Алматы қаласындағы дәріханалар штаттық режимде жұмысын жалғастырып отырғаны туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев хабарлады.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өтіп жатқан онлайн-брифингте «Осы уақытқа дейін маскаларға қанша қаражат жұмсалды?» деген журналистер сұрағына қала әкімінің орынбасары төмендегідей жауап берді.
– Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметкелер, дәрігерлер, полицейлер қажетті маскаларды өз есебінен сатып алды. Оның толық есебі менде жоқ. Бірақ жалпы нарықты қамтамасыз ету бойынша бюджеттен қаражат жұмсалмайды. Бұл жеке өндірушіден тікелей тұтынушыға дәріханалар арқылы таратылып отыр. Қазір қаладағы дәріханаларға күніне 80 мың дана маска таратылады.Демек, 80 мың дана тарату үшін орта есеппен 8 миллион теңгедей жұмсалады, – деді Сапарбек Тұяқбаев.
Сонымен бірге қала әкімінің орынбасары карантин кезінде қандай да бір кәсіпкер зиян шегетін болса, оған қосымша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мұндай жағдайда кәсіпкердің кредит төлеу уақыты тоқтатылып, сыйақы беріледі екен. Сондай-ақ, Сапарбек Құрақбайұлы қызметкерлердің жаппай жұмыстан босап қалуына, жұмыс орындарының азаюына жол берілмейтінін, бұған қатысты барлық шаралар қолданылатынын жеткізді.
АЛМАТЫ