Тәуелсіздік халыққа білім беру жүйесіне де оң өзгерістер әкелгенін сүйінішпен айтамыз. Ең бастысы – жастарымыз заман талабына сай интерактивті тақта, компьютер т.б. жаңа технологиямен жабдықталған кең сарайдай мектептерде оқып, үлкен қуанышқа бөленуде. Мектеп ұжымдарының қатары білімді, жаңашыл жас ұстаздармен толысып, неше түрлі жаңа оқыту әдістемелері өмірге енуде. Оқимын дегенге әр өлкеде орналасқан дарынды балалар мектебі мен халықаралық дәрежедегі интеллектуалдық Н.Назарбаев мектептері есігін айқара ашуда. Халықаралық дәрежедегі «Болашақ» жастар бағдарламасы тағы бар. Бала білімінің сапасын әділ анықтап, сараптау үшін енгізілген «Ұлттық бірыңғай тест» жүйесі жолға қойылды. Әрине, бұған біз қуана қол соққаннан басқа не айтамыз.
Тәуелсіздік халыққа білім беру жүйесіне де оң өзгерістер әкелгенін сүйінішпен айтамыз. Ең бастысы – жастарымыз заман талабына сай интерактивті тақта, компьютер т.б. жаңа технологиямен жабдықталған кең сарайдай мектептерде оқып, үлкен қуанышқа бөленуде. Мектеп ұжымдарының қатары білімді, жаңашыл жас ұстаздармен толысып, неше түрлі жаңа оқыту әдістемелері өмірге енуде. Оқимын дегенге әр өлкеде орналасқан дарынды балалар мектебі мен халықаралық дәрежедегі интеллектуалдық Н.Назарбаев мектептері есігін айқара ашуда. Халықаралық дәрежедегі «Болашақ» жастар бағдарламасы тағы бар. Бала білімінің сапасын әділ анықтап, сараптау үшін енгізілген «Ұлттық бірыңғай тест» жүйесі жолға қойылды. Әрине, бұған біз қуана қол соққаннан басқа не айтамыз.
Дей тұрғанмен, бүгінгі мектептердегі психологиялық хал-ахуал қандай жағдайда? Бүгінгі бала білімінің сапасы ше? Ол біз жоғарыда тілге тиек еткен іс-шараларға сай ма? Бұл сұрақтарға жауапты біздіңше соңғы екі жылда қатаң және әділ өткізілген ҰБТ қорытындысының өзі бергендей.
Иә, ҰБТ қорытындысы не дейді? Сала басшылары айтып жатқандай, бала білімінің сапасы жылдан-жылға артып келе ме? Ол үшін биылғы ҰБТ қорытындысына және бір назар аударып көрейік.
Ақпарат көздерінен мәлім болып отырғанындай, 2013 жылы республика бойынша ҰБТ-ға 143 мың мектеп бітірушінің 95500-і қатысқан. Өз күшіне сенбеген 47500 оқушы ҰБТ-ға қатысудан бас тартқан. Жоғары оқу орындарына түсуге арналған 50 балдық шекті деңгейге 27465 оқушы жете алмаған. Яғни білімі толық қанағаттанарлық дәрежеде болмаған. Енді біз өз біліміне сенбей ҰБТ-дан бас тартқан 47500 оқушыға осы шекті деңгейге жете алмағандарды әкеп қоссақ 47500+27465=74965 оқушының білімі толық қанағаттанғысыз демесек те, соған жақын болып шығады. Бұл биылғы жылы мектеп бітірген екі оқушының біреуінің білімі өз дәрежесінде емес дегенді білдірмей ме? Олай болса, министрліктегілердің биыл былтырғыға қарағанда орташа көрсеткіш 3,6-ға өсті дегеніне жол болсын.
Осы цифрдың астарында не сыр бар? Менің пайымдауымша, мұндай көрсеткішке нашар оқитындарды ҰБТ-ға қатыстырмаудың есебінен қол жетіп отыр. Сонда біз кімді алдағымыз келеді? Өзімізді өзіміз бе? Жоқ мемлекетті ме? Бүйтіп өзімізді өзіміз қор еткенше, бұл мәселені ашық айтып, келеңсіздіктің алдын алу жағын ойласақ болмай ма?!
Иә, не десек те, бүгінгі мектеп оқушыларының білім деңгейі сын көтермейді. Оның себептері көп. Солардың ішінде талаптың әлсіздігі де балалардың оқу үлгеріміне кері әсер етуде. Жасыратыны жоқ, бүгінгі балалардың арасында сабаққа дайындықсыз келетіндер көп. Мұғалім оған "екі" деген баға қоя алмайды. Өйткені, қанша «екіні» қойғанмен мұғалім оны сол сыныпта қалдыра алмасын біледі. Содан да «үштік» қойып келесі сыныпқа өткізуге мәжбүр. Осыдан кейін бала сабақ оқи ма? Біз мұны күнделікті көріп жүрміз. Мұны барлық мұғалімдер де біледі. Бірақ, сөйте тұра жақ аша алмайды. Жақ ашса, жоғарыдағылар: «сен неге жақсы оқытпайсың» деп өзіне бас салады. Жеп отырған нанынан кім айырылғысы келеді дейсіз. Амалсыздан бала түк білмей тұрса да «үштік» қояды. Сыныптан сыныпқа өткізеді. Ал жаман әдеттің жұққыш келетіні белгілі. Міне, бүгінгі ауыл мектептерінің денін осы «тегін үштікке» оқитындар жаулап алуда. Біз жоғарыда айтқан республика бойынша ҰБТ-ға жіберілмеген 47500 оқушының дені де осы балалар екені анық.
Ал енді бұл қатерлі дерт қайдан келді. Оны емдеп жазудың жолы қайсы дер болсақ, бұл ел ауып келген дерт емес. Егер естеріңізде болса, Кеңес дәуірінің 70-80-жылдары «жалпыға бірдей міндетті орта білім» ұранымен бала оқысын, оқымасын «үштік» қойып, 100 пайыз үлгерім көрсетет ін заман болған. Қазіргі «мектепке тартылмаған бірде-бір бала қалмасын» ұранымен сол «пайыз қуушылық» әлі жалғасып келеді. Баланы мектепке тартып оқыту ол – елдік борыш. Бірақ ол оқытуда сапа болмаса, құр оқытуда не мән бар. Бүгін біз осы жайында ойласуға тиіспіз. Биыл ҰБТ-дан бас тартқан және шекті деңгейге жете алмаған 75 мың бала не толыққанды білімі жоқ, не мамандығы жоқ өз болашағының қандай бұлдыр екенін біле ме? Бұл ертең не істері, қайда барары белгісіз 75 мың жас тағдыр емес пе? Және де бұл бір жылдың ғана «жемісі». Ал жиырма жылдан бері қанша жас осылай тағдыр тәлкегіне түсті екен десеңізші?!
Бұған кім кінәлі? Әрине, мектеп кінәлі. Біз әлі де білім жүйесіндегі қатып қалған ескі көзқарастардан арыла алмай келеміз. Міне, осыларды жолға қоймай мектеп өмірі, оқушының білім сапасы ешқашан да түзелмек емес. Алдымен, осы мәселені бір жақты шешіп алмай, ертең көшкелі отырған 12 жылдық білім жүйеңіз де еш нәтиже бере алмайды. Сондықтан, білім жүйесіндегі кейбір ұстанымдарды қайта қарамай болмайды. Мың шала сауаттыдан бір таза сауаттының артық екенін білетін Батыс елдері біздегідей оқығың келсе де, келмесе де оқы деп орынсыз зорламайды. 9-шы сыныпты (негізгі мектеп) бітірген соң одан кейінгі білім іздеу баланың өз қолында, өз талап мүмкіншілігіне қарай жалғасады. Айталық, ол елдердегі баланың 20-30 пайызы жоғары білім алса, 70-80 пайызы орташа кәсіптік мамандықтарды қанағат етеді. Ал бізде ше? Бәріне 100 пайыз жоғары білім бергіміз келеді. Сөйтіп, біз қандаймыз деп кеуде соғамыз.
Мектептер барша жұрт секілді нарық өмірімен біте қайнаспай ешқашан оқу-тәрбие жұмысы жақсармайды. Оқушы да, ұстаз да еңбегі біліміне қарай бағаланатынын, сол арқылы өмірден өз орнын айқындайтынын, материалдық игілік пен жетістік те тек оқу, тоқумен келетінін түсінуі керек. Егер біз нарық талаптарын мектепке де әкеле алсақ, көп мәселе өз-өзінен шешілер еді. Нарық керектіні алып, керексізді жолдан ысырып тастар еді. Мәселен, 9-ыншы сыныптан соң. 10-11 сыныпты тек тоғызды «4» пен «5»-ке бітіргендер ғана оқиды деңізші. Бала бастауыш сыныптардан бастап-ақ ойлана бастайды. Жақсы оқуға әрекет етеді және ол жақсы оқудың не үшін керек екенін түсінеді. Бұған сол төменгі сыныптардан бастап-ақ олимпиада не басқадай білім сайыстарын жүргізіп, оны әділ бағалап, марапаттап отыруды қоссаңыз, балалар арасында, сөз жоқ, жақсы оқуға деген, жарыса оқуға деген ұмтылыс, бәсекелестік өріс алары сөзсіз.
Ал нарық қатынасын ұстаздар өміріне ендірудің жолы ол – аттестацияны жылма-жыл жүргізу. Тек формалды түрде жүргізілді дегені болмаса қазіргі аттестациялау ештеңе де бермейді. Ал егер әр мектепте білікті ұстаздардан аттестациялық комиссия түзіліп, ол жыл бойы барлық мұғалімнің іс нәтижесі мен біліктілігін зерттесе және әр оқу жылы соңында олардың біліктілік санатын бекітсе, мұғалім алдағы жылы осы санат бойынша еңбекақы алар еді. Мұндағы ең керегі – жылма-жыл үзіліссіз жүретін бұл байқау ұстаздарды өз білім, іскерлік дәрежесін ұдайы жоғары ұстауға тәрбиелеген болар еді. Тек өз білігі, еңбегіне қарай материалдық игілік арттыру оларды, сөз жоқ, жаңа талпыныстарға жетелеп, жалпы ұстаздар арасында да сапалы іс-әрекетке деген бәсеке өрістер еді. Осылай әр мектепте таза педагогикалық ахуал қалыптастыруға болар еді. Міне, нарық ұстанымдары деген осы.
Ал 9-сыныптан соң жақсы, жаман оқитындарды бөлу қалай болар екен дейтіндерге біз оның берері де көп дер едік. Айталық, 9-сыныптан соң 10-11 сыныпқа тек «4» пен «5»-ке оқитындар келіп отырсын. Мұнда, енді сөз жоқ, үлгерім жоғары болады. Ұстаз жарты өмірін қазіргідей түк білмейтіндермен босқа өткізіп жатпайды. Сабақ ұстаз үшін де, оқушы үшін де әрі жеңіл, әрі қызғылықты өтеді. Әр сабақты терең, мазмұнды өткізуге мүмкіндік туады. Оқушылар арасында сабақты одан да үздік оқуға деген бәсеке өрістеп, дәріс сапалығы артады. Келешек ел экономикасының нағыз қозғаушы күші болар биік интеллектуалды кадрлар, міне, осы топтардан шығады.
Ал енді 9-сыныпты «үштікке» бітіргендер қайда барады дейсіздер ғой. Әрине, олар да далада қалмайды. Олар үшін үлкен комплектілі мектептерде арнайы фермер, механизатор, тігінші, т.б. кәсіптік курстар ұйымдастырылады. Бұл курстарда негізгі кәсіби сабақпен бірге бизнес әліппесі, құқықтану, спорт секілді қосымша үш-төрт пән оқытылады. Біздіңше, оларға интеграл мен атом теорияларына бас қатырудың ешқандай қажеті жоқ. Ал бұған тиісті қаржыны қайдан аламыз? Ол сол мектептің өзінде әлгі өздеріне тиісті 9-сыныптан соң қысқарған сыныптар есебінен алынады. Егер комп лектілі мектептерде машина тану, ағаш ұстасы, тігіншілік кабинеттері бұрыннан да бар екенін ескерсек, бұл шаруаны іске асыру соншалықты қиындық туғызбайды.
Осылай біз балалардың қабілеті мен білімін мектеп қабырғасында-ақ бағалай отырып, олардың өмірге ерте бейімделуіне ықпал етеміз. Олардың төменгі сыныптан-ақ өз келешегі үшін күресе алатын ізденімпаз, еңбекқор азамат боп өсулеріне жағдай жасаймыз. Тек сонда ғана бала дәл бүгінгідей он біріншіні бітіргенше босқа жүрмейді.
Сондай-ақ, білім сапасын көтеру үшін бастауыш сыныптармен жұмысты күшейту керек. Баланың оқу-білімге деген ынтасы мен тәрбиесін осы бастауышта қалыптастырмай болмайды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ұран «Басты назар – бастауышта» болуы керек. Бастауыш бала білімінің сүзгісіне айналып, жоғарғы сыныптарға тек оқу бағдарламасын толық меңгергендер ғана жіберілуі керек те, үлгермей ме, бала сол өз сыныбында қалдырылуы тиіс. Бала өз сыныбында бір жыл, тіпті, екі жыл отырғанмен ештеңе жоғалтпайды. Қайта мұның тәрбиелік мәні зор. Баланың ақыл-есі толысады. Өз қатарынан қалып қойғанына намыстанатын болады. Өзін өзі қамшылап, одан әрі сабақты жақсы оқуға ұмтылады. Мұндай балалардың ата-аналарының да жауапкершілігі артады. Баласының өз қатарынан қалып қойғанына ұялып бала тәрбиесін қолға алады, оның сабағын, жүріс-тұрысын күнделікті қадағалайтын болады. Үлгермеген баланың өз орнында қалуы басқа балалар үшін де – үлкен сабақ. Олар «несі бар, оқымасам да мұғалім «үштік» қойып келесі сыныпқа өткізеді» деген ойдан арылады.
Міне, бүгінгі біз айтпақ ой осы.
Бердалы РЫСБЕКОВ,
зейнеткер ұстаз,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сарыағаш ауданы,
Абай ауылы.