Шайбалы хоккейден Гагарин кубогы аясында сынға түсіп жатқан елорданың «Барысы» сырт айдында Магнитогорскінің «Металлург» командасына қарсы екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті.
5 наурызда өткен алғашқы ойында жерлестеріміз негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түсіп, овертаймда жеңісті жұлып алды. Матчтың бірінші және екінші кезеңінде хоккейшілер бір-бірінің қақпасына шайба соға алмай, біраз әбігерге түсті. Тек ойынның үшінші кезеңінде ғана есеп ашылды. 47-минутта «Металлург» сапынан Сергей Мозякин көзге түссе, арада 2 минут өткенде «Барыс» капитаны Даррен Диц есепті теңестірді. Ал қосымша уақытта «Барыстың» бағы жанып, жеңіске жетті. «Барыстың» жеңіс голын Линус Виделль соқты. Қорытынды есеп – 2:1.
Араға екі күн салып «Металлург» пен «Барыс» тағы кездесті. Бұл ойында да жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Бірінші кезеңнің соңғы минутында Антон Сагадеев есепті ашса, 56-минутта Дастин Бойд «Барыстың» екінші шайбасын соғып, ойының нүктесін қойды. Есеп – 2:0. Екі команда арасындағы 4 ойыннан кейін «Барыс» 3:1 есебімен алға шықты.