Литваның Ұлттық қауымдар үйінде Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық ашылды. Бұл орталыққа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Қазақ университеті» баспасының кітаптары қойылған.
Алдағы уақытта «Нұрсәуле» қазақтар қоғамы алаңында ашылған әл-Фараби атындағы орталықғына келушілер ұлы ғалымның еңбектерімен танысып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрімен де жақын танысатын болады.
СІМ ақпаратына сүйенсек, салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Литвадағы Елшісі Виктор Темірбаев, Литва Үкіметі жанындағы аз ұлттар мәселелері жөніндегі департаментінің директоры В.Монтивидайте, Ұлттық қауымдар үйінің директоры А.Гедаминскиене, «Нұрсәуле» Литва қазақтары қоғамының төрайымы С.Қанапина, Ұлттық қауымдастықтар кеңесінің өкілдері және литвалық түркітанушылар қатысты. Ашылу рәсімі барысында М.Баймұхан қонақтарға әлемнің екінші ұстазы атанған Фараби өмірі мен шығармашылығы жайында айтып өтті.
Сондай-ақ ол Шығыстың ұлы ойшылының биылғы мерейтойы ЮНЕСКО-ның ұмытылмас күндері мен оқиғаларының күнтізбесіне қосылғаны және халықаралық деңгейде кеңінен мерекеленетініне ерекше көңіл аударды. Қазақстандық дипломат әл-Фараби мұрасының, әл-Бируни сияқты, еуропалық ғылымның қалыптасуына зор ықпалын, қайта өркендеу дәуірінің басындағы Еуропаның ұлы адамдары үшін шексіз шабыт көзі болғанын да атап өтті. Орталықтың қызметі, ең алдымен, Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени және ғылыми диалогты дамытуға бағытталатын болады.