Облыс құтқарушылары төтенше жағдай мамандығында білім алып жатқан студенттерді өз салаларының қыр-сырымен таныстырды. Жедел-құтқару жасағы төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Адам өмірін сақтап қалу үшін отқа да, суға да түсу бұл жандардың үйреншікті жұмысы. Оқу-жаттығуға қатысқан азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенттері теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде ұштастырды.
–Болашақта адамдарға қолымнан келгенше көмектесіп, халыққа қалтқысыз қызмет еткім келеді. Өрт сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиынына қатысқанмын. Ал, жедел-құтқару жасағының жұмысымен әлі танысып көрген жоқпыз, сондықтан бұл біз үшін өте пайдалы болды,–дейді азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенті Наталья Павлова.
Жедел-құтқару жасағының құзырында 14 құтқару техникасы бар. Мекеменің техникалық базасымен танысуға келген студенттерге қорғаныс құралдары қойылған көрме таныстырылды.
Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне арналған іс-шаралар бір ай бойы жалғасады. Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жергілікті атқарушы органдардың, түрлі мекемелердің қызметкерлеріне де апат бола қалған жағдайда қорғану тәсілдерін үйретпек.
Ақмола облысы.