• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2020

Сабыр мен сақтық (Алматыда 600-ден астам іс-шара тоқтатылды)

231 рет
көрсетілді

Коронавирустың анықталуына байланысты, соңғы күндері Алматыда бірқатар баспасөз брифингі өтті.

«Қазақстан Республика­сында коронавирустық инфек­ция­сы таралуының алдын алу шараларын күшейту туралы» Үкімет шешіміне сәйкес ел аумағында, оның ішінде Алматы қаласында бұрын жоспарланған іс-шараларды көшіру немесе тоқтату туралы шешім қабылданды. Қалалық мәдениет басқар­масы бірқатар шектеулерді енгізді.

2020 жылдың 13 наурызынан бастап қала аумағында барлық бұқаралық мәдени іс-шаралар, конференция, семинарлар, көрмелерді өт­кізуге уақытша тыйым салын­ды. Халықаралық мәде­ни іс-шараларға бару мақ­сатында 1А, 1Б, 2 және 3 санаттағы елдерге шығуға шектеу енгізілді. Шаһардың барлық тиісті ұйымы мен мәдениет мекемелеріне өз ұйымдарының аумағында қажетті құралдармен: санитайзерлер, антисептиктер және коронавирустық инфек­ция­ның алдын алу жөнінд­егі жады­намалармен қамтамасыз етуде санитарлық-профилак­ти­калық іс-шара­ларды кү­шейту жөнінде ұсыныстар білдірді.

Қалада 2020 жылдың бірін­ші жартыжылдығына 40-тан астам іс-шара жоспар­ланған. Оның ішінде, бүгінгі таңда 14-і тоқтатылса, қалған 26 шара ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырылды. Мәдени-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жос­парына сәйкес мониторинг­тің қорытындысы бойынша нау­рыз-сәуір айларында мәде­ни ойын-сауық ұйымдары бо­йын­ша 211, ал театрларда 383 іс-шараға шектеу қойылды. Қала бойынша барлығы 608 іс-шара тоқтатылды.

Сондай-ақ бүгінде қала­да барлық кинотеатрлар, хайуанаттар бағы, мұражай­лар, кітапханалар жұмысын тоқтатты.

 Білім беру мекемелерінің жұмыс істеу форматы түсін­дірілді

Эпидемиологиялық жағ­дай тұрақтанғанға дейін қосым­ша білім беру нысандарын­да (оқушылар үйі, музыка­лық мектептер) білім беру процесін жүргізуге тыйым салын­ды. Сонымен қатар балалардың орны сақталады, ата-аналардан оқу ақысы алынбайды. Жалпы, Алматыда 266 мектеп, 80 колледж бар. 16 наурыз­дан бастап мектептерде демалыс жарияланды. Оқу­шы­ларға демалыс кезінде экскур­сия­ға баруға тыйым салынды. Кол­ледж студенттері 16 наурыздан бастап қашықтан білім алуға көшеді.

Спорттық ұйымдар оқыту-жаттығу процестерін тоқтатты

Алматыда барлығы 14 ком­­­му­налдық спорт нысаны бар. Оның ішінде 9-ы балалар мен жасөспірімдерге ар­нал­­ған спорт мектебі. Спорт­пен шұғыл­данатындар 12 мыңнан астам адам­ды құрайды. 13 наурыздан бастап барлық мемлекеттік спорт мектептерінде оқу-жат­тығу процесі тоқтатылды.

Жергілікті және республи­калық бюджет қаражатынан қаржылан­дырылатын спорт кәсіпоры­ндарындағы оқу-жаттығулары, физикалық-сауықтыру қызметтерін ұсыну және спорт саласындағы әлеуметтік жобаларды іске асыруға да шектеу қойылды.

Жеке спорт ұйымдарына спорт саласында көрсетілетін қызметтерді уақытша тоқтату жөнінде ұсынымдар берілді. Атап өтетін жайт, бірқатар ұйым­дар, соның ішінде, қала тұр­ғындары да бұл ұсыныстарға түсі­ністік білдірді.

Сонымен қатар барлық спорт түрлері бойынша қала­лық құрама командалары­ның мүшелері Қазақстан Республи­касынан тыс жерлерге шығуына шектеу қойылды. Сондай-ақ мегаполис аумағында халық­аралық спорттық шаралар да тоқтатылды.

Алматыдағы 4 науқастың біреуі орташа ауыр жағдайда

Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты.

«Науқастардың барлығы Қазақ­стан азаматтары. Бірін­ші науқас 10 наурыз күні Қазақстанға келіп, үй каран­тинінде болған. Коронавирус анықталған тағы бір азамат 13 наурызға қараған түні Берлин-Алматы бағытында чартерлік рейспен келген. Борттағы бар­лық жолаушылар мен экипаж мүшелері бірден карантинге жатқызылып, тиісті меди­циналық зерттеулер жасалды. Ал вирус жұқтырды деген үшінші азамат чартерлік рейспен келген науқастың жұбайы. Бүгін анықталған төртінші науқас Мәскеу-Алматы рейсімен 10 наурыз күні ұшып келген. Байланыста болған барлық адамдар қазір анықталып жатыр» деді Тілеухан Әбілдаев.

«3 науқастың жағдайы қана­ғат­­танарлық. Біреуі орташа ауыр жағдайда. Вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия ере­жеге сәйкес уақытында бас­талды» деді Тілеухан Әбілдаев.

 

АЛМАТЫ