Жақында Үкімет қаулысы бойынша елордадағы бірнеше мектепке ұлт зиялыларының есімі берілді. Соның ішінде «Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер» деп ел еркіндігін жырлаған қазақтың біртуар тұлғаларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының есіміне ие болған №56 мектеп-лицейі де бар. Осындай игілікті істің хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығымен сәйкес келуі мектеп ұжымына үлкен қуаныш, тың серпін сыйлады. Өйткені біздің әрбір қадамымыз, өркенді ісіміз осы ғұлама қос ақынның есімімен байланысты десек, артық емес.
2006 жылы мектептің іргесі қаланғаннан бері жас ұрпақты Абай мен Шәкәрім тағылымында тәрбиелеу, жеке тұлғаның шығармашылық құзыреттілігін дамыту бағытында ашылған «Абай-Шәкәрім» клуб-мұражайы жылдан-жылға толысып келеді. Басты нысанамыз – жас буынды жоғары интеллектуалды, рухани бай, өмірге әлеуметтік жағынан бейімделген тұлға ретінде қалыптастыру және білім мен тәрбие ісінде әуелі ұлттық құндылықтарды шәкірт бойына сіңіру.
Абай мен Шәкәрім шығармаларының, басқа да көрнекті ақын-жазушылар мен ғалымдардың құнды ой-пікірлерімен үндестігі аясындағы кездесулердің ұрпақ үшін маңызы зор. Осы орайда белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылармен жүздесулер жиі өткізіледі. Аталған мақсатта ұйымдастырылған дөңгелек үстелге Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел, көрнекті Алаш қайраткері Қошке Кемеңгеровтің ұрпағы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгер және ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы қатысып, абайтану мен шәкәрімтану, алаштану бағытындағы өскелең ұрпақпен байланыстың маңызына тоқталған болатын. Осы үрдіс әрі қарай жалғасын тауып, Семейдегі Абай қорық-мұражайының бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Қайранбаева, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының орынбасары Қайыржан Күзембаев және тағы басқа зиялылармен жарқын кездесулер өтті.
Білім ордасы бас шаһардағы «Дарын» орталығымен, Оқушылар сарайымен, «Атамекен» этнокешенімен, мұражайлармен, Ұлттық кітапханамен тығыз байланыс орнатқан. «Абай-Шәкәрім» орталығында жыл сайын қалалық «Абай-Шәкәрім» оқулары ұйымдастырылып келеді. Биыл да Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында мектептегі әр сабақ Абайдың қанатты сөздерімен сабақтастырылып өткізілуде. Мектеп ұстаздары мен оқушылары бір-бірінен челлендж қабылдап, ақын өлеңдері мен әндерін насихаттауға үлес қосуда. Абай топырағын басып, ерекше шабытпен оралған шәкірттеріміз ғылыми жобаларын жетілдіріп жатыр. Шәкәрім атындағы пән кабинеті де білім ордасының аталған есімге лайықты екенін байқатады.
Сондықтан «Мен өлсем, ұрпағым, артымда қаларсың, шаттықпен шалқытып, әніме саларсың» деп Шәкәрім жырлағандай, ақын аманатына адалдық танытып келе жатқан №56 мектеп-лицейінің ұйымшыл ұстаздар қауымы мен оқушыларын әлі талай белес күтіп тұр деп ойлаймыз.
Роза ХАЛЕСОВА,
Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі «Абай-Шәкәрім» орталығының жетекшісі