Ақтаудағы Қаракөл көлінің орнитофаунасының сақталуын экологиялық туризмнің құстарды тамашалау бағытын дамыту арқылы қамтамасыз етуге болады. Осындай пікірді экологиялық экскурсияға қатысқан Ақтау қаласының №8 орта мектеп оқушылары білдірді.
Оқушылар үшін танымдық экскурсияны «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясы кеңесінің төрағасы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы Маңғыстау филиалының төрағасы, Орталық Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитетінің мүшесі, эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов пен Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Манас Өтесінов жүргізді.
– Осы сулы-батпақты алқапта жылдың әр мезгілінде құстардың 175 түріне дейін мекендейді, оның 20-дан астамы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Бұл кіші аққу және сұңқылдақ аққу, бұйра және қызғылт бірқазандар, сары, мысыр және кіші аққұтандары, қоқиқаз, үкі, жалбағай, қарабай, қарабас өгіз шағала, аққұйрықты субүркіт және тағы басқалар, – деп экскурсия жетекшісі Ә.Қозыбақов балаларды бірегей су айдынының қанатты мекендеушілерімен таныстырды.
Оқушылар Ақтауға жақын, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС өндірістік аумағымен көрші орналасқан, бірақ тыныш та тылсым жабайы табиғат әлеміне саяхат жасауға болатынына таңданыстарын жасырмады. Әсіресе оқушылар Ақтаудың қызғылт маржаны – қоқиқазды тамашалаудан алған әсерлері керемет болды. Бұлтты күннің аясында бір шақырымға жуық қашықтықта, судың бетінде ұзын сирақтарын бірінен соң бірін тез қимылдатып, саны мыңға жуық ересек қоқиқаздар тобы кербез «билеп» тұрды.
Ересек құстарды жас құстардан қалай ажыратуға болады деген балалардың сұрағына экскурсия жетекшісі қоқиқаздың балапандары ашық сұр түсті болып, есейген сайын қызғылттана түседі деп жауап берді.
– Қаракөлді Үстірт қорығының инспекторлары қорғауға алғанымен, браконьерлер кейде құс атып немесе балық аулап, тұрмыстық қалдықтар тастап кететіні құпия емес. Бұл түсінікті, себебі ұзындығы 10-12 шақырымға, ені 1,5-2 шақырымға созылған су қоймасын нық қорғау үшін инспекторлар көл айналасында тәулік бойы және демалыссыз жүру керек, – деген эко-амбассадор Ә.Қозыбақов Қаракөл көлінің проблемаларын шешу жолдарын ұсынды.
Оның айтуынша, көлге туристердің жиі келуі браконьерлердің сиреуіне себеп болмақ. Сондықтан ол, Қаракөлді экологиялық туризм нысаны ретінде дамыту және оның мекендеушілерін браконьерлерден қорғау үшін, сулы-батпақты ағарту орталығын құрып, экологиялық соқпақтар салып, көру құралдарымен жабдықталған бақылау мұнараларын қондыру керек деп санайды. Сондай-ақ орталық ақылы экскурсиялар ұйымдастыру жолға қойылса уақыты келгенде өзін өзі қаржыландыруға қол жетпек.
Өткен жылы ұсынысты қолдаған Үстірт қорығының, «МАЭК-Қазатомпром» кәсіпорнының басшылығы мен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары әлеуетті демеушілерге Қаракөл көлінде екі бақылау мұнарасының құрылысына қаражат бөлуді ұсынып, экологиялық туризм нысаны ретінде дамыту бойынша ұсыныстар хаттамалық шешімге енгізілгенмен, бүгінге дейін демеуші табылған жоқ.
– Бүгін мен үшін өте керемет күн болды, достарым үшін де солай шығар деп ойлаймын. Қоқиқазды бұрын кітаптан ғана көретін едім, ал бүгін дүрбімен жақыннан көрдім. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, себебі жабайы құстарды күнде көре бермейміз. Ақтау маңында тамаша табиғат бар деп ойламаппын, – дейді 8-сынып оқушысы Аружан Ұзақова.
Табиғат аясында қызықты өткен дәрістен соң балалар «Арқан тартыс» ойынынан өзара сайысқа түсті.
– Табиғатты қорғау – барша тұрғындардың ортақ міндеті. Әсіресе жас ұрпақтың бойына ел мен жерді, қоршаған ортаны қорғау ұғымын терең сіңіру – аға буынның басты парызы. Сондықтан оқушылармен бірге жасалған саяхат өте маңызды шара болды деп есептеймін. Маңғыстау облысы экология департаменті мен Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы эко-амбассадормен, табиғат жанашырларымен бірлесіп алдағы уақытта жаңа жобаларды қолға алмақ, – дейді «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы Батыс Қазақстан аймағы филиалының сараптамалық комиссиясының мүшесі Н.Оқуов.
«Табиғат – ортақ үйіміз» делінеді, демек оны қорғау да ортақ міндет.
Маңғыстау облысы