Елорданың «Барыс» хоккей клубы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетінен сақтану мақсатында ел аумағында төтенше жағдай жариялауына байланысты Гагарин кубогына қатысудан бас тартты. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.
Жерлестеріміз бүгін Гагарин кубогының жартылай финалындағы алғашқы ойынын Новосібірдің «Сібір» командасына қарсы «Барыс Арена» мұзайдынында өткізуі керек болатын. Ойынға бір күн қалғанда елорда клубының басшылығы осындай шешім қабылдады. «Барыс» Гагарин кубогы жарысынан бас тартқан алғашқы команда емес. Бұған дейін Финляндияның «Йокерит» клубы да коронавирусқа байланысты турнирді жалғастырудан бас тартқан еді.