• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Наурыз, 2020

Доллар бағамы отандық өнімдер мен сервис құнына әсер етеді

380 рет
көрсетілді

Әлемдік дағдарысқа алаңдаушылығын білдірген алматылық кәсіпкерлер «бизнестің болашағы қандай болады?» деген түйткілді сауалға жауап іздей отырып, өндірісті сақтап қалу шараларын талқылады.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов өңірлік экономикада сырттан әкелінетін тауарлар бағасының шетел валютасына тәуелділігі тұрғысында сөз қозғады. Былтыр Алматы қаласындағы импорттың үлесі 13,5 млрд долларды құраса, көрсеткіш салыстырмалы кезеңнен 4,7 пайызға артық. Мысалы, бір жылда 608 670 мың долларға 1 216 тонна ұялы телефон, 472 413 мың долларға 3,3 млн тонна табиғи газ, 461 782 мың долларға 539 тонна ұшақтар мен ұшу аппараты, 457 029 мың долларға 10 733 тонна дәрі-дәрмек сатып алынған. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты 492 азық-түлік импорты 1 019,6, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдері 567 жеңіл өнеркәсіп өнімдері 345,7 млн долларды құраған.

Ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін құптаған «The Boss Media Group» ЖШС директоры Максим Барышев бүгінде елімізге батыс елдері мен Қытайдан әкелінетін тауарлардың көптігіне назар аударды. Сондықтан бағаның шарықтауына тоқсауыл қоюда шарасыз екенімізді білдіре келе соңғы уақытта көптеген кәсіпкерлер үшін Ресей елінен тауар тасымалының тиімді болғанын айтады. «Мұнай бағасының төмендеуі теңгемен қатар рубль бағамына да кері әсерін тигізіп отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардың өніміне, қызметіне сұранысты азайтады. Тауар бағасы қымбаттап, тұрғындардың табысына да айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан Lean management арқылы компанияның инфрақұрылымын жетіл­діруге бағытталған инвестиция көлемін қысқартып, нарықтағы тауарлардың бағасын да қымбаттатуға тура келеді», деп атап өтті М.Барышев.

Ал «Семирамида» тігін фирмасы» ЖШС директоры Наталья Ахшабаева нарықтағы жиырма жылдан астам мерзімде үш девальвацияны өткергендігіне тоқталды. Мұның салдары өндіріске кері ықпалын тигізіп, компанияның баға саясатына да әсер еткен. Өйткені өндірісте жіптен бастап, түйме, матаға дейінгі барлық шикізат шетелдерден әкелінеді. Ал шикізат құны доллар мен еуроға тәуелді. «Егер доллар бағамы осылай өсе беретін болса, тауарлар бағасын қайта есептеуге тура келеді. Алайда бұл қадамға шикізат сатып алу барысында ғана барамыз. Ал көктем, жазғы үлгілер бұрынғы бағамен сатылатын болады» деп атап өткен Н.Ахшабаеваның айтуынша, валюта бағамына тәуелді болмаудың бірден-бір жолы жеңіл өнеркәсіппен қатар, ауыл шаруашылығындағы ішкі нарықты дамыту қажет. Ондай жағдайда киім де, азық-түлік те қолжетімді болмақ. Әрі мұнайдан түскен қаржыға тәуелділіктен арыламыз. Сондықтан мемлекет ішкі және сыртқы нарықтағы тауар өткізу бағытына басымдық жасауы керек.

Бағаның өсуі еліміздің туризм саласының да тұралауына соқтырады. Қазақстан туристік қауымдастығының жетекшісі Рашида Шайкенова теңге бағамының құлдырауы туризм саласына кері әсерін тигізіп қана қоймай, ішкі және сыртқы туризм мүмкіндіктерін шектейтін болады, деп атап өтті. Доллар бағамының өсуі мен коронавирустан сақтық шаралары қазақстандықтардың шетелдерге шығуына, сондай-ақ сырттан туристердің келуіне де тосқауыл болады. Р.Шайкенованың айтуынша, мұндай жағдайда іскерлік мақсаттағы туризм ғана қалады. Әрине демалысты қалайтындар үшін ел ішіндегі демалыс орындары мен курорттарға сұраныстың артуы мүмкін. Бірақ мұның да өзіндік қиындықтары туындауы мүмкіндігін атап өткен Р.Шайкенова импорттық тауарлар бағамының әрбір отбасы бюджетіне әсері демалыс шығындарын шектеуге соқтыратынын да жоққа шығармады. Сондықтан да әлемдік дағдарыс жағдайында бірқатар туристік компанияларға нарықтан кетуге тура келеді. Ал қалғандары экономикалық жағдайды бақылай отырып, тұтынушылар сұранысына қарай жұмысын жалғастыра береді.

«Izo-Market KM» ЖШС бас директоры Константин Босиков жылу-қаптау материалдарын тасымалдаудағы ірі компания басшысы ретінде доллар бағамының тасымал барысына әсеріне тоқталды. «Шикізатты да, дайын өнімді де шетелден сатып аламыз. Доллар бағамы өскен сайын компанияға да тауар бағасын қымбаттатуға тура келеді. Тәжірибе көрсеткеніндей, баға өзгерген кезде тұтынушылар азайып, сату деңгейі төмендейді. Салдарынан бизнес құлдырайды», деп атап өтті.

Дағдарысты жағдайда сергектік таны­тып, құлдырауға емес, бизнесті дамы­тудың мүмкіндіктерін қарастыру қажет­тігін айтып, бизнес өкілдерін тың идея­ларға шақырған Нариман Әбілшайықов көптеген өнім түрлерін ел ішінде өндіруге дайын болмағанымызбен де, импорттық басымдықтарды отандық өніммен ал­мас­тыруға мүмкіндіктің бар екенін атап өтті.

 

АЛМАТЫ