• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 17 Наурыз, 2020

Ата-аналар балаларын жекеменшік дамыту орталықтарына да апармауы тиіс

194 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейту туралы фейсбук әлеуметтік желісінде жазбасын жариялады. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейтуді міндеттеді. Президент тапсырмасын орындау аясында тиісті жұмыс атқарылуда, делінген.

Білім беру ұйымдарына, министрлікке қарасты мекемелердің жұмысына, педагогтер мен оқушылардың өзара іс-қимылына, оқу процесін ұйымдастыруға қатысты тапсырмалар көрсетілген Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы жіберілді.

Тағы бір мәрте назар аударуларыңызды сұраймыз.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істеуде. Балабақшаға балаларды апару немесе апармау мәселесі ата-аналарының қалауына байланысты. Келмегені үшін балабақшадан шығарылмайды. Яғни, балаңызды балабақшаға апармасаңыз, орны сақталады. Сондықтан, ата-аналарға мүмкіндігінше бүлдіршіндерді үйде қалдыруға кеңес береміз. 16 наурыздан бастап мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының қызметі тоқтатылды. Оған оқушылар мен жасөспірімдер сарайы, музыка, көркемсурет, өнер мектептері және т.б. жатады. ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қазіргі жағдайды ескере отырып, ата-аналарға балаларын жекеменшік дамыту орталықтарына да апармауға кеңес береді. 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін балалар көктемгі демалыста болады. Осы уақыт аралығында мектеп мұғалімдері қашықтықтан жұмыс істейді. Әріптестерімізге әдістемелік және сабаққа дайындық жұмыстарын үйде отырып орындауға болады. Ал мектеп директорлары педагогтердің қашықтықтан жұмыс істеуі және каникул кезінде атқарылатын жұмыс көлеміне сай айлықты толық төлеу туралы актілерді қабылдайды.

Каникул аяқталған соң, қажет болған жағдайда, оқушыларды қашықтықтан оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғыда арнайы топ ақпараттық жүйені контентпен қамтамасыз ету, педагогтерді үйрету, сервистерді тестілеу және т.б. бағыттар бойынша жұмыс атқаруда. Ұйымдастыру жұмыстарын 5 сәуірге дейін аяқтауымыз қажет. Білім беру ұйымдарында бірнеше электронды платформа бар, қарқынды жұмыс жүргізілуде.

16 наурыздан бастап колледждер мен ЖОО студенттері қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде білім алуға көшуде. Оқыту процесі бекітілген оқу жүктемесіне, жоспарына, бағдарламасы мен кестеге сай жүргізіледі. Оқу процесін ұйымдастыру үшін педагогтер мен студенттерге электрондық платформаларға кіруге жағдай жасалады. Оқыту құралы ретінде видео-сабақтар, дербес онлайн-жұмыс, онлайн-курстар пайдаланылады. Бізде «Bilimland», «Google Classroom», «MOODLE», «Univer», «Platonus», «Canvas», «Daryn.online» сынды жақсы жүйелер бар. Сондай-ақ, "Coursera” өз курстарын тегін ұсынды және «ZOOM» оқыту барысында сервисті тегін пайдалануға жағдай жасады.

Жоғары оқу орындары үшін қашықтықтан оқыту жүйесі жаңашылдық емес екендігін еске саламыз. ҚР БҒМ бұйрыққа қол қойған сәттен бастап, арнайы технологияларды пайдаланып жүрген кейбір ЖОО онлайн-форматта оқытуды бастап кетті.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқыту шамалы күрделі жақтары бар.

Дегенмен, колледждердің басым бөлігі тиісті жүйе бойынша жұмыс істеп көрген. Қалғандары қатарға қосылуда. Қазіргі уақытта арнайы жүйелерге контент жүктеу, ОӘК енгізу, СБР бойынша үлкен жұмыс атқарылуда.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының педагогтері де қашытықтан жұмыс істеуіне жағдай жасалауы керек. ЖОО мен колледж басшыларына осыған қатысты тиісті тапсырмалар бердім.

Жатақханаларға қатысты сауалдар жеткілікті. Билет немесе қаржы тапшылығы сында әртүрлі жағдайларға байланысты қаладан кете алмайтын студенттер жатақханаларда тұра береді. Бірақ олар тек өз бөлмелерінде болулары тиіс. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары онлайн-форматта өткізіледі. Кейбір курстардың өткізу мерзімі ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырылды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы мен ауыл мектептеріне арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының IV кезеңін және басқа да конкурстарды өткізу мерзімдері кейінге шегерілді. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің халықаралық спорттық, мәдени, туристік іс-шараларға қатысуына тыйым салынды. Сондай-ақ, бұқаралық іс- шаралар өткізуге болмайды. Білім беру ұйымдарына білім берудің барлық деңгейлері бойынша оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі ҚР БҒМ-нің әдістемелік ұсыныстары берілді. Қажет болған жағдайда олар жаңартылып отырады.

Пандемия кезеңінде кем дегенде 15 мемлекет мектептерді уақытша жабу туралы шешім қабылдаған. Тағы 14 елдің белгілі бір өңірлерінде орта білім беру ұйымдарының жұмысы тоқтатылды. Осылайша, мектептерді уақытша жабу мәселесі Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және АҚШ сияқты мемлекеттерді айналып өтпеді.

Осыған байланысты балалар мен студенттерге білім беру және оқу процесінің үздіксіз жалғасуын қадағалау басты назарға алынып отыр.

Бұл педагогтер, біздің елдегі білім беру жүйесі үшін ата-аналар мен білім алушылардың белсенді атсалысуы арқылы орындалатын үлкен сын әрі маңызды міндет.

 

АЛМАТЫ