• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Абай 10 Наурыз, 2020

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...»

10540 рет
көрсетілді

Президент Қ.Тоқаев былтыр Қазақстан халқына Жолдауында мемле­кет­тілігімізді нығайту ендігі жерде қоғамдық-саяси өмірімізді модернизациялау­сыз мүмкін еместігін айта келе, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын 2020 жылғы ел өміріндегі елеулі оқиғалар қатарына жатқызған болатын. Енді сол ойының жалғасы ретінде Мемлекет басшысы XXI ғасырдағы Қазақстан үшін ұлы Абай мұрасының қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлт болып бірігуімізге тигізер ықпалын аша түсетін бағдарламалық мақаласын жариялап отыр.

Рас, Абай – шын мәніндегі ұлы ақын, философ, кемеңгер ойшыл және ағартушы. Ол сонымен бірге – қоғам­танушы және публицист. Сон­дықтан «заман озып, адам тозса» да Абайдың шығармалары өзінің құндылығын жоймақ емес, бұрынғыша өзекті, өмір­шең және қоғам үшін қажеттілігін жоғалтпай, сол мән-мағынасын сақтаған күйінде ұрпақтарына мұра болып қала бермек. Абайды Абай еткен, оны ұлы тұлғалардың деңгейіне көтерген – өмір сүрген ортасы мен заманы. Тумысынан зерек ол күнделікті өмір шындығын көріп өсті. Әкесі Құнанбайдың қасына ілесіп жүріп сол кездегі қоғамдық үдерістерге тікелей қатысып, көп дүниені көңіліне тоқып, жақсы мен жаманды айыруды үйренді. Ақын кейбіріне көмек көрсеткісі келсе, әлдебіреулерін сынға алу арқылы әлеуметтік мәселелерге араласты, сөйтіп өз пайдасын тигізуге талпынды. Яғни ол қаршадайынан бастап өз қоғамының қарама-қайшылықтарын түсініп жүріп есейді, шынықты және оған үн қосты. Сол жағымсыз құбылыстардың сырын ашуға күш салып, оларға сыни көзбен қарап, ащы да болса шындықты айтты. Өз ұстанымдарын өткір сөз арқылы жеткізіп бақты. Абай қара сөздері мен өлең жолдарын замандастарының сана-сезіміне және қоғамдық өмірге ықпал ету үшін пайдаланды. Ол қазақ қоғамында орын алып отырған әділетсіздікке, оның кемшін тұстарына немқұрайдылық танытқан емес.

Абай замана ағысын мұқият зерделеу арқылы адамды тани бастады, сөйтіп барып өз халқының мінез-құлқы мен ұлттық болмысын терең түсіне білді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мақаласында жаңғыру мәселесін осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын ұлтты жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған Абай мұрасымен байланыстыра қарауға көңіл аударып отыр. Себебі ұлы ақынның шығармалары қанша уақыт өтсе де, халықты адастырмай оған өз жолын табуда рухани азық болады. Кемеңгер бабамыз туындыларының арқауы болған мәселелерді мәңгілік тақырыптардың қатарына жатқызуға болады. Ол – ең алдымен руханият, қазақ халқының санасы мен болмысы, оның ішкі жан дүниесі. Елбасы айтқандай, «Халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі».

Президент Қ.Тоқаев мақаласында данышпан Абай еңбектерінің XXI ғасырдағы әлеуетіне терең үңіліп отыр. Өйткені қазақ­тың бас ақынының бүгінгі ұрпақтарына берері ұшан-теңіз. Дәл қазіргі кезде қазақ халқына ұлы Абайдың керектігі мен қажет­тілігін түсініп, оны қоғамдық-әлеумет­тік өмірімізді, тұрмыс-салтымызды сауық­тыруға нақты қадамдар жасап, адами бастау­лары­мызға бетбұрыс жасағанымыз – бүгінгі күннің талабы. Ендеше, сол замандағы қазақ қоғамында орын алған, сол қоғамға тән болған қараңғылық пен надандыққа Абай енжарлық көрсете алмады. Ол қатты қина­лып, күйзеліске де ұшырады. Бүкіл жан дү­ние­сі­мен оған қарсы тұрды, қара түнекпен күрес­ті. Бірақ ол, өкінішке қарай, ақымақ көп, ақылды аз заманда жалғыз болды. Сон­дықтан Абай:

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап, – дейді.

Ал енді осыны көре тұра Абай не істемек керек еді? Оған ұлы Абай былай жауап береді:

Мақсұтым – тіл ұстартып,

өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып,

көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас

 жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабырдың орнына надандық, өтірік пен өсек, күншілдік, мақтанқұмарлық сияқты індет шалған қоғамдық ортада тек жалғандық өріс алды. Сөйтіп сорлы қазақ алтыбақан алауыздыққа душар болды. Осы ащы шындықты дана Абай ғана көре білді емес пе? Ол берекесі кеткен елді суы ашыған батпақ көлмен теңестірді. Мұның ең алдымен рухани жұтаңдыққа қатысы бар екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаев рухани жаңғыру мәселесін бекерден-бекер көтерген жоқ. Егер әр кісінің бойында жақсы қасиеттер болмаса, онда адамдар арасында әділетсіздік, парақорлық, имансыздық, мейірімсіздік, жалқаулық, еріншектік, нем­құрайдылық, екіжүзділік, әдепсіздік, ар­сыздық, енжарлық, тоғышарлық, күншілдік, сат­қ­ындық, мансапқорлық, менмендік, бой­күйездік сияқты жағымсыз және зиян­ды мінез-құлыққа негізделген қарым-қаты­нас­тар үстемдік алатыны сөзсіз. Бір жаман жері, осындай жарамсыз қылықтар мен мінездерді кейбіреулер сорақылық деп есептемейді. Оған деген қоғам тарапынан жазғыру, тіптен, ең болмағанда ұялту әрекеттері байқалмайды. Өйткені данышпан Абай айтқандай, әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ  – қорқақ, ақылсыз, надан  келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. Ондай қоғам түбінде дағдарысқа ұшырап, іштей іріп-шіриді. Істеген ісің жансыз, нәрсіз болса, ондай өлекселік әрекеттен не пайда! Ал егер ол қоғам игілігі үшін емес, ұпай жинап, мансап қууға бағытталса, одан тіпті де пайда болмас. Бұл құр босқа даңғазалық, біреуге жағынып, ұпай жинау үшін жасалған нағыз көзбояушылық, халықты алдаудың дәл өзі. Ендеше, басынан ниет етілмеген жұмыста жақсы пиғыл қайдан болсын. Бұның арты тек лепірме сөзбен, мазмұнсыз ұранпаздық пен жалған есеп және қосып жазылған мәліметке әкеліп соқтырары анық. Абай:

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп,

қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға

болар көмек...

Арамдықпен бар ма екен жаннан

 аспақ,

Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?..

Мақтан үшін қайратсыз

 болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек...

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.

Абайша айтар болсақ, қазақ қоғамы парасатты болғанда ғана ол қоғамды өркендеген елдің қатарына жатқызуға болады. Ол үшін әрбір адамның сөз тануы шарт. Сонда ғана адалдық, адамгершілік, жанашырлық сияқты қасиеттер өзінің бастапқы мағынасына ие болмақ. Басқаша болған жағдайда Абай айтатын адал адам қайдан шықпақ, оны қайдан таппақпыз? Адал адам болмаса, «толық адам» қалай қалыптаспақ? Оған жетудің жолын Абай «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп нұсқайды. Ол өзінің сындарлы сынымен жамандықтан жиренуге, жақсылықтан өнеге алып, оны ойға жиюға шақырады. Дана Абай сөзге ақыл сенбей сенбеу, іске ақылменен кірісу және надандарға бой бермеуге кеңес береді.

Ұлы ойшылдың қара сөздері мен өлең­дері «құлақтан кіріп, бойды алады». Олар күні кеше ғана айтылғандай, маңызы мен өзек­тілігін әлі жоғалтқан жоқ. Абай мұны жазғанның атын білме, сөзін біл дейді:

Сөз мәнісін білсеңіз,

Ақыл – мизан (таразы), өлшеу қыл

Егер қисық көрінсе,

Мейлің таста, мейлің күл.

Егер түзу көрінсе,

Ойлап-ойлап, құлаққа іл.

Надандықпен кім айтса,

Ондай түпсіз сөзге ерме.

Сізге айтамын, хауіп – бұл.

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл.

Шын сөз қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Абай шығармалары азаматтық және пат­риоттық сарынға ие. Ол нағыз азамат болу үшін дүниенің кетігін та­уып, соған кірпіш болып қалануы керек дегенді мең­зейді. Ақын, қазіргі сөзбен айтар болсақ, өз елінің патриоты шеңберінде қалып қоймай, «адамның баласы – бауырың, адам баласына адам баласының бәрі дос» деп, өзін адамзаттық тұғырға отырғызды. Өйткені Абай Шығысты да, Батысты да таныды, сол арқылы әлемдік мәдениет пен өркениетке, оның тарихына кеңінен бойлай білді. Сон­дықтан ол бірлікке, тірлікке, ізгілікке, адам­­гер­шілікке және ұлттық, діни тағат­ты­лық­қа шақырды. Кемеңгер Абай өнердің шы­ңына теңеп, «өнер алды – бірлік» дейді. Сон­ымен бірге ол қараңғы қазақ халқы білімді-ғылымды болып, кәсіппен айналысса деп армандады. Сол сияқты оны билік пен халық үніне құлақ түру мәселесі де толғандырды. Яғни бүгінгі қазақ қоғамын алаңдататын мәселелерді шешу үшін Абай шығармаларының кейбір жерлерін түртіп алып, елді, ұлтты Абайша сүюге үйрену керек деген сөз. Ендеше, дана Абайдың сөзі мен ойын XXI ғасырдың биігінен Абай әлеміне жаңаша үңіліп, терең ұғынып, оған ден бергіміз келсе, қоғамдағы кейбір басты өмірлік ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерткеніміз абзал. Алдымен бүкіл қоғам болып мойындайтын моральдық-этикалық және рухани өзгерістер қажет. Абай сөзін ұғар елі болмай, жалғыз қалса да заманды түзетпекке тырысады:

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбейді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып. 

Осыған қарамастан Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деді емес пе? Олай болса, Тәуелсіз Қазақстанға, ұлтқұрушы қазақ халқына, қазақстандықтарға не істемек керек? Тәуелсізбіз, мемлекеттілік, қоғами және біліми-ғылыми әлеуметіміз де, әлеуетіміз де бар. Біз қазір Абай сияқты жалғыз емеспіз, қолымызда мүмкіндіктеріміз де жоқ емес. Ендеше, Абайды ұлттық идеямыздың темірқазығына айналдырып, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Абайды танып, оның асыл арманы мен бай мұрасын іске асыру үшін Абайша өмір сүріп, адам болу керек. Ұлы Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, жақсы менен жаманды айырмадың...», ендеше «тыңдамаса еш адам, өз жүрегім толғансын» деп, ішкі дертін қозғаған әр сөзіне қарап, оның ұрпағына қалдырған өсиеті іспеттес «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, сапырылды байлығың, баққан жылқың», деген арттағыға сөз қалсын деп жазған өлең жолдарына өткен дәуірде ешкім түсінбесе, енді біз құлақ түріп, ақынның өзі айтқандай, мойын салып, ойла- найық!

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Білім комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы