• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 05 Наурыз, 2020

Денсаулық сақтау саласын ілгерілетеді

610 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Басты мақсат – қызмет сапасын арттыру

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы мен оған ілеспе заң жобасының барша қазақстандыққа қажетті де маңызды екенін, осы кодекс жо­басы халық арасында көп тал­қыланғанын атап өтті.

– Депутаттарымыз аймақтарға сапары кезінде осы мәселе бас­ты назарда болды. Арнайы жұ­­­мыс топтары, кеңейтілген оты­­­рыс­тар ұйымдастырылды. Осы кодекс бойынша денсаулық сақтау саласы мамандарының қатысуымен Мәжілісте Nur Otan партиясының фракция отырысы да өтті. Осы шараларда айтылған барлық ұсыныс-пікір заң жобасын қабылдау кезінде ескерілді. Нәтижесінде, кодекстің әрбір нормасы жан-жақты талқыланып, көптеген мәселе өз шешімін тапты. Әсіресе цифрлы технологияны енгізе отырып, медициналық қызметтің сапасын күшейту, донор­лық мәселесі, ана және ба­ла денсаулығын сақтау бойын­ша өзгерістер енгізілді. Соның арқасында денсаулық сақтау саласында бұрынғыдан бөлек заман талабына сай жаңа заң мақұлданды деуге болады, – деді Нұрлан Нығматулин.

Бірінші оқылымда мақұл­данған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы жұмыс берушілер мен жұмыскердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі мен қоғамдық денсаулықты сақтауды күшейтуге, медициналық технологияларды дамытуға, меди­циналық қызметтер көрсету, дә­рілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында бақылауды жетілдіруге, медицина қызметкерінің мәртебесін арттыруға бағытталған.

Аталған құжаттың жай-жап­сарымен Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов таныстырып, жоба ашық нормативтік құ­қықтық актілер порталында 2019 жылдың қаңтар айынан бас­тап талқыланғанын, осы арқылы азаматтардан түскен 3 мыңнан аса ұсыныс жұмыс топтарында қаралғанын жеткізді.

– Кодекс жобасына бұрын заңнамада қамтылмаған жаңа баптар енгізілді. Мысалы, салааралық әрекеттестік мәселелерін шешу мақсатында қоғамдық денсаулық саласындағы мемлекеттік орган­дардың міндеттері айқын­дал­ды. Жұмыскерлер арасында ден­саулық сақтау мен профилак­ти­ка бағдарламасын әзірлеп іске асыру, саламатты жұ­мыс орын­­дарын құру және жұ­мыс­кер­лерді скринингтерден өткізу мүмкіндіктері көзделген. Скри­нингтен өту үшін міндетті әлеу­­меттік демалыстар қарас­ты­ры­лады. Жүргізуші құқығын алу ке­зінде алғашқы көмек көр­се­ту дағдыларын үйрену мін­дет­теледі. Қоршаған ортаның ха­лық денсаулығына әсері, оның ішінде шу және ластанған ауа мәселелері реттелді. Қазіргі таңда жасөспірімдер мен жастар­ға медициналық көмек құпия көр­се­тілмейді. Осыған орай балалар­дың денсаулығын сақтау мәсе­лелері және жасөспірімдердің өз еркімен медициналық көмекке жүгіну мүмкіндігі ескерілді. «Мек­­теп медицинасы» ұғымы заң­намалық түрде бекітілді. Со­ны­мен қатар психикалық ден­саулық сақтау, суицидтік мінез-құлықтың, құмар ойындар­дың профилактикасы жөніндегі нормалар реттелді. Білім беру және түсіндіру іс-шараларын өткізе отырып, тәрбие алушылар мен оқушылардың денсаулығын сақтауға ата-аналар мен педагогтарды тарту бойынша нормалар регламенттелді, – деді министр.

Бұған қоса ведомство бас­шысы медициналық көмекті ұйым­дастырудың интеграция­ланған моделі енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, аза­маттарға тиімді, сапалы меди­циналық көмек көрсету және сырқаттану деңгейін төмендету мақсатында кодекс жобасында медициналық көмек көр­сетудің үш деңгейлі жүйесі қарас­ты­рылған. Бұл жүйе – барлық дең­гейде пациенттер ағымын бас­қаруға және стационарларда кез келген бейіндегі пациенттерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кодекс жобасында медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру аясындағы медициналық көмек­тің көлемін анықтау қағидалары регламенттелген. Медициналық көмектің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық көмек көрсетуді стандарттаудың бірыңғай тәсілдері жасалады, трансплантация институты же­тіл­діріледі, мемлекеттік бақы­лау күшейтіледі. Нәтижесінде, медициналық көмек қалалық және ауылдық жерлерде қолжетімді болады, медициналық көмек көр­сету процестері стандартталады, ұсынылатын медициналық қыз­меттердің сапасын бақылау күшейтіледі.

 Бәсекеге қабілетті мамандар – тиімділік кепілі

Денсаулық сақтаудың тиім­ді жүйесін құрудың негізгі шарт­тарының бірі – саланы бәсе­кеге қабілетті мамандармен, қа­жетті ғылыми-зерттеулермен жә­не инновациялармен қамта­масыз ету. Медициналық кадр­лардың деңгейін көтеру мақ­сатында білім берудің үздіксіз инте­грацияланған моделін, білім алушылардың тәуелсіз баға­лануын және түлектердің кәсіби даярлығын енгізу көзделді. Ко­декстің жобасы биобанктердің, биоэтикалық комиссиялардың құры­луы мен пайдаланылуын және этика мәселелері жөнін­дегі комиссиялардың рөлі мен мәртебесін реттейді. Медици­налық білім беру ұйымдарында стратегиялық әріптестікті, уни­вер­ситеттік клиникалар мен бі­рік­тірілген академиялық меди­ци­налық орталықтардың жұмы­сын одан әрі дамыту көзделеді. Нәтижесінде, меди­ци­на­лық кадр­­ларды даярлау сапасы ар­та­ды, қолданбалы және ір­гелі зерт­теулердің дамуы қам­тылады, ген­дік инженерия мен дербестен­дірілген медицинаның дамуына мүмкіндік беріледі.

Жобаны талқылау барысында депутат Бақытгүл Хаменова министрден цирфландыру кезінде адамдардың жеке деректерінің қауіпсіздігі қаншалықты сақ­тал­ғанын сұрады. Бұған жауап ретінде Елжан Біртанов ем­делушінің мәліметіне тек қана оны емдейтін дәрігер ғана қол жеткізе алатынын, осы кодекс қабылданғаннан кейін арнайы нормативтік актімен әр цифрлы денсаулық жүйесі нысандарының ерекше құқығы болатынын, олардың айрықша коды бекітілетінін алға тартты.

Сондай-ақ депутат Бекболат Тілеухан заң арқылы вакцина салдыруды міндеттеуді сынға алды. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вакцинацияны міндетті түрде енгізу қадамы инфекциялық аурулар бойынша басқа аза­мат­тардың денсаулығын сақтауға негізделгенін айтты.

Жалпы отырыста Парламент Мәжілісі және Сенаты депутат­тарының бастамасымен әзір­ленген «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Мемлекет басшысының тап­сырмаларын орындау мақ­сатында қолға алынған бұл заң жобасы террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды қор­ғауды қамтамасыз етуге, оларды қай­тару бойынша шаралар қабыл­дауға, осындай балаларға арнау­лы әлеуметтік қызметтер көрсе­туге және көп балалы отба­сылар­ды әлеуметтік қолдауға ба­ғыт­талған.

Депутаттар заң жобасымен жұмыс істеу барысында бі­лім және ғылым саласындағы уә­кілетті органның террористік әре­кеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту мә­селелері бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыру жө­ніндегі құзыретін бекітіп беру нормасының редак­циясын жақ­сартуға, сегіз және одан көп бала­лар үшін 2020 жыл­ғы 1 қаң­тардан бастап жәр­демақы төлеуге бағытталған түзетулер енгізді.

Сонымен қатар бұл жиында Мәжілістің салалық комитеттері Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік орган­дардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады. Атап айтқанда, депутат Сәкен Қаны­беков елдегі су ресурстарын басқару проблемаларына, Шавхат Өтемісов Жайық-Орал трансшекаралық өзені бассейні экожүйесінің өзекті мәселелеріне назар аударды. Ал Айқын Қоңы­ров кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтса, Владислав Ко­сарев «Қазақ саңыраулар қоға­мы» қоғамдық бірлестігінің мәсе­ле­лерін ортаға салды.