Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте білім беру ұйымдарын 2013-2014 жаңа оқу жылына дайындау мәселесі талқыланды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте білім беру ұйымдарын 2013-2014 жаңа оқу жылына дайындау мәселесі талқыланды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов хабарлағандай, алдағы оқу жылында республика мектептерінде 2,5 миллионнан астам бала оқитын болады, қыркүйектің басында мектептерде шамамен 294064 педагог, оның ішінде 9645 жас мұғалім өз жұмыстарына кіріседі. Қазіргі уақытта педагог кадрларға деген барлық қажеттілік 1934 пән мұғалімін, атап айтқанда, математика, химия, физика, ағылшын тілі мұғалімдерін құрайды.
Б.Жұмағұлов «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 15184 балаға 59 миллион теңгеден астам сомада көмек көрсетілгенін хабарлады. Жалпыға ортақ білім қорының қаржысын 3 пайызға дейін ұлғайту мақсатында 8,5 млрд. теңге бюджет қаржысы қарастырылған.
Министрдің айтуынша, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде 2013 жылдың аяғына дейін іске қосу жоспарланған 159 мектептің 77-сі оқушыларға өз есіктерін ашады. Мектептердің 32 пайызына қарастырылған күрделі жөндеуге қажеттілігіне қарай (439 мектеп) 19,3 млрд.теңге, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бойынша 14,2 млрд.теңге бөлінеді.
Сондай-ақ, министр 6183 мектептің 80 пайыз балаларына ыстық ас берілетінін хабарлады, 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Оқушылардың 30 пайызы тегін тамақпен қамтылған, олар негізінен аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан балалар.
Сондай-ақ, кеңесте Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекованың, Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың, Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетовтің, Алматы облысының әкімі А.Мұсахановтың, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Қаныбековтің баяндамалары тыңдалды.
Кеңесті қорытындылай отырып, Үкімет басшысы Денсаулық сақтау және Төтенше жағдайлар министрлерінің назарын тиісті медициналық қызметпен, ыстық аспен қамтамасыз етуге, санитарлық талаптардың, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына қатаң бақылау орнату қажеттігіне аударды.
Білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығының маңыздылығын атап өте отырып, С.Ахметов көптеген аудан орталықтарында, ауылдар мен селоларда мектептердің білім беру, мәдениет орталықтары болып табылатынын, сондықтан бұл мәселелердің биліктің жергілікті де, сол сияқты, орталық органдарының да басым міндеттері қатарында болуы тиістігін атап көрсетті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында С.Ахметов апатты мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептерді жою міндетін алға қойды. Үш жылдық мерзімге бюджет қалыптастыру кезінде әкімдер білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелерді өткір қоюы тиіс деді, осы орайда С.Ахметов. Сондай-ақ, Үкімет басшысы өңірлер әкімдеріне, Білім және ғылым министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 29 тамызға дейін оқу жылына дайындықты аяқтауды тапсырды. Өңірлік даму министрлігіне салынып жатқан мектептердің уақтылы пайдалануға берілуіне, өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалардың сақталуына бақылау жасау жүктелді.