• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Наурыз, 2020

Ірі жарыстарда іркіліс болады

176 рет
көрсетілді

Әлемді шарпыған коронавирус дертінің салдарынан қазіргі таңда әлемдік ірі додалар кейінге шегерілсе, кейбір спорттық жарыстар көрерменсіз өтуде. Оның ішінде Қазақстандағы спорт бәсекелері де бар. Ал кейбір шетелдік спортшыларда коронавирус белгілері табылды.

Күні кеше Нұр-Сұлтанда өт­кен коронавирусқа қатысты баспасөз-мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов: «Ел ішінде жоспарланып қойған бірнеше жарыс бар екені белгілі. Атап айтар болсақ, «Барыс» хоккей клубы қатысып жатқан Гагарин кубогы, футболдан ел чемпионаты және тағы басқа жарыстар. Дегенмен ойындар жоспар бойынша өтеді, бірақ көрерменнің баруына тыйым салынады. Бұл халықаралық тәжірибе. Барлық еуропалық елдерде ірі командалар ойнап жатыр, бірақ көрермендер жоқ. Бізде де осындай шешім қабылданды», деді.

Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы да футбол, футзал, әйелдер футболы, балалар мен жас­өспірімдер, бұқаралық футбол, ардагерлер арасындағы жарыстарды, сонымен қатар білім беру семинарлары мен әртүрлі фо­румдарды өткізуді тоқтату жө­нінде шешім қабылдады.

Қазіргі таңда шетелде жарыс­та жүрген отандастарымыз да елге оралып жатыр. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің тарат­қан ақпараты бойынша, садақ атудан Қазақстан құрамасы Тай­ландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан Азия кубогының фи­налдық кезеңіне қатыспай, елге оралады. Жерлестерімізден Диана Макарчук алтын, Ақбарәлі Қарабаев қола жүлдеге таласуы тиіс еді. Ал командалық ара­лас сында қазақстандықтар финалға жолдама алған болатын. Сонымен қатар Халықаралық теннис федерациясы Қазақстан мен Аргентина арасындағы Федерация кубогының плей-офф ойындарын белгісіз мерзімге шегерді. Аталған жарыс 17-18 сәуірге жоспарланған еді.

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және сақтық шарасын үдету мақсатында дзюдодан шетелде және Қазақстанда өтетін бірқатар жарыс кейінге шегерілді. Ал Халықаралық дзюдо федерациясы Олимпиадалық циклді тағы бір айға созды. IJF күнтізбесіндегі соңғы өзгертулерде Олимпиадалық цикл 30 маусымға дейін созылған. Ал құрлықтық жа­рыстар, жасөспірімдер мен жастар арасындағы турнирлер 30 сәуірге дейін өтпейді. Таэк­вондодан Қазақстан құрамасы Бельгияда өтетін рейтингтік «Belgian Open G-2» турниріне қатыс­пайтын болды. Ал сәуірде Иорданияда жоспарланған таэквондодан Азия аймақтық Олим­пиадаға іріктеу турнирі де кейінге қалуы мүмкін. Фристайл-могулдан Идре Фьелле (Швеция) аймағында жоспарланған әлем кубогының соңғы кезеңі өтпейтін болды. Бұл туралы Халықаралық шаңғы спор­ты (FIS) түрлері федерациясы хабарлады. Бұл Қазақстандағы және қазақстандық спортшылар қатысатын жарыстар. Ал шетел­дегі ішкі жарыстар сәуірге дейін өтпейтін болды.

Атап айтар болсақ, футболдан Еуропадағы ТОП-5 чемпионат матчтары тоқтатылды. Италия чем­пионаты 9 наурыздан 3 сәуірге, Испания чемпионаты 12 наурыз­дан 2 аптаға, сонымен қатар Фран­ция мен Англия біріншілігі де 4 сәуірге дейін тоқтатылды. Ал Бундеслига командалары әзірше бұл апта демалады.

17-18 наурызда өтуі керек бол­ған Чемпиондар лигасындағы «Ман­честер Сити» – «Реал», «Ювен­тус» – «Лион», «Бавария» – «Челси», «Бар­селона» – «Наполи» ойын­дары белгісіз уақытқа ауыстырылды. Еу­ропа лигасындағы «Севилья» – «Ро­ма» және «Интер» – «Хетафе» матч­тары да кейінге шегерілді.

Басқа спорт түрлерінен Ұлттық хоккей лигасы 12 наурызда, 11 нау­рызда Ұлттық баскетбол лига­сының ойындары тоқтатылды. Теннистен ATP жарыстары 12 нау­рыздан бастап 6 аптаға дейін, ITF – 20 сәуірге дейін шегерді. Су полосы бойынша Олимпиадаға ірік­теу турнирі мамырға, сәуірде Мәскеуде өтуі керек болған ауыр ат­летикадан Еуропа чемпионаты шіл­деге қалдырылды.

Биыл жаз айында өтуі керек болған футболдан Еуропа чем­­пионатының тағдыры ертең белгілі болады. Ал Токио Олим­пиа­дасы мен сәуірде өтетін Ха­биб Нурмагомедов пен Тони Фер­гюсон арасындағы UFC 249 жек­пе-жегінің тағдыры уақыт еншісіне қалдырылды.

Ал «Ювентус» қорғаушысы Даниэле Ругани 11 наурыз күні коронавирус инфекциясына шал­дыққан алғашқы футболшы ретінде тіркелді. Сонымен қатар АПЛ клуб­тарының біразынан коронавирус белгілері анықталды. «Лестер» бас бапкері командасындағы үш ойыншыдан коронавирус та­был­ғанын мәлімдеді. «Челси» ша­­буылшысы Каллум Хадсон-Одои мен «Арсенал» клубының бас бапкері Микель Артетада ви­рус анықталған. «Эвертон» және «Борнмут» клубының бір-бір фут­­болшысынан коронавирус та­был­ған. Қазіргі таңда бұл клубтар ка­рантинге жабылған.