Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ресей астанасы Мәскеу қаласына келді.
Сапар барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Тараптар ЕАЭО аясындағы әріптестік мәселелерін талқылады.
Елбасы Ресей Қазақстанның барлық саладағы сенімді серіктесі болып қала беретінін атап өтті.
– Интеграциялық бірлестік жұмыс істеп тұр және болашағы зор деп санаймын. Құрметті төраға ретінде мен оның одан әрі дамуына күш саламын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы екі елдің өзара қарым-қатынасы тату көршілік пен одақтастық қағидаттарына толық сәйкес дамып келе жатқанын сөз етті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше мән берді.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президенті интеграциялық үдерістерді дамытуға және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға сүбелі үлес қосқанын атап өтті.
– Бізде саяси диалог жалғасып жатыр. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен ұдайы кездесіп тұрамыз. Елдеріміздің үкіметтері үйлесімді жұмыс істеуде. Өткен жылы тауар айналымы 19,7 пайызға өсіп, 20 млрд долларға жетті. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деді Ресей Президенті.
Сондай-ақ тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады және әлемдік көмірсутек нарығында қалыптасқан жағдай бойынша пікір алмасты.
Осы жұмыс сапарының барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне баруы жоспарланып отыр.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan» – Мәскеуден (Ресей)