• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Наурыз, 2020

Қостанайда көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды

1938 рет
көрсетілді

Халықаралық Әйелдер күніне орай өткен мерекелік жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көп балалы аналарды арнайы құттықтап,  Алтын және Күміс алқаларын тақты.

- Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығына сәйкес, көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау туралы шешім қабылданған болатын. Осы Жарлық бойынша биыл Қостанай облысында тұратын 23 анаға марапаттар тапсырылады. Бұл мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдауға үздіксіз қолдау көрсетудің бір ғана көрінісі. Бүгінде Қостанай облысында 5589 көпбалалы отбасы тұрып жатыр. Жыл басынан бері бұл отбасыларға арнайы жәрдемақы төленіп жатыр. Сонымен қатар балаларға мемлекеттік әлеуметтік пакеттер беріле бастады. Алдағы уақытта бұл қолдау түрлері жалғасын табатын болады, - деген аймақ басшысы алтын құрсақ батыр аналарға ізгі тілекке толы құттықтау сөзін арнады.

Әулиекөл ауданына қарасты Айсары ауылында тұратын Айнагүл Қапсабырова 6 бала тәрбиелеп отыр. – Бүгін осында отырған әрбір ана үшін маңызды күн.  Осы сәтті пайдалана отырып көп балалы аналарға қолдау-көмек көрсетіп келе жатқан мемлекетімізге мың алғыс айтқым келеді. Сіздердің арқаларыңызда салиқалы ұрпақ өсіріп отырған жайымыз бар. Кез келген мемлекеттің болашағы – оның саналы ұрпағы. Бүгінгі сәби ертеңгі ел азаматы. Бүгін бізге көрсетіп отырған құрмет, қамқорлықтарыңыз ертең осы көп балалы отбасыларда өсіп-өнген балалардан қайтады. Олар отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілікпен талмай еңбек етіп, ел ертеңінің еңселі болуына үлес қосады деп сенемін. Отанымызға тыныштық, елімізге бірлік пен береке тілеймін! – деді батыр ана.

Бүгінде Қостанай облысында алтын алқалы 1588, күміс алқалы  3469 ана тұрады. 1277 ана «Батыр ана» медалі мен 1 және 2 дәрежелі «Ана даңқы» орденін таққан.

Өңірде қазіргі таңда 6 мыңға жуық көп балалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады. Облыста көп балалы аналарды баспанамен қамту мәселесіде бірте-бірте шешім таба бастағандай.  Бұл игі іске «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы ерекше серпін беріп отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша былтыр жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын 157 жеңілдетілген несие беріліп, 34 отбасы баспана бақытына ие болып отыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы кәсіпкерлер тарапынан да қолдау тауып отыр. Бағдарлама басталғалы өңірдің жомарт жүрек азаматтары 60 көп балалы отбасыны баспанамен қамтып отыр.  

 

Қостанай