• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Наурыз, 2020

Пандемия тұралатқан туризм саласы еңсесін қалай тіктейді?

1013 рет
көрсетілді

Жаһандық экономиканың «тағдыры» коронавирустың таралуына немесе тежелуіне айтарлықтай тәуелді болып тұр. Әлемдегі аса ірі держава Қытайдың қысылтаяңға тап болғаны, дамушы, тіпті дамыған елдерді тығырыққа тіреп, аса маңызды табыс көзіне айналған туризм саласына соққы болып тиді. Дүниежүзілік сауда ұйымы келтірген мәлімет бойынша 2018 жылы қытайлық туристер әлем елдеріне 150 миллион-ға жуық саяхат жасаған. Соңғы мәліметке сүйенсек, халықаралық туризмдегі шығындардың жалпы сомасы 1,7 трлн доллар. Саяхаттау үшін қалтасындағы қаражатын аямайтын қытайлықтардың үлесіне әлемдік шығынның 16%-ы тиесілі екен. Биылдан бастап туризм саласындағы ахуал күрт өзгерді. Эпидемия салдарынан қытайлықтар шығатын сапарлар саны 25 млн-ға азаюы мүмкін деген болжам бар. Салдарынан әлемдік туризм 73 млрд доллардан қағылғалы тұр.

 

Кеселдің кесірі кімге көп тиді?

Аустралиядағы Kwinslende Koala Blue Tours тур агенттігінің директоры Билл Эгертон індет салдарынан ақпан айын­дағы барлық турлар мен брондар тоқта­тыл­ғанын, бизнесінің 10-20%-ын қытай нарығы құрайтынын айтып қынжылуда.

– Менің ойымша, Федералдық үкімет табыстың жоғалуын, бұл жағдайдың бизнеске кері әсерін түсінбейді. Саябақтар, қонақүйлер, авиакомпаниялар зардап шегуде. Қытай − шетелдік туризмге тікелей ықпал етіп отырған ел, − дейді Билл Эгертон. Аустралияда зардап шеккен жалғыз тур­оператор емес. Көп жағдайда қарасы қа­лың қытайдың жеке-дара емес, топтасып саяхаттайтынын ескерсек, олар бағыт алған кез келген туристік мемлекет айтарлықтай пайдаға кенелетіні түсінікті. Қытайлық турис­терді қабылдауға машықтанған елдер­дің қатарында Таиланд, Вьетнам, Оңтүстік Корея және Жапония сынды мемлекеттер бар. Эпидемиядан келген залалдың ауыр салмағы да осы елдерге көбірек түсіп отыр. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдер әдетте Қытай жаңа жылы қарсаңында саяхат­шылардың 75%-ын қабылдайды. Биыл эпидемия ушықпай тұрып тапсырыс кө­лемі 1,3%-ға төмендеді. Артынша індет өр­шіп, халықаралық деңгейде тыйым салынған бір аптадан кейін табыс 15,1%-ға дейін кеміген.

– Азия-Тынық мұхиты аймағы Қытай саяхатшылары үшін ең үлкен бағыт болған­дықтан, айтарлықтай шығынға ұшырап отыр, − деді ForwardKeys зерттеулер жө­ніндегі вице-президенті Оливье Понти.

Әсіресе Таиланд біраз шы­ғынға батайын деп тұр. Тай ту­рагенттері қауымдастығының пре­зиденті Пракобгосол Вичит­тің айтуынша, ақпан мен наурыз айларына жоспарланған 1,2-1,3 миллион қытайлық саяхат­шы­ның сапары эпидемия салдарынан тоқтатылған. Туристер ағы­ны күрт азайғаннан кейін Бангкок, Пхукет, Чиангмай және Паттайя сияқты негізгі туристік бағыттардағы көптеген туристік ком­паниялар шығынға белшеден батты. Тіпті біразы жабылуға мәж­бүр болды.

Паттайядағы круизде кешкі ас дайындаумен айналысатын All Star Cruise Pattaya және Oriental Sky компаниялары 1 ақпаннан бастап қызметтерін уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Жыл сайын All Star Cruise компаниясы күніне 300-ге жуық қытайлық туристке тамақ дайындаса, Oriental Sky 5-6 мың қонақты тамақ­тан­дыруға машықтанған. Енді бұл компанияларға жағдайдың тұрақтанғанын күтуден басқа амал қалмай отыр.

Әлемді шарпыған індет салдарынан осы уақытқа дейін Таи­ланд шамамен 3 млрд доллардан қағылды. Бұл елдегі туризм басқармасының губернаторы Юттасак Супасорнның айтуынша, ақпан мен сәуір аралығында Қытайдан Таиландқа брондалған рейстердің 80%-ы тоқтатылыпты.

– Шамамен 3 млрд доллар (93,6 млрд бат) шығынға ұшы­радық. Туристік саладағы жағ­дайды қалпына келтіру үшін үш-төрт айға жуық уақыт қажет болады, – деді туризм басқармасының губернаторы.

Қытайлық туристер Таи­ландқа ғана емес, Жопонияға да тайлы-тұяғымен жиі барады. Токиодағы Kamome тур агент­тігі таратқан ақпарат бойын­ша, бұл елдегі туризмнің 27 пайы­зын Қытай туристері құрай­ды екен. Коронавирустың ек­піні үдемей тұрған жыл басын­да 20 мыңнан астам қытай ту­рисі саяхаттарын кейінге қал­дырыпты. Осыдан кейін бұл елге де ін­дет­тің салқыны тиіп жатқанын аңғара беріңіз. Екі жыл бұрын Жапонияға 9,6 млн-ға жуық қы­тай турисі келген екен. Әр­бір үшінші саяхатшы да қы­тай­лық екені анықталып отыр. Былтырдың өзінде қытайлық ту­ристер 15,6 млрд доллар (1,7 трлн иен) көлеміндегі қаражатты Жапонияның қазынасына қал­дырып, жалпы туризмнен тү­сетін табыстың 36,8%-ын құ­раған.

Биыл туризм саласы тұралап қалған Макаоның да тамтығы қалмайын деп тұр. Макао туризм жөніндегі мемлекеттік бас­қармасы 2019 жылмен салыс­тырғанда биылғы жаңа жыл­дың алғашқы төрт күнінде құр­лықтағы туристер саны 75,1%-ға қысқарғанын айтып дабыл қақ­ты. Шығыс күнтізбесіндегі жа­ңа жыл қарсаңында Қытаймен шекараны жауып, негізгі табыс көзінен қағылып отырғаны тағы бар. Десе де құрлықтағы казиноларды жабуға әлі асықпайтынын мәлімдеп отыр.

Халқы шамамен 51 мың адамды құрайтын Солтүстік Мариан аралдары әдетте Қытайдан күніне 700 турист қабылдайтын. Бұл құрлықта келушілерге уақытша тоқтау салынды. Бұл ретте Маль­див, Микронезия және Сол­түстік Мариан аралдарына да туристік тоқырау басталғалы тұр.

Жер шарының туристері жиі жиналатын Еуропа, Америка және Ұлыбритания сынды тар­тымды елдерге қытайлық келу­шілер санының кемігені мұн­дағы елдердің туризм саласына айтарлықтай ықпал етпесе де, белгілі бір деңгейде сал­қыны се­зілуі мүмкін. Бұған дейін RFI Француз қоғамдық радио­стан­сасында тараған хабарда Фран­циядағы Қытай турагенттер қауымдастығы (ACAV) жыл сайын келетін 2 млн-ға жуық қытай турисінің ағыны азаятынын айтқан еді. Оған негіз де жоқ емес. ACAV дерегіне сәйкес осы жылдың бірінші тоқсанында тур жолдамалар саны 33%-ға төмендеген.

Әуе компанияларының шығыны шаш етектен

Таяуда Ұлыбританиядағы Flybe әуе компаниясы коро­на­вирустың салдарынан өздерін банкрот деп жариялады. Бұл ком­­панияда 2 мыңнан астам адам жұмыс істеген. Connect Airways консорциумы былтыр Flybe әуе компаниясына 135 млн еуро көлемінде инвестиция салды. Соған қарамастан ке­лу­шілер санының кемуі әуе ке­ме­сінің шығысын ақтай алма­ған. Flybe бұған дейін Еуро­паның 85 қаласына ұшып, Ұлы­британияның ішкі рейсте­рінің 38%-ын орындаған болатын. Жыл сайын 8 млн-ға жуық жолаушы тасымалдап келген Flybe енді барлық бағыттарын тоқтатуға мәжбүр.

Flybe індеттен іркіліп қалған жалғыз авиакомпания емес. Air France-KLM (AFLYY ) әуе кемесі де ақпан мен сәуір аралығында жолаушылар санының күрт ке­мігеніне байланысты табыс кө­лемі 216 млн долларға азаюы ықтимал екенін хабарлаған болатын. Жалпы айтқанда әуе ке­мелерінің әлемдік индустрия­сы орасан шығынға ұрынып отыр. Соңғы 10 жылда болмаған тра­фиктің төмен деңгейі соның дәлелі.

Туристерді орналастыратын қонақүйлердің жағдайы да мәз емес. Marriott қонақүйінің басшылығы таратқан ақпаратта Азия-Тынық мұхиты аймағында келушілер азайғаны айтылды. Сонымен қатар Оңтүстік Ко­рея мен Италиядағы Marriott қо­на­қ­үйлеріне тоқтаушылардың қа­тары да айтарлықтай кемігені туралы мәлімет бар.

Өткен айда Hilton қонақүйінің басшылығы Азия мен АҚШ-қа баратын қытайлық саяхатшылардан броньдары төмендегенін айтқан еді. Туризм саласындағы тәжірибесі мол, капитал қоры қалыптасқан ірі компаниялардың өзі абдырап қалған кезде ор­та иә болмаса шағын бизнес өкіл­деріне тықыр таянатыны тү­­сінікті. Мұндай жағдайда бәсе­­ке­лестіктің сілемі сезілмек тү­гілі, жай ғана жабылып қалмай кү­нелтудің қамы басымырақ болады.

 Қазақстандық компаниялардың халі қалай?

Туризм саласындағы соққы біздегі туристік фирмаларға да айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Мәселен, «Саят» турагенттігің туризм бөлімінің басшысы Ай­жан Жолдыбаеваның айтуынша, ресми түрде Хайнанға баратын барлық турлар тоқтатылды.

– Наурыз айында Париж қа­ла­сына 35 бала баруы керек еді. Эпидемия салдарынан оны да шегеруімізге тура кел­ді. Әдетте жыл сайын көктем­нің алғашқы айында шетелде де­­малушылар саны артатын. Биыл жағдайдың күрт өзге­руіне байланысты барлығы тоқ­тап тұр. Былтырғымен салыс­тырғанда тапсырыс көлемі 70-80 пайызға кеміді. Бұған қоса, халықтың қаржылық жағдайы төмендегендіктен бе, тұрақты түрде «5» жұлдызды қонақүйге тапсырыс беретіндердің өзі ор­таша деңгейдегі отельдерді таң­даумен шектелгенін көріп отырмыз, – дейді А.Жолдыбаева.

Оның айтуынша, қазір Қа­зақ­станнан Хайнанға және Таи­ландқа баратын чартерлік рейс­тер толық тоқтады. Бұған дейін Қытайға брондалған, иә бол­маса сатып алынған тур­лар­дың қаражаты толығымен иелеріне қайтарылды. Елімізде індет салдарынан шетелге шығу­ды кейінге қалдырып, өз ерік­терімен тапсырыстарын қай­тарып жатқандар көп.

Әлемдегі экономистер мен сақа сарапшылар коронави­рус­тың қаупі сейілмесе, алдағы уа­қытта туризм саласына келе­тін шығын еселене түсетінін ха­­бар­лауда. Қытай тарапының бұл індеттен құтылу жоспары, ұстанатын саясаты қандай болмақ? Бұл турасында география ғылымдарының докторы, профессор Секен Адайдан сұраған едік. Оның айтуынша, Қытайдың әлеуметтік төтенше жағдайларда қарсы тұру қуаты мықты. Бұған дейін жинаған тәжірбиесі мол.

– Қытайда 2003 жылы SARS вирусы тараған болатын. Бұл вирустың салдарынан елдің туризм саласы айтарлықтай зардап шеккен еді. Сол жылы мамырдан қазан айына дейін туризм саласы шығынға белшесінен батты. Кейін Қытай нарықты екшеп алуға көшті. Қазіргі жағдайда да Қытайдың мемлекеттік туризм мекемесі тиісті салалармен үйлесімді жұмыс істей отырып, қажетті шараларды қабылдауға кірісіп кетті. Бұл елде қазір сырт­қы туризм тоқтап тұр. Ендігі мәселе ішкі нарыққа көңіл бөлу. Мы­салы, ішкі туризммен айналысатын кәсіпкерліктің салығын кешіру, мемлекеттік субсидия­лар беру, туризм саласында жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қамсыздандыру сынды ынталандыру шараларын қолдануда, − дейді С.Адай. Оның айтуынша, Қытайда мереке күндері яғни «алтын апталықта» мемлекеттік бюджет жеке қарастырылады. Мысалы, шаған мерекесі кезінде үйінен жырақта жұмыс істеп немесе басқа да жағдайлармен жүрген қытайлықтар отбасымен қауышады. Бұл кезде Қытайдың логистика саласына жауапты органдары мерекеге орай арнайы жоспар әзірлейді.

– Өткен жылы шаған мере­кесінде Қытайдың әр өңірінен 5 млн адам қатынаған. Ең қы­зығы, қай бағытқа барса да, жо­лаушылардың ешқайсысы билетсіз қалмайды. Қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етіледі. Мемлекет бюджетіне түсетін табыс та артады. Демалыс кезін­де халықты үйде жатпай, сая­хаттауға, көбірек қыдыруға мемлекет ынталандырады. Ірі сауда орталықтары мен базарлардың жұмысы қыза түседі. Қытай үкіметі коронавирустың беті қайт­қаннан кейін ішкі туризмді дамытуға білек сыбана кіріспек. Бұған толық мүмкіндігі бар, – деді С.Адай.

Әлем елдеріндегі туристік дағдарыстың салқыны Қазақ­станды да шарпығанын жоғарыда айтып өттік. Бізге қытайлық саяхатшылар ағылып келіп жатпаса да, Ресейден келетін туристердің легі бәсеңдеуі ықтимал. Себебі экономикалық жағдай көрші елдің қаржы саласын қос өк­педен қысып отыр. Оның үсті­не елдегі туризм саласы айтар­лық­тай дами қойған жоқ, мол қаржылық табыс әкеліп жатыр деп айта алмаймыз. Онсыз да енді жетіліп келе жатқан секторды бұл жағдай тығырыққа тіреуі әбден мүмкін.

С.Адайдың айтуынша, ел Үкіметі алдағы уақытта ішкі ту­ризмді дамытуға басымдық бе­руі керек. Жасыратыны жоқ, жыл сайын миллиардтаған қа­ражат шетелдік туризмді дамы­туға жұмсалып жатыр.

– Біздегі турфирмалардың бар­лығы тек шетелге турист шы­ғарумен айналысады. Ал шекара асып жатқан қаражатты ішкі туризмді дамытуға бағыттасақ, бұл саланың тамырына қан ж­үгірер еді, − деді география ғы­­лым­дарынын докторы.

P.S.: Туризмді дамыту ар­қылы өңірлік экономиканы же­тілдіруге зор мүмкіндік бар. Бұл үшін санда бар да санатта жоқ талай бағдарлама әзір­ленді, қаншама қаражат бөлінді. Тиісті ин­фра­құрылым да­мымағаннан кейін туризм саласында сең қозғалған жоқ. Нәтиже көзге көрінетіндей емес. Ендігі үміт өз нары­ғы­мызды өзімізге икемдеуге то­лайым бет бұру. Сыртқа кеткен ақшаны ішкі туризмге жұмылдыру экономикалық тұрғыдан аса тиімді. Бірақ қызмет көрсету сапасы шетел­дердегідей деңгейге жете алар ма екен?! Біздегі қарапайым қоқыс жәшігі мен әжетханасы жоқ туристік бағыттар шетелде демалып әдеттеніп қал­­ғандардың көңілінен шық­пай­тынын ескерсек, ішкі ту­ризм­нің бәсекелестікте бәсі төмен екенін амалсыз мойын­дауға тура келеді.