Қостанайдағы Достық үйінде «Жадыра» халықтық вокалдық ансамблінің концерті өтті. Қазір не көп – ансамбль көп, ән көп. Бірақ «Жадыраның» жөні бөлек. Ансамбльді 1991 жылы әнші-композитор Қайрат Нұрғазин ұйымдастырған еді. Рудныйда алғаш «Әжелер» ансамблі болып құрылған ұжым сол кезде көп айтыла қоймайтын ұлттық бояуы қанық дәстүрлі халық әндері мен қазақ композиторларының туындыларынан ғана тұратын ерекше репертуарымен әнсүйер қауымды өзіне бірден баурап алған.
Кейін «Жадыра» болып өзгерген ұжымға соңғы 15 жылдан бері музыкант әрі сазгер Владимир Лущ жетекшілік етіп келеді. Биыл 29 жылдығын атап өткен тәуелсіздікпен төл құрдас ансамбльдің құрамында ең жасы 55-ті еңсерген, үлкені 85-ке аяқ басқан жиырма шақты әжей өнер көрсетеді. Әншілердің дені зейнет жасында. Өнер ұжымы 2016 жылы халықтық ансамбль атағын алды.
Достық үйіндегі концерттік бағдарлама Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы мен Жеңістің 75 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған. Концертте «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қазағым», «Өз елім» тәрізді көпшілікке белгілі әндер, сондай-ақ «Астана», «Бейбітшілік сақталады», «Жас қала – Рудный», «Байтақ жерім, Қостанай» сияқты Отан, туған жер, жеңіс, бейбітшілік, достық және ел астанасы туралы жергілікті ақын-сазгерлердің шығармалары орындалды.
– Ансамбль құрамындағы әншілердің көбі бұрынғы мұғалім, сатушы, механизатор, тәрбиеші, агроном, мемлекеттік қызметшілер. Бүгінде барлығы бір ұжым болып халықтық әндерді насихаттап жүр. Ұжымда Орынбасар Байтоқова, Мүслима Баймұрзинова сынды екі батыр ана бар. Ая-София Бірманова мен Баян Зиналиевалар – осы ансамбльдің негізін қалаған ардагер әншілер. – Бүгінгі кеште мен де жеке дауыста өнер көрсетпекпін. «Туған жер. Торғайым» мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қарғашын», Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ», одан кейін Ермек Серкебаев орындайтын «Надо мной небо синее» әнін айтамын. Жалпы, ансамбльдің репертуарында 100-ден астам ән бар. Бүгін орыс, укарин, татар, поляк тілдерінде де ән шырқалады, – дейді өнер ұжымының жанашыры Жақсылық Кәкенов.
Ән кешіне жиналған халық Достық үйіндегі аядай ғана залға сыймай қалды. Біраз жұрт қосымша қойылған орындықтарға жайғасса, қалғаны концертті тұрып тамашалады. Халықтық ансамбльдің жанкүйер тыңдаушылары да көп ұлтты зейнет жасындағы егде кісілер. «Жадыраның» әндерін тыңдаған сайын жанымыз жадырай түседі. Бір тыңдаған соң ұмытылып қалатын бүгінгінің бәзбір әндеріндей емес, шынайы сезімнен туған отаншыл рухтағы шығармалар бойымызға қуат құйып, өмірге деген құштарлығымызды арттыра түседі, – дейді қостанайлық еңбек ардагері Ибраһим Ағытай.
ҚОСТАНАЙ