Ақмола облысы Зеренді ауданы оқу бөлімінің әдістемелік кабинеті өкілдерінің ұйымдастыруымен жергілікті оқушылар арасында белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, аталған ауданның құрметті азаматы Қорғанбек Аманжолдың қаламынан туған «Кішкентай Абайлар» атты өлеңді мәнерлеп оқудан байқау өтті.
Ұлы ақынның 175 жылдығына орай өткен шараны бағалаудың шарты өзгешелеу болды. Яғни, байқауға қатысуға ниет білдірген оқушы әуелі, білім бөлімінің инстаграм парақшасына жоғарыдағы жырды мәнерлеп жатқа оқыған бейне көрінісін жүктеуі тиіс. Нәтижесінде, бейне көріністі тамашалаған көрерменнің онлайн дауыс беруі арқылы жеңімпаз пен жүлдегерлер анықталды.
«Өмір мынау өкініштен тұрады.
Бір жас ақын ғасыл болған мұрады:
«Сендер мені ұқпайсыңдар, шіркін-ай,
Мен кішкентай Абаймын» деп жылады.
«Мен – кішкентай Абаймын ғой, жарандар,
Менде Абайша жырлайтұғын қалам бар.
Сендер мені ұқпасаңдар – ұқпаңдар,
Ал түбінде ұғатұғын ғалам бар.
Мен – кішкентай, құйттай ғана Абаймын.
Ұқпасаңдар көңілге мұң жамаймын.
Құйттай Абай жүрегіммен – Абайша
Тантық сөзді тарс ұруға жараймын»
– деп басталып 10 шумақтан тұратын ақын өлеңін мәнерлеп оқыған жас таланттар арасынан 1946 дауыс жинаған Қызылсая орта мектебінің оқушысы Тілеген Амантай бас жүлдені иеленсе, бірінші орын – 1222 дауыс жинаған Бірлестік орта мектебінің оқушысы Інжу Райымбектің, екінші орын 1150 дауыс жинаған Кеңөткел негізгі мектеп оқушысы Ерқанат Досымбектің еншісіне бұйырды. Үшінші орынға 1146 дауыс жинаған М.Ғабдуллин атындағы Зеренді орта мектеп оқушысы Мерей Хайырмоллова ие болды.