Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында қызылордалық зияткерлер алдыңғы буын өкілдерімен кездесу өткізіп, қазақтың қолөнерін насихаттауға бағытталған арнайы шеберлік сабақтарына қатысты.
Оқушылардың ардагерлермен кездесу шаралары мектепте үздіксіз ұйымдастырылып отырады. Бұл жолы басқосуға зияткерлер өздерінің әжелерін шақырып, олар жас ұрпаққа өмірлік жолдарынан тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтты. Ұмытылып бара жатқан әндерді шырқалған кеште әжелер балаларға қолөнердің құндылығы жайлы айтып, ұршық иіріп, текемет басу тәсілдерін көрсетті.
– Бұл өте игі бастама. Заманауи технологиялар дамыған заманда ұлттық мұраны жастар арасында насихаттау өте маңызды. Бүгін ұлттық құндылықтар көрініс тапқан және тұрғындарының ауызбіршілігі жарасқан бір үлкен ауыл мерекесіне келгендей әсер алдым, – деді әжей Света Сабырбай.
Шара барысында жас дарындылар әжелеріне ғаламтор жүйесін пайдалануды үйретті. Шараға қатысушылар алда әлеуметтік желіде «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жаңа топ құрып, сол жерде нақыл сөздер мен тәрбиелік мәні бар әңгімелер жариялауды жоспарлап отыр.