“Апат айтып келмейді” дегендей, Алматы облысындағы тосын апат ақмолалықтардың да қабырғасына қатты батты. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 50 миллион теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында арнайы штаб құрылып, аудандар мен елді мекендерден киім-кешектер жиналып, ақша аударылуда. Қазірдің өзінде бір вагон азық-түлік пен қажет заттар жөнелтілді.
Бұдан тысқары барлық мекемелер мен еңбек ұжымдары бір күндік еңбекақыларын аударып жатыр. Мәселен, облыстық соттың қызметкерлері 2 миллион теңге, “Қазпоштаның” облыстық филиалы 11 миллион теңге бөлді. “Диас” тігін фабрикасының, “Арман” тоқыма фабрикасының, “КамАЗ-Инжиниринг” АҚ, “Көкше полиграфия” серіктестігі, “Көкшетау минералды сулары”, “Есіл Агро” фирмалары, тағы басқа кәсіпкерлік құрылымдары жомарттық танытуда. Ал, Көкшетаудағы “Қызыл крест” қоғамдық ұйымының өкілдері алғашқы күннен бастап қызылағаштық бауырлардың ортасында жүр.
Облыста апат зардаптарын жоюға бағытталған көмек-қолдау жалғаса бермек. Сондай-ақ, шығысқазақстандықтарға да қолдан келген қолдау шаралары жасалатын болады.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.