• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2010

ДІНДАРЛАР ДЕМЕУІ

561 рет
көрсетілді

Биылғы шыңылтыр қыстан қысылып шыққан Шығыс Қазақстан, оның ішінде Семей өңірінің шалғай аудандарының тұр­ғындары көктем келе су тасқынына тап болды. Наурыздың ортасында күн ра­йының бірден 17 градусқа дейін жы­лынуы себепті қыстай жауған қалың қар бір сәтте еріп, өзен сулары арнасынан асып, Тар­бағатай ауданының бірнеше ауылы су ас­тын­да қалды. Апатты жағдай Қы­зылкесік, Қа­банбай, Жетіарал, Тәуке, Сұ­лутал сын­ды елді мекендерде қа­лыптасып отыр. Су тасқыны әсіресе, Көкжыра, Жәнтікей ауыл­дарының тұрғындарына ауыр зардап әкелді. Мұндағы үйлер түгелдей дерлік су ас­тында қалып, мал қырылды. Қазіргі қолда бар деректерге сүйенсек, Тарбағатай ауда­нында 7 мыңға жуық адам су тас­қы­нынан зардап шегіп, 35 мың мал басы опат болған екен. Осындай қысылтаяң шақта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тө­ра­ға­сы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дерб­і­сәлі хазірет те шығыстағы ағайындарды на­зардан тыс қалдырмай, рухани және ма­териалдық жағынан демеу көрсетуде. Алдымен дін­ба­сымыз республикалық БАҚ арқылы апаттан зар­дап шеккен халықты са­бырлыққа, шыдамдылыққа шақырып, бұл бір Алланың сынағы екенін, бір қиын­шылықтың бірнеше жақсылығы бар ек­енін айтып жұбатты. Сондай-ақ, Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасының Се­мей өңіріндегі өкіліне шұғыл тапсырма беріп, халыққа барынша көмек көрсету жө­нінде нақты міндет жүктеді. Осы мақсатта Семей қаласындағы орталық мешітте тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары қолға алынды. Жедел ұйымдастырудың арқасында аз уақытта үйсіз-күйсіз қалған қандас­та­ры­мыз­ға алғашқы жәрдем ретінде 6 тонна азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешек да­йын болды. Сонымен қатар, осы Ақсуат өңі­рінің тумалары қазірде Семей қа­ласында тұратын қадірлі ел ағалары бас бо­лып тасқыннан зардап шеккендерге кө­мек көрсетуге арнал­ған штаб құрды. Қал­талы кәсіп­кер­лер­ден бас­тап, қарапайым тұр­ғындарға дейін өз үлестерін қосып, қолұшын беруге тырысты. Біз тасқын болған өңірге барып зардап шеккен тұр­ғын­дар­дың жағдайы жергілікті басшылықтың, бүкіл елдің, Елбасымыздың назарында екенін, олар қамқорлықсыз қалмайтынын, бір Алладан үміт үзбесе, жақ­сылықтың болатынын баяндадық. Мұн­дай жарқын әңгімеден кейін қамкөңіл жан­дардың көңілдері орнына түскендей болды. Ауыр жағдайда қайғыларын бөліскен кең­пейіл жандарға, Елбасымызға, Дін­ба­сы­мызға, жүрегі елім-жерім деп соғатын азаматтарға алғыстарын білдірді. Сөзімді қорытындылай келе, барша мұ­сылман қауымға бұл өтпелі қиындықтар Алла тағаланың бізге жіберген сынағы екенін, оған күпірлік келтірмей, жақ­сы­лықтан үміт үз­бей дұға тілесек, бол­а­ша­ғы­мыз жарқын бо­ла­тынын айтқым келеді. Алла тағала хал­қы­мыз­ға амандық, елімізге бақ-береке нәсіп етсін! Тыныштық қажы ЯХИЯҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей аймағы бойынша өкіл имамы.