• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.02
  • EUR:
    545.19
Басты сайтқа өту
Таным 04 Наурыз, 2020

Айналма ауруына ем тапқан ғалым

4242 рет
көрсетілді

Қойда кездесетін айналшық (ценуроз) ауруына қарсы екпе алу әдісін ойлап тапқан және оны өндіріске алғаш енгізген ғалым Әбділақ ХАЛИЛАМЕН бізді әріптесіміз Слам Нұрмағанбетұлы таныстырды.

Әбділақ Нұрлақұлы 1986-1988 жыл­дары Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Куйбышев кең­шарында бас мал дәрігері қызметін атқарған кезде қойдың айналшық ауруынан шаруаның орасан шығынға ұшы­райтыны ойландырыпты. Айналшық ауруы малға иттен жұғады. Иттің ащы ішегіндегі таспа құрт нәжіске араласып сыртқа шығады. Мал сол құрттарды шөппен қоса жеп, ауруға шалдығады. Бала күнде қой баққандар білетін болар, мұндай аурумен ауырған мал бір орында айнала береді.

Ғалым алдымен құрттардың қа­лай дамитынын, иттің нәжісінен шық­қан жұмыртқадан қалай өнетінін терең зерттеп, оны қойдың өті мен ішегіндегі сөлінен жасалған қоректік ортада қолдан өсірді. Осы ортада енді пайда бола бастаған миқұрттардың антигендерін қозыларға еккенде, жас төлдер айналма ауруымен ауырмапты. Сол қозыларға кейіннен тоқты кезінде ми құртының жұмыртқасын жұқтырып көргенде де ауру белгісі бай­қалмаған. Сөйтіп жас төлдің айналма ауруы­на қарсы иммунитеті артты. Паразиттің антигендеріне тән заттарын аз мөлшерде малға алдын ала еккенде, оның қорғаныш қабілеті артып, паразитке қарсы күреске дайын болды. Алғашқы жүргізілген зерттеу нәтижелерінің жетістіктері бойынша жазылған «Малдың айналма ауруын серологиялық реакция­лармен анықтауға арналған компоненттер жиынтығы» деп аталған еңбегі өндіріске енгізіліп, мал шаруашылығында кеңі­нен пайдаланудың нәтижесінде айналма ауруының таралуы 15-20 пайызға дейін қысқарған көрінеді.

Үлкен істерді үнсіз істейтін адамдар болады, біздің осы жолғы кейіпкеріміз, досының айтуынша, тура сондай жан. Қаншама елеулі еңбек еткеніне қарамастан қарапайым. Әйтпесе С.Нұр­маған­бетұлы: «Бұл айтуға ғана оңай, ал шын мәнінде мұның бәрі ұзақ жылдар бойы күн-түн демей еткен еңбек пен тынымсыз ізденістің нәти­жесімен кел­ген. Әбекең жұмыс бөл­месінде сақтау­лы тұрған тарихи құжаттарды да көрсетті. Сарғайған құжаттардан Мәскеу­дегі Бүкілодақтық мем­лекеттік малдәрігерлік препараттарын тексеру ғылыми зерттеу институтында толық тексеру үшін Мемлекеттік малдәрігерлік басқар­масы бастығының 1988 жылғы 22 нау­рыз­дағы №100 бұй­рығымен ко­мис­сия құрылғанынан және осы комиссияның қорытындысымен 1989 жылы «Малдардың айналма ауруына қарсы вакцина жасау туралы нұсқауы» Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөндірістік комитетінің Малдәрігерлік басқармасының бас­ты­ғы А.Третьяковтың №432-3 бұйры­ғы­мен бекітіліп, өндіріске енгізілгені­нен хабардар болдық», деп толғанар ма еді.

Кейіпкеріміз Түркістан қаласына жа­қын орналасқан Бабайқорған ауылында дүниеге келген. Алғыр да зерек болған ол 5 жасында мектепке барыпты. Қабілетіне қарай ауылдағы оқу ордасынан ауданға, кейін ірі шаһар­ға ауысып, Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта мек­тебін тәмамдаған. Сонан соң 1972 жылы Алматы зоотехникалық-мал­дәрігерлік институтын бітіріп, Алматы облысы Талғар ауданының «Луч Вос­тока» ұжым­шарында мал дәрі­­гері, Алматыдағы Қазақ мал­дәрі­герлік ғылыми-зерттеу институ­тында ғылыми қызметкер, аға ғылы­ми қызметкер және «Өндірістік орталық» зертханасының басшысы болды. 1986 жылы туған мекені Оң­түстік Қазақстан облысына оралып, Түр­кістан ауданындағы Куйбышев кең­шарының бас мал дәрігері болып жұмысқа орналасты. Ал 1991 жылдан 2012 жылға дейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде «Биология» мен «Экология» кафедраларының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі және 1997-1999 жылдары университет президентінің кеңесшісі қызметін ат­қарған. Бүгінде Әбділақ Нұрлақұлы – Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақ­стан мемлекеттік педагогикалық уни­верси­тетінің «Биология» кафедра­сы­ның профессоры.

Ғалым тәуелсіздік жылдарында отан­­дық ғылымның дамуына ғана емес, ана тіліміздің ғылым тіліне айналуы­на алғаш­қылардың бірі болып үлес қосты.  1998 жылы «Малдың паразит ауруларын им­мунологиялық әдістермен анық­­тау­дың биологиялық негізі» атты қазақша қор­ға­ған еңбегімен ғы­лым докторы атағын алды. Әрине, бұл – құла­ғанына көп бол­маған Қы­зыл империя сая­сатының салқыны басы­ла қоймаған кез. Сондықтан үл­кен тәуекелге бел буғанда «Егемен Қазақ­­стан» газетінің сол кездегі бас редакторы Уәлихан Қалижан мен жазушы Шер­хан Мұртазаның тиісті орын­дарға ұсыныс хаттар жолдап, қолдау көрсет­кенін қоса кету керек. Қазірдің өзін­де мұндай маңызды қадамға бара бер­мей­тін отандық зерттеушілерге үлгі болар­лық ұстаным.

Сондай-ақ кейіпкеріміз – Халықара­лық экология академиясы мен жаратылыстану ғылымдарының академигі, Білім және ғылым министрлігінің «Үздік оқытушы» грантының иегері, 40-тан аса ғылыми еңбектің (оқу құралдары, әдістемеліктер, монографиялар, т.б.) авторы. Бұдан бөлек, Әлем халықтары жазушылар одағы мен Қазақстан журналистер одағына мүше Әбділақ Нұрлақұлының көркем-әдеби эсселер мен сатиралық әзіл-сықақ тақырыбындағы он шақты кітабы жарық көрген.