Биыл 16-21 қыркүйек аралығында тоғызыншы рет өтетін IX халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қазылар алқасының құрамымен өзгешеленбек.
Биыл 16-21 қыркүйек аралығында тоғызыншы рет өтетін IX халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қазылар алқасының құрамымен өзгешеленбек.
Алматыға әлемге танымал кинематографистердің бірқатары келеді. Ал, қазылар алқасына жаңазеландиялық жазушы және Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағы» жүлдесін жеңіп алған («Пианино») тұңғыш әйел кинорежиссер, сондай-ақ, «Оскар» сыйлығы, Венеция кинофестивалінің «Күміс арыстан» жүлдесінің иегері Джейн Кэмпион төрайымдық етпек. Сонымен қатар, қазылар құрамында Канн кинофестивалі сыйлығының иегері («Алтын пальма бұтағы» «Убой» фильмі үшін), белгілі азиялық кинорежиссер, оператор және продюсер Брильянте Мендос, арт-хаус жанры бойынша әлемдегі беделді продюсерлердің бірі, испандық продюсер, режиссер, актер және сценарист Луис Минарро, белгілі америкалық сценарист Дэвид Фрацони төрелік етеді. Дэвид Фрацонидің сценарийі бойынша түсірілген «Гладиатор» фильмі «Оскар» сыйлығын бес номинация бойынша жеңіп алған. Халықаралық қазылар алқасының құрамында өзіміздің Эмир Байғазин де бар. Биыл ақпан айында «Берлинале-2013» халықаралық кинофестивалінің «Күміс аю» жүлдесін жеңіп алған 29 жастағы жерлесіміз қазылар алқасының ең жас мүшесі.
Осы арада биылғы «Еуразия» кинофестиваліне жоғарыда аталған атақты киножұлдыздардың келуіне Берлин фестиваліндегі табысымыз оң ықпал еткені байқалады.
Аталмыш фестивальдің жай-жапсарына қатысты алдын ала өткізілген баспасөз мәслихатында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев «Еуразия» кинофестивалі бүгінде әлем кинематографистерінің кәсіби алаңына айналып келе жатқандығын атады.
– Кез келген кинофестиваль сол елдің кинематография деңгейінің көрсеткіші. Мемлекет басшысының мәдениет саласында жүргізген кешенді саясаты отандық кинематографияны соңғы жылдары үлкен табыстарға жеткізе алды. Бұл – еліміздегі кино өндірісінің даму үрдісінің, ұлттық кинематографтың өскелең беделінің белгісі, – деді Е.Аманшаев.
Сонымен, биылғы «Еуразия» кинофестиваліне қатысуға әлемнің түкпір-түкпірінен 170-тен астам кинотуынды келіп түскен. Оның ішінен 12 фильм ғана іріктеліп алынды. Олардың қатарында: «Сүйіктім» (Италия, 2013), «Анри» (Франция, 2012) «Менің әпке-сіңлілерім» (Германия, 2013), «Ваджда» (Сауд Арабиясы, Германия, 2012), «Мазаланба, Сара» (Иран, 2013), «Ило Ило» (Сингапур, 2013), «Цикл» (Түркия, 2012), «Қымсыну» (Ресей, 2013), «Гүлдену» (Грузия, 2013), «Құштарлық» (Қырғызстан, 2013), «Зарандуд» (Тәжікстан, 2013) және қазақстандық фильм – «Бауыр» (реж. С.Апрымов, 2013 – фильм Венеция кинофестивалінің бағдарламасына іріктеліп алынды).
Фестиваль аясында дәстүрлі конкурстан тыс «Ортаазиялық панорама», «Шығыс-Батыс» (батыс кинорежиссері – Джейн Кэмпион және шығыс кинорежиссері – Брильянте Мендосаның ретроспективалары енгізілген) бағдарламалар ұсынылады. Сондай-ақ, World Cinema Fund, Ресей киносының күндері және «Қарқынды дамушы қазақ киносы» бағдарламалары бар. Көрермендер халықаралық кинофестивальдердің жүлделеріне ие болған қазақстандық фильмдерді және режиссер Дәрежан Өмірбаевтың ретроспективалық фильмдерін тамашалай алады.
«Еуразия» кинофестивалінің негізгі мақсаттарының бірі Еуропа және Азия елдерінің продюсерлері арасындағы байланысты нығайту болып табылады. Биылғы жылы кинофестивальде киноқоры бойынша дөңгелек үстел өткізілмек. Ұйымдастырушысы – Берлин кинофестивалі жанындағы World Cinema Fund директоры Винченцо Буньо. Аталмыш киноқор фестивальдерде жүлделі орындарды иеленген жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Дөңгелек үстелге халықаралық жетекші киноқорлары мен Орталық Азия және Қазақстан аумағында ынтымақтастық тәжірибесі бар продюсерлер қатысады.
«Еуразия» кинофестивалі аясында әлемнің жетекші кинематографистерінің қатысуымен дәстүрлі шеберлік дәрістері ұйымдастырылады. Жас кинотанушылар үшін Францияның белгілі киносыншысы Мэтью Даррас, америкалық сценарист Дэвид Фрацони шеберлік дәрістерін жүргізбек. Сәті түсе бермейтін шеберлік сағаттарына өнер саласында оқитын жоғары оқу орны студенттері мен кинематографистер арнайы іріктелініп алынады. Продюсерлік бойынша шеберлік кластарын америкалық продюсер «300 спартандық», «Александр», «Соғыс тәңірі: өлімнен де күштілер» фильмдерін түсірген Джанни Нуннари өткізбек.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.