. Бұған ауданның атымтай жомарт азаматтары қол ұзын созады, яғни, меценаттар тілсіз жаудан зардап шеккен отбасы үшін үлкен үй сатып алуға дайын екендіктерін айтты. Ел азаматтарына алғысымыз шексіз, - дейді Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.

Айтпақшы, осы Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында тағы 10 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлаған болатын. Оларға жаңадан бой көтерген «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен сатып алынған пәтер бұйырған еді. Баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген.

Ал өткен айда Қапшағай қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынған «Teniz Towers» тұрғын үй кешені қолданысқа берілді. Жетпіс пәтерден тұратын жаңа кешен өңірдегі баспана мұқтаждығын шешуге бағытталған еңбектің жемісі. Бұл жолы өз шаңырағына қол жеткізген адамдардың қуанышы тіптен бөлек болды. Осы тұрғын үй кешінен 30 пәтерді жеке қаржысына сатып алған белгілі кәсіпкерлер – Болат Әбілев пен Ораз Жандосов жаңа үйлерді мұқтаж жандарға сыйға тартқан-ды.

Мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету облыстың барлық ауданында жүріп жатыр деп айтуға толық құқымыз бар. Мысалы Панфилов ауданында өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы 13 отбасы баспаналы болған. Ал «Нұрлы жер»  бағдарламасы бойынша тағы 16 отбасына жалдамалы тұрғын үй сатып алып беру үшін 154,5 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалыпты. Бұдан бөлек, демеушілердің көмегімен көп балалы және аз қамтылған 14 отбасы да жеке баспанаға қол жеткізіпті. Бұйырса, бұл үрдіс биыл да жалғасып,«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 48 отбасы тұрғын үймен қамтылмақшы. Жалпы бұл ауданда 4392 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып, өткен жылы жалпы саны 20 772 адамға құны 2,7 млрд теңгеге болатын жәрдемақы төленген. Жаңа жылдан бастап жаңаша тәсілмен төлене бастаған атаулы әлеуметтік көмекті алатындар қатарында 3186 көпбалалы отбасы бар. Қаңтар айында ғана көпбалалы отбасылардың 13 926 мүшесіне 147,3 млн теңге қазына қаржысы бөлінген екен.

Жалпы, облыста тұрғын үй алу кезегінде 51 000 адам тұрған болса, оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 6039 шамасында. Өткен жылы барлық бағыттар бойынша 1 447 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланса, жыл аяғына дейін 1093 отбасы үйлі болған. Бұл орайда «Нұрлы жер» бағдарламасының үлесі үлкен. Осы бағдарлама бойынша 151 отбасы баспаналы болса, сатып алу есебінен 346 отбасы, меценаттар есебінен 169 отбасы және «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 427 отбасы тұрғын үймен қамтылыпты.

Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту біздің тікелей міндетіміз. Әсіресе, мемлекет қолдауына мұқтаж жандарды қамқорлықсыз қалдырмаймыз. Өткен жылы әлеуметтік жағынан қорғауды қажет ететін тұрғындар мен көп балалы отбасыларға көмек көрсету үшін облыстың әлеуметтік картасын жасадық. Ол бойынша арнайы санатқа жататын адамдар нақты көмек алды, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы