Бұрынғы Кеңес Одағында ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап жеке ұлттарды өзге республикаларға күштеп жер аудару саясаты қарқынды жүргізілген екен. Бұл зұлмат зобалаңының 1950 жылға дейін үздіксіз жалғасқанын да енді-енді ашық айта бастадық.
Ұлы дала депортацияға дайын болды ма?
Осы озбыр саясаттың зардабы Одақ құрамында болған басқа республикаларға қарағанда Қазақстанға ерекше ауыртпалық әкелді. Аштықтан аман қалған халықтың еңсесін Екінші дүниежүзілік соғыс салмағы езіп жатты. Дәл осы тұста өзге өңірлерден депортацияланған ұлт пен ұлыс өкілдерін Ұлы далаға үсті-үстіне тоғыту қазақ ауылдарын тұралатып жіберді. Соғыс жылдарындағы Қазақстанның экономикалық жағдайын зерттеген ғалымдардың еңбегінде сол тұста елдегі жағдайдың өте ауыр болғандығы нақты есептермен көрсетіледі. Өйткені, колхоздастыру қателігі мен ашаршылық зардабынан сәл ғана бой жаза бастаған елдегі жағдай өлшеулі азық-түлік пен санаулы киім-кешекті мұқтаж әулеттермен бөлісетіндей жағдайда емес еді. Соған қарамастан қазақ халқы депортацияланған ұлыстарға бір жапырақ нанын бөліп беріп, топты жанды тоқал тамының бір бөлмесін босатып беріп, паналатты.
Ал бұл кезде соғыс жағдайындағы тәртіп бойынша еңбек етуге қабілетті әрбір қазақстандық отбасы «Қызыл әскер» қорына 50 кг ет, 3 кило сарымай және 30 жұмыртқа өткізуі тиіс болған. Бұл салық өтелмеген жағдайда ауыл адамдарына қудалау, күштеп жер аудару, ауыр жұмысқа мәжбүрлеп жегу жазасы қолданылатын болған. Тағы бір деректерде 1941-1945 жыл арасында қазақ жұмысшылары майдан қажеті үшін 4 700 000 сом ақша жинап тапсырғаны айтылады. Тұрғындар тағы да соғыс қажеттілігі үшін мемлекет сатуға шығарған заем қағазы мен облигация, лотерея билетін мәжбүрлі түрде алған екен. Бұл саудадан отан бюджетіне бір ғана Қазақстаннан 3 миллиард 184 миллион 395 мың сом ақша түскен. Ал негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған аумақтар үшін ет тапсыру міндеті тіпті орасан еді. 1942 жылы ғана қазақстандық колхоздар 160 400 бас ірі қара мал және 878 100 бас қойды етке өткізген. Сондай-ақ осы жылдары Кеңес Одағының авиация әскеріне қажетті техника жасауға жылу жиналып, ел еңбеккерлері бірер күнде 842 533 пұт астық, 46 203 пұт күріш өткізіп, басқа да дайын дақылдардың түр-түрінен және 32 185 пұт жинап тапсырған екен. Біз бұл дәйектерді соғыс статистикасын жариялау үшін емес, сол жылдарда қазақ халқының ішер асқа, киер киімге жарымай жүріп те депортацияланған ұлыстарға жанашыр болып, қайырым көрсеткенін нақтылау мақсатында алып отырмыз. Демек, бір халыққа бағытталған саяси геноцид пен жендеттік ұстанымды екінші ұлттың ата дәстүрі мен адамгершілік болмысы жеңгені анық.
Қазақ келгендерді қалай қарсы алды?
Жалпы, Кеңес Одағы бойынша депортацияға ұшыраған ұлыстардың статистикасы 3,2 миллион адамға дейін жеткенін айтады. Бұл Сталин билік басында болған 1920-1950 жылдар аралығындағы жағдай екен. Ал осы мерзімде Қазақстанға күштеп жер аударылғандар үлесі 1 200 000 адамға дейін жеткені айтылады. Яғни, 1930-1940 жыл межесінде қазақ даласына Кеңес Одағы аумағында тұратын неміс ұлтының 38 пайызы, чешен, ингуш ұлтының 83 пайызы, корей ұлысының 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен қоныстанғаны анық. Өкініштісі, қазақ даласының «ұлттар лабораторясы» атауын иленуі де сол заманның қасіретті шындығы мен мұрасы болып қала беретіні. Осы жерде 1920 жылдан басталып, мемлекеттік деңгейде дайындалған депортациялау жоспарына қазақ ұлтының өкілдері алғашқы болып ұшырағанын ашып айтуымыз керек. Мысалы, Ұлы даладағы байларды «кәмпескелеу» жүргізілген жылдары, мал мүлкі тәркіленіп, өздері Сібірге жер аударылған әулеттердің саны 5500 адамнан асып кеткен. Бұл енді басқа тақырыптың еншісіндегі әңгіме. Әзірше, қанды саясаттың шеңгеліне түсіп, қазақ даласына келіп тірі қалған ұлт пен ұлысқа қатысты сөзімізді сабақтайық.
– 1943 жылдың күзінде Қап тауының етегін мекендеген балқар, қарашай, ингуш, чешен, қырым татары мен месхет түрік ауылдарын бір түнде депортациялаған ғой. Мылтық дүмімен қарт пен бала-шағаны арбаға тиеп, еркек пен әйелді жаяу айдап теміржолы бар аумаққа көшірген. Содан жүк вагондорына тоғытып, белгісіз бағытқа жөнелткен. Депортация кезінде аштықтың, аурудың, аяқ астына тапталып қалудың салдарынан жүздеген адам өлген екен. Олардың мүрдесін пойыз аялдаған кезде сыртқа лақтырып, тастап отырыпты. Хызыр атам сол жылдары ересек бала болған ғой, небір сұмдықты көзімен көрген. Қазір тарихи деректерді қарап отырсам сол жылдары Қазақстанға 507 000 балқар, қарашай, ингуш пен чешен ұлтының өкілдері жер аударылыпты. Бұлар сияқты 110 000 месхет түріктері мен 180 000 қырым татары да қазақ топырағына жетіп жығылған екен. Менің атам Хызыр осы сұмдықты өз көзімен көрген ғой. Шамамен 10 жастағы бала екен. Шүкір, біздің әулеттің көрер жарығы бар екен. Атам отырған жүк вагонын Алматы қаласына келіп бір-ақ ағытқан ғой, жолдағы аштық пен зұлматтан аман қалғандардың аяғы қазақ даласының топырағына тиіпті, – дейді бізбен әңгімесінде жетісулық балқар қызы Фаризат Хаджиева.
– Біздің әулет бірер айда кірпіш құйып, қабырға қалап, екі бөлмелі там салып алыпты. Қонысқа кірер кезде жұрт мәре-сәре болып, құтты болсын айтып жатқанда Әбіш пен Әлжан өздерінің қызыл бұзауын жетелеп келіп, есік алдына байлапты. Мұндай сыйды күтпеген Әзірет бабам азар да безер болып бас тартқан екен, Әбіш атамыз «Бұл қазақтың дәстүрі ғой. Ырымы осындай. Аз болса да бір шаңырақ астында тұрдық, балаларымыз бір-біріне бауыр басты. Енді бөлек үй болып жатырсың. Бұл біздің сендерге берген еншіміз...» деген екен. Ол бұзау үлкен сиыр болып өсіп, бұзаулап, малдың басы болыпты, – дейді атасынан естіген әңгіменің бір шетін шығарған Фаризат.
«Жасымық» операциясы қалай жүрді?
Кеңес саясаткерлері 1940 жылдары Қазақстанға күштеп көшіру жұмысын «Жасымық операциясы» деген атаумен жүргізген ғой. Негізінен Кавказ аймағынан депортацияланған ұлыстың ұзақ жолдағы азапты жүрістен аман қалғаны Жетісуға табан тіреген екен. Сол тұста Алматы маңына тоқтаған азалы составтардан 1 миллионнан астам адам түскен деген дерек бар. Қазіргі дерек бойынша Жетісуда 105 этнос өкілі тұрмыс-тіршілік кешіп отыр. Диаспора өкілдерінің өткен тарихындағы ортақ ақтаңдақ – «Жасымық» операциясының кесірінен атамекен, туған жерінен айырылып, қуғындалғаны ешқашан ұмытылмайтын оқиға болып қала береді. Ал мұқым ұлыстың қазақ сияқты мейірбан халықтың арқасында жойылып кетуден аман қалуы – бүгіндегі тәубе етер жалғыз шүкіршілігіне айналып отыр.
«Жасымық» жоспарының Жетісудағы жаңғырығы талып естілетін өңірдің бірі – Түріксіб темір жолын бойлай қоныстанған Қаратал ауданы. Осы ауданға қарасты Үшкөмей ауылында 1944 жылы Қазақстанға жер аударылған чешен мен ингуш ұлтының өкілдері тұрады. Бүгінде осы ауылдағы қазақ, ингушқа сыйлы ақсақал болған Зайынды Мучраев ол кезде бала екен. Көзімен көрген оқиғаны еске алса, ұйқысы бұзылады. Осыдан 76 жыл бұрын, 23 ақпанда тау арасындағы чешен, ингуш ауылдарына солдаттар сау ете қалады. Бұл – Кеңес әскерилері соңына дейін аса құпия сақтап, жасырып келген «Жасымық» жоспарының жүзеге аса бастағаны еді. Мамыражай ауылдың тұрғындарын екі тәулікте тік көтере көшіріп, ағаш вагондарға тиегенде ана мен бала адасып, үлкен мен кіші ажырап қала беріпті. Ауылда бас көтерер адам да аз еді. Іске татырлық ер-азамат майданда, тылдың қара жұмысында болатын. Зайынды ақсақалдың әулетінің зұлматтан аман қалғаны Қазақстанның бірнеше облысына шашырап кетіпті. Заман жақсарғанда туыстарының бір тобын Солтүстік Қазақстан облысынан тауыпты.
– Қару асынған солдаттар ауылға алғаш келгенде бүкіл бала қызықтап тұрып едік. Бірақ олар бізге жылы қабақ танытқан жоқ. Ауылды жинады да, жылдам көшу керектігін ескертіп, жиналуға уақыт берді. Тұрғындар не болғанын түсініп те үлгермеді, қарсылық танытатын қауқар да жоқ еді. Әскерилер «Чешен, ингуш ұлтының арасында неміс фашистеріне жақтасып, Отанға сатқындық жасайтын адамдардың көп екені анықталды. Сондықтан сендер сенімсіз адамсыңдар. Не көшесіңдер, не осы жерде қырыласыңдар...» деп әңгімені қысқа қайырыпты. Көп адам қолына ілінгенді алып, көлікке мініп жатты. Біздің үйде атадан балаға мұра болып келе жатқан Құран кітабы бар, әжем соны жаулығына орап, кеудесіне тығып алыпты. Мұны көрген таныстары «Одан да азық-түлік алсаңшы, енді кітаптің көмегі тие қояр ма екен...» дегенде әжемнің «Бұйырса, нан табылар, бұл қасиетті кітап, бізді пәле-жаладан сақтайды» дегені есімде қалыпты. 1901 жылы басылып, түптелген сол Құран кітабы біздің үйде қазір де сақтаулы тұр. Арғы атамнан қалған қастерлі мұраны қолыма алып тәубе етемін. Біздің әулетіміздің, тұтас ұлтымыздың тігерге тұяқ қалмай қырылып кетуінен әуелі Алла, сосын қазақ халқы сақтап қалды ғой, – дейді қария.
Айтпақшы, бұларды депортациялаған кезде әскери шенді айтқан «Чешен, ингуш ұлтының арасында неміс фашистеріне жақтасып, Отанға сатқындық жасайтын адамдардың көп екені анықталды. Сондықтан сендер сенімсіз адамсыңдар...» деген үкімге бергісіз сөз жалған еді. Сол кездің өзінде чешен мен ингуш ұлтынан 18 500 адам әскерге шақырылған болатын. Олардың 70 пайызы кеңестік Отанды қорғауға өз еркімен аттанған екен.
«Бастөбенің» басында тәубе еткен кім?
«Жасымық» операциясының зардабын корей ұлтының өкілдері де аз тартқан жоқ. Бұйрық іске асқанда, бұйығы тіршілік кешіп отырған еңбекқор жұрт босып кеткен. Жетісу топырағына сол заманда 200 000 шамасында корей жер аударылған екен. Олардың дені әлі күнге дейін Қаратал ауданын мекен етіп отыр. Қиын-қыстауда қазандағы қара суын бөліп берген қазақтың жақсылығын ұмытқан емес. Елімізде ең алғашқылардың бірі болып корей диаспорасы «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш орнатты. Осы Қаратал аумағындағы Бастөбе ауылындағы биік төбенің басына. 2012 жылы диаспораның бастамасымен, қалталы корей азаматтарының қаржысына тұрғызылған ескерткіш қазақтың киіз үйін еске салады. Шаншылған уық көтерілген шаңырақты ұстап тұрғандай әсер береді. Ұлт достығының, тағзым мен алғыстың нышаны осы тас тұғырға сыйып тұрғандай...
– Корей диаспорасының ұйытқы болуымен қайырымдылық шаралары жиі өтіп тұрады. Корейлердің үлкен Отаны да қарайласып отыр. Мұндағы қандас бауырларына жасаған қазақтың қамқор ниетін олар да жоғары бағалайды. Қазақстан халқы Ассамблеясымен арадағы байланысқа орай Оңтүстік Кореяның атақты «Хендэ» клиникасы көмекке мұқтаж отандастарымызды тегін қабылдап, тегін ота жасап тұрады. Облыс дәрігерлеріне бірнеше рет тегін дәріс оқып, шеберлік сағатын өткізді. Азаматтар өзі бастама көтеріп аудандарда тұратын әлеуметтік қолдауды қажет ететін 80 отбасының үйіне күрделі жөндеу жасап берді. Мұндай мысалдар бар. Мұның барлығы депортацияланған ұлттардың бүгінгі ұрпақтарының ел мен жер алдындағы жауапкершілік сезімі деп ойлаймын, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай.
Сол сияқты, облыстағы неміс диаспорасы да Германиямен арадағы достыққа дәнекер болып отыр. Мысалы, «Видербург» неміс мәдени бірлестігінің бастамасымен Балқаш көлінің оңтүстігінде жойылып бара жатқан өсімдіктерді қалпына келтіру жобасы жүзеге асуда. Неміс үкіметінің қолдауымен 200 гектар аумаққа сексеуіл мен жасыл бұтақты ағаш отырғызылды. Оларды күтіп-баптауға диаспора жауапты екен.
Түйіндеп келгенде, мұның барлығы Қазақстандағы ұлтаралық татулыққа негіз болып отырған іс екені аян. Енді диаспоралар жұмысын рухани жаңғыру тұрғысынан дамыту жоспары күн тәртібінде тұр. Заман талабы бәрімізге қазақ дәстүрі мен мәдениетін тануды міндеттеп, мемлекеттік тілге деген шынайы құрмет арқылы біртұтас халыққа айналу міндетін жүктейді. Ендеше, ақ жол!
Алматы облысы