«Әкеге құрмет», «Анаға тағзым» кітаптарының авторы, әріптесіміз Күлия Айдарбекова еңбек жолын журналистикадан бастап, мемлекеттік қызметте, яғни облыстық басқармаларда басшылық қызметтерді атқарды. Бүгінде шығармашылыққа ден қойған Күлия Смайылханқызының қазақ қыздары жайлы кітап жаза бастағанын естіп, бұл тақырыпқа қалам тартуына не себеп болғанын сұраған едік.
– Қазіргі қазақ қыздары бұрынғыдан да сұлу. Бірақ олар өз қадірі мен бағасын білмей жүр деп ойлаймын. Мен «Қазақ қызы» деген кітапты бастадым. Бұл қадамыма бір оқиға түрткі болды. Бірде Нұр-Сұлтандағы жиында әріптестерімізбен отырғанбыз. Есік жақтан сақалы қауғадай өзге ұлт азаматы қазақ қызын жетектеп алып кірді. Оның артынша кірген, қарындары қампиған, сақал-мұрттары өсіп кеткен әлгі азаматтың жерлестерінің жанында да бір-бір қаракөз сіңлілерім. Ішім өртеніп, көзіме жас келді. Мәселенің мәнжайын зерттедім. Сәті түсіп, тіпті әлгі еркектен де сұрадым. Жасы келген мен жиіркенетін сол азаматқа қазақ қызының сатылғанын біліп, жүрегім қан жылады. Біз қалайша мұндай күйге түстік? – дейді Күлия Смайылханқызы.
Әріптесіміздің әйел затының жұмысбасты болуына қатысты да көзқарасы бөлектеу. Қызметтік дәуір – уақытша, бүгін қажет болғанымен, ертең жасың келгенде керек емес болып қаласың, дейді ол. «Әйелдің ғұмырында барлығы шектеулі. Қыз дәуренінің өз уақыты бар, ана болу бақыты 40 жасқа дейін деген секілді. Әйел затының негізгі миссиясы – ана болу. Барлығына үлгеру керек. Қызмет пен отбасы таңдауға түсетін дүние емес. «Мен қызмет істеп жүріп, күйеуге тимей қалдым. Балалы бола алмадым», деу дұрыс емес. Ол сенің мәселең. Себебі сен бір дүниені екінші нәрсемен шатастырып алмастырдың. Ертең қартайғанда аузыңа су тамызып, ақтық сапарға шығарып салатын, табытыңды көтеретін – перзенттерің. Ұжымдас, әріптестерің сені жұмыс орныңнан шығарып салмайды ғой. Осыны есте ұстау керек. Әйел болуға, ана болуға уақыт таппасаң, ешкімге өкпелеудің қажеті жоқ», дейді Күлия Смайылханқызы. Жиырма жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте болған, бүгінде кәсіподақ саласында жүрген ол барлық уақытта мүмкіндігінше қарапайым болуға тырысқанын айтады. Егер атқарған қызметіңнің халыққа пайдасы тимесе, нәтиже шықпаса орынды босату қажет деп есептейді. Көп балалы аналарымыздың әкімшіліктерге барып, алаңдарға шығып, митингілер ұйымдастырып жүргені қазақ әйеліне жараспайтын қылық екенін айтады. «Баласын далаға, дәретханаға тастаған безбүйрек ананы көрсеттік. Енді көшеге шығарып, ұрандатып жатырмыз. Бала – Алланың мемлекетке емес, саған берген сыйы! Қазіргі аналарымыздың көшеге шығып, кеудесін ұрғылап «мен көп балалы анамын», дегені дұрыс емес. Қазақ кесір мен елдің көзі тимесін деп баланың санын еш уақытта айтпаған. Құдай перзенттен айырылып қалудан сақтасын. Ана деген баланың тілеуін тілеп, шүкіршілік етіп, тыныш қана жүретін жан. Еңбек етсең, міндетті түрде берекеті болады. Кезінде біздің аналарымыз 5 соммен-ақ күн көрген. Өкінішке қарай, қазіргі аналардың көбінде тәубе жоқ. Өзі үшін туған балаларын мемлекетке міндет қылған аналардан қорқамын», дейді Күлия Смайылханқызы.
Түркістан облысы