Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында «Ата-бабалар рухына – лайықты боламыз!» атты республикалық патриоттық акция басталды.
Акция Қазақстан Қарулы Күштері (ҚК) Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ҚК Әскери-тарихи мұражайының басшылығына Рейхстагқа тігуге Рахымжан Қошқарбаевқа жүктелген Жеңіс Туының көшірмесін тапсыру салтанатынан басталды. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстан аумағында құрылған дивизиялар мен бригадалардың 23 жауынгерлік тулары Қарулы Күштер өкілдеріне тапсырылды.
Екі ай бойы жауынгерлік тулар еліміздің әр аймағында желбірейді. Ол жерлерде ардагерлердің, әскери қызметшілердің, «Жас Сарбаз» қозғалысы тәрбиеленушілерінің, жастар және қоғамдық бірлестік өкілдерінің, мектеп оқушылары мен студенттердің қатысуымен салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жауынгерлік ту, әскери бөлімнің ресми нышаны болып табылады. Ол оның абыройын, айбыны мен даңқын бейнелейді, әрбір әскери қызметшінің бойындағы батырлық дәстүрлері мен Отан қорғаудағы қасиетті борышын еске салады.
«Сұрапыл соғыс жылдары бұл жауынгерлік ту бар ауыртпашылыққа қарамастан Берлинге салтанатты түрде жетті. Бүгін сол қан майданда қаза болған ата-бабаларымыздың ұрпақтарына, яғни әскери бөлімдерге, дивизияларға тапсырылады. Жеңіс туы көш бастаған жауынгерлік тулардың бұл жолы елордада 7 мамыр күні өтетін соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадта жалғасын табады. Бұл біздің отандастарымызға, соғыс батырларына көрсетілген тарихи естелік», деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде.
Аталған іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қорғаныс министрлігінің басшылығы, соғыс ардагерлері Ахат Бекмәди мен Олег Линник, Қарулы Күштердің ардагерлері, тәрбие саласының офицерлері, «Жас Ұлан» әскери мектебінің оқушылары, «Жас Сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы соғыс ардагерлеріне ілтипат көрсетіп, соғыс уақытының ауыртпашылықтарын басынан өткеріп аман қалған, қираған қалаларды қалпына келтіруде батылдық танытқан батырларымыз бүгінде жас ұрпаққа ерлік пен қайсарлықтың үлгісі екенін атап өтті.
«Ата-бабалар рухына – лайықты боламыз!» акциясы бүкіл елді қамтитын болады. Әскери-тарихи мұражайдың көрмесі мен сауда орталықтары және халық көп жиналатын орындарда Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблі әртістерінің қойылымдары орналастыратын болады.
Биыл «Ата-бабалар рухына – лайықты боламыз!» ұранымен «Ел тірегі» әскерге шақыру жасағы мен «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қатарына мектеп оқушыларының қосылу рәсімдері болады.