Президентіміздің сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоқ екенін ел халқы ертеден түсінген. Мысалы, өткен жылы Құркөл ауылында 15 жыл қаңырап бос тұрған мәдениет үйі “Жол картасы” бағдарламасына еніп, 29 миллион теңге қаржыға күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Күрделі жөндеуден өткен мәдениет сарайы өте әдемі.
Жалпы, Құркөл елі Ертіс бойындағы іргелі, қасиетті елдердің бірі. Бұл жерде атақты Иманжүсіп Құтпанұлының кіндік қаны тамған, ақын Сәбит Дөнентаевтың 1913 жылы Уфадан “Қарлығаштар” деген кітабын шығарған ақын Қорабай Жапановтың, әнші Байғабыл Жылқыбаевтың туған жері. Енді осындай атақты бабаларымның ұрпақтарының өнерге, осы мәдениет үйінен қанат қағатынына сенімдімін.
Өткен жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 2 миллион теңгеге таза су құбыры оңдалып, халық игілігіне берілді. С.Дөнентаев атындағы мектепте 20 орындық, балдырғандарға шағын орталық ашылып, жұмыс істеуде. Бастауыш сыныптың 50 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Міне, мұның барлығы бір жылда ел игілігі үшін жасалған шаралар.
Елбасы өз Жолдауында осы үлкен іс жалғасын табатынын айтқан болатын. Біздің ауылда құрылған “Нұр Отан” бастауыш партия ұйымы басқа елді мекендердегідей Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауын халыққа насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізуде. Осының алдында ғана облыста “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Павлодар облыстық филиалы 2009 жылдың жұмыс қорытындысын шығарғанда, біздің бастауыш партия ұйымы “Әлеуметтік-саяси өмірге белсенді араласқаны үшін” номинациясы бойынша байқау лауреаты атағына ие болды. Елбасы жүргізіп отырған салиқалы саясатты және Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру үшін бастауыш ұйымның жұмысын жақсартып, ел игілігі үшін қызмет ететін боламыз.
Қаршыға ШАЯХМЕТОВ, “Нұр Отан” ХДП Ақсу қалалық филиалының төрағасы.
Павлодар облысы, Ақсу қаласы.