• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Наурыз, 2020

Сап түзеген сұлулар

416 рет
көрсетілді

Әскер туралы сөз болғанда әдетте жуан білек, апайтөс сарбаздар көзге елес­тей­ді. Бірақ еліміздің Қарулы Күштері қатарында сұлулығымен талайды таң­ғал­дыратын, инабатты мінезімен талайға үлгі болатын нәзік жандылар жетерлік.

Елге жау шапқанда қолға қару алып, ерлермен бірге әйелдердің де күрескені тарихтан мәлім. Әйгілі Тұмар ханшайымның қол бастағаны, Малайсары және Қабанбай батырлармен бірге жоңғарларға қарсы соғысқан Гауһарды, ағасы Кенесары ханмен бірге соғысқан Бопайдың халқын шапқыншылардан қорғағаны бүгінге аңыз болып жеткен. Екінші дүниежүзілік соғыстағы пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова, ұшқыш Хиуаз Доспанова, зенитші Ақима Ақжолова секілді батырларымыздың ерлігін әлі күнге мақтанышпен айтамыз. Солардың ізін басқан, ержүрек қыздарымыздың жолын жалғастыратындар бүгінде Қарулы Күштеріміздің қатарында баршылық.

Қазіргі таңда Қарулы Күштер қата­рын­да 9 мыңға жуық қыз-келіншек әскери қызметте жүр. Олардың 10 пайызы офицерлік құрамға енген. Атап айтсақ, әскерде 12 полковник, 31 подполковник, 145 майор, 256 капитан, 277 аға лейтенант, 147 лейтенант әйел бар. Олардың басым бөлігі негізінен байланыс, медицина, іс жүргізу секілді салаларда еңбек етеді.

Әйелдерге армияда ешқандай жеңілдік жоқ. Өйткені олар – ең әуелі әскери қызметкер. Отан алдында ант беріп, елі мен жерін қорғауға серт еткендер. Әскери қызметтің қиындығы мен жауап­кер­шілі­гіне қарамастан, еліміздің Қарулы Күш­те­ріндегі әйелдер мансаптық сатымен жоға­ры­лап, жоғары басшылық лауазымдарды атқа­рып келеді.

Қорғаныс министрлігі орталық аппара­ты­ның құрылымдық бөлімшелерін, Бас штабтың бөлімдері және басқармалары басшысы лауазымын атқаратын нәзік жандылар жетерлік. Мәселен, 2016 жылғы тамызда тарихқа тұңғыш рет әйел офицер, полковник Гауһар Сырлыбаева Алматы қаласы Алатау ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы болып тағайындалды.

Қарулы Күштердің бүкіл саласында әйелдер қауымының өкілдері тер төгіп жүр. Армияда жынысына қарай «жауынгерлік емес» және «жауынгерлік» лауазымдарға бөлу жоқ. Мысалы, бас старшина Жанар Ыбыраева әскери кемеде қызмет атқарады. Ол Каспий маңы мемле-кеттерінің флотында қызмет атқаратын алғашқы әйел әскери қызметші атанды. Сондай-ақ екінші санаттағы старшина Дарья Кириченко әскери кемеде қызмет етеді. Бұдан бөлек, аға лейтенант Ардана Ботай әскери ұшақты ұршықша иіріп, көк те самғатып жүр.

Әскери-теңіз күштерінде әйел әскери қызметшілер ерлерден қалыспай тәулік бойы жауынгерлік вахтада тұрып, корабль экипажы құрамында тапсырмалар орындайды.

Қазақстан армиясында қыздар медбике, байланысшы және іс жүргізуші ғана емес, мерген, барлаушы, планшетші секілді салаларда да Отан қорғап жүр. Елімізде Әлия Молдағұлованың ізін жалғастыруды көздейтін мерген қыздар бар.

Еліміздің әйелдер қауымы бітім­гер­шілік қызметке де белсенді араласады. Осыған орай 2009 жылдан бастап «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу-жаттығу орталығындағы арнайы даярлық курстарында 63 әйел әскери қызмет бойынша тәлім алды. Қазіргі таңда Қазақстан бітімгершілік бригадасында 100-ден астам әйел әскери қызмет атқарады. Келешекте еліміздің нәзік жандыларын БҰҰ бітімгершілік миссияларына жұмылдыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Айтпақшы, қыз-келіншектер әскери қызметпен бірге спортты да қатар алып жүреді. Мәселен, сержант Алина Райкова еліміздің намысын бірқатар байрақты бәсекеде абыроймен қорғап, туымызды биіктен желбіретті. Ол 2015 және 2017 жылдары өткен Универсиадада жеңіс тұғырына көтерілді. Аға сержант Елена Коломина шаңғы спортынан талай мәрте Азия ойындарында топ жарды.

Әскери қызметтің бүкіл шектеулері мен талаптары отбасына, оның құнды­лықтарын сақтауға кедергі емес екенін еліміздегі әйелдер дәлелдеп жүр. Олар бәріне уақыт тауып, мейірімді ана атанып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше ыждағаттылық танытып отыр. Мәселен, әскери қызметтегі 740 әйел көп балалы аналар тізіміне енген. Олардың оннан астамы «Күміс алқа» және үшеуі «Алтын алқамен» марапатталған.