• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Наурыз, 2020

Әліпбидің әлеуеті әсерлі болмақ

187 рет
көрсетілді

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасын дайындау болашаққа бағдар іспетті. Қапысыз қамдануды қажет етеді. Жаңа әліпби тіліміздің бар бояуы мен ажарын, әуезділігі мен нақышын бере алғаны жөн. Көпшілікті алаңдатып отырған да осы мәселе.

Облыстық ішкі саясат бас­қар­масы тіл мамандарының, ғалым­дардың қатысуымен латын әліпбиінің жаңа нұсқасын талқылау мақсатында келелі кеңес өткізді. Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова жуырда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық орталығының ғалымдарымен бірлесіп, латын әліпбиіне байланысты онлайн семинар өткізгенін, онда латын әліпбиінің жетілдірілген нұсқасы талқыланғанын айтып өтті. Құрамына 70-ке жуық тіл ғалы­мы кірген орфо­графиялық жұмыс тобы ақпан айында республика көлемінде ашық талқылауға ұсы­нылған үш нұсқаның ішінен «Ә» нұс­қасын таңдап отыр. Облыстық ішкі саясат басқармасы өткізген жиын­да да облыстық оқу-әдістемелік орта­лы­ғының мамандары, университет оқытушылары әліпбидің осы жобасын қолдайтындықтарын жеткізді.

Осы арада, «Ә» нұсқасының артық­шы­лығы қандай деген мәселеге келсек, ғалым­дардың айтуынша, бұл жобалық нұсқада қазақ тілінде қалып­тасқан әліпби дәстүріне сай әріптер­дің реттілігі мен жүйелілігі қал­пына келті­рілді. Ескерілген ұсыныстар мен пікір­лердің негізінде жаңа қазақ әліпбиін көп­ші­лікке оңай үйретуге, көз және қол дағ­дысын тез қалыптастыруға, сондай-ақ оның емле ережелерін меңгертуге де қо­лай­лы болмақ. Ғалымдар ұсынып отыр­ған әліп­биде 31 әріп бар, оның 4-еуі умлаут, бревис, макрон, седиль диакри­тикалық таңбасы арқылы берілген.

Жобадағы диакритикалық таң­ба­лар латын әліпбиімен жазатын көп­теген тілде қолданылады, мысалы, умлаут неміс, швед, исланд, фин, венгр, түрік, әзербай­жан әліп­билерінде де жіңішке дауысты дыбыс­тың таңбасын білдіреді. Бревис эсперан­тода, молдова жазуында, түрік әліпбиінде дауыс­сыздың таңбасына, седиль француз, түрік, латыш әліп­­билерінде ы­зың дауыс­сыз­­дарға, макрон дауыс­ты­ларға немесе дауыс­­ты қа­тарына өткен дауыс­сыздарға пай­да­­­ла­нылады. Сон­дықтан қазіргі әлем­­де латынды білетін кез келген жазарман, тіліне, ұлтына қарамастан, умлаут­ты әріптің жіңішке дауысты дыбыс екенін, сол сияқты айтып кеткен басқа да диа­кри­­ти­­каның дыбыстық маз­мұнын бірден ажы­ратады. Жиын­да Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық орталығының ғылыми хатшысы Анар Фазылжанованың онлайн режімде жасаған баяндамасы тыңдалып, ғалым өз сөзінде латын әліпбиінің жаңа нұсқасына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Оның айтуынша, жаңа әліпбиде дауысты дыбыстардың жіңішке сыңарын белгілеуші диакритикалық таңба ретінде умлаут алынған, себебі умлауттың таңбасында «жіңіш­келікті білдіру» деген концепті ғана бар. Сонымен бірге умлаутпен жіңішке дауысты дыбыс әріптерін таңбалаған латын әліпбилі тіл­дердің қатары көп: немістер, шведтер, венгрлер, түріктер, әзербай­жандар, түрікмендер және тағы басқалары.

Латын әліпбиінің жаңа нұсқа­сын талқы­лауға арналған жиынға қатысқан Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының дирек­­торы Қаратай Төлекеев, орта­лықтың әдіскері Әсемгүл Қарсақ­баева, Шоқан Уәли­ханов атын­дағы Көкшетау мемлекеттік уни­вер­ситетінің оқыту­шысы Лайс Қапез­ұлы тәрізді тіл мамандары әліпбидің «Ә» нұсқа­сын қолдай­тындықтарын жеткізді.

 

Ақмола облысы