Жақында Париждің Люксембург сарайында Франция Парламенті Сенаты мен Францияның халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі агенттігінің (ЮБИФРАНС) басқаруымен Орталық Азия мен Кавказ елдеріне арналған коллоквиум өтті. Іс-шараға 100-ден астам аталған аймақ елдерімен ынтымақтастықты дамытуға ынталы француздың жетекші компанияларының, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Коллоквиумға қатысушылардың алдында Қазақстан Республикасының Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов сөз сөйледі. Ол француздың іскер, саяси және қоғамдық топтарының өкілдерін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауымен, еліміздегі қазіргі экономикалық жағдаймен және табысты іске асырылып жатқан дағдарысқа қарсы қадамдармен, Қазақстан-Франция стратегиялық әріптестігінің дамуымен таныстырды. Елші Республиканың үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының, жаңа Салық кодексін енгізудегі және Кедендік одақ жағдайындағы біздің инвестициялық басымдықтарымыздың басты элементтері туралы сөз қозғады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тақырыптары жөнінде айта кетті.
Іс-шараға қатысушылар Президент Н.Ә.Назарбаевтың экономикалық бастамалары, жаңа өндірістік, инфрақұрылымдық және энергетикалық жобалар, осымен қатар дағдарысқа қарсы шаралар мен банк саласындағы жағдайдың тұрақтануы туралы мәліметтерге үлкен қызығушылық танытты.
Сенатор Андрэ Дюлэ Орталық Азия мен Кавказ өңірі Франция үшін үлкен маңызы бар өлке, деді. Ол Қазақстанмен бірлескен экономикалық жобалардың ілгерілеуіне ризашылығын білдірді.
Коллоквиумде Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы және еліміздің экономикалық дамуы туралы француз тіліндегі арнайы шығарылған журналдар мен брошюралар таратылды.
“Егемен-ақпарат”.