• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Тарих 11 Наурыз, 2020

Алыс ауданға барғанда...

546 рет
көрсетілді

Қазақ театр өнерінің саңлағы, халқымыздың аяулы қызы, КСРО ха­лық әртісі, республи­ка мемлекеттік сый­лы­ғының лауреа­ты Шол­пан Жандар­бе­ко­ва сахнадағы сан алуан рөл­дерді өте шебер ойна­уымен ха­лық жадында қалған тұл­ғалардың бірі екені даусыз.

Мына сурет әйгілі әртіс­тің 1984 жылдың жазында Жамбыл облысының ең шалғайдағы Мойынқұм ауданына сапары кезінде тү­сірілген. Атап айтқанда, Шу ауданы мен Мойынқұм ауда­нының шекарасында үлкен өнер иесін құшақ жая қарсы алудың бір сәті бейнеленген.

Алдыңғы планда шығарып салушы Шу аупарткомының екінші хатшысы Жәнібек Майханов, оның сол жағында Мойынқұм аупарткомының үшінші хатшысы Жұмабек Орынбаев, оң жағында «Ай­­дар­лы» совхозының директоры Есенаман Ошақ­баев тұр.

– Сол күні кешке, – деп есіне алады бірнеше ша­руа­шылықты басқарған, ұзақ уа­қыт аудандық мәсли­хат­тың хатшысы болған Ескең, Есенаман аға, – Шолпан апамыз бастаған Әуезов театры­ның бір топ әртісі, ішін­­­де Нүкетай Мышбаева, Құдай­­берген Сұлтанбаев жә­не т.б бар, ауыл клубы жа­нын­­­дағы алдын ала арнайы дайындалған алаңда (тар бол­­­ғандықтан клубқа көп адам сыймайтын), тамаша өнер көрсетіп, халыққа ке­­ремет көңіл күй сыйлады. Шолпан Жандарбекова мен Нүкетай Мышбаева біз­дің үйге қонды. Ал Құ­дай­­берген бастаған қал­ған­дары бір бөлімше мең­ге­рушісінің үйінде жатты. Ер­­теңіне сыйлы қонақтарды аудан орталығына жеткізіп сал­дық.

Иә, сол бір кездері атақ­ты әртістер, жазушылар, ақындар қазақтың дарқан да­ласының әр-әр жеріндегі алыс ауыл­дарға дейін шаршамай барып, ел-жұртпен шалқаймай жиі кездесуші еді ғой...

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы