Терең тарихтан тағылым іздеп тін тартсақ, ар жағынан тұтас түркінің тұғыры биік толағай тұлғаларының сұлбасы сән-салтанатымен атойлап шыға келетіні белгілі. Әлде біздің тағдырымыз аталарымыз алып-алып басқан осынау абат аймақтан бір елі ажырамай, кіндігіміздің қара шаңырақта байланғанынан ба, кім білсін?
Байырғы заманнан басынан талай ғасыр аунатқан Ұлы Даланың баба түкті топырағы баурайына ел қондырып, түйе өркешін ықтап, қарт тарихтан еншісін алған тамырлас жұрттың бастаухаты іспетті болғаннан шығар, сірә. Әйтеуір, бұл ұйықтың бейтаныс, қиуа бір түкпірінен балбал тас көрсек те басымызды сүйей кеп табыса кетердей күй кешетініміз тағы рас. Тәбәрігі тауысқысыз тарихтың көмейінде күмбірлеген бұл кәделі сыр – шерлі шежіреміздің бастауында тұрған дана бабалар мен ұлы тұлғаларға деген алғаусыз құрметтің де бір көрінісі.
Әмсе тарихты тұлғалар жасайды деген ұғым бар. Әлімсақтан белгілі, әр дәуір ұлы арман жолында ұлты үшін майдан атырып, «халқы үшін түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған» ұлы перзенттер өмірге әкелген. Солардың ұшар басында бір уыс топырағын жауына таптатпаған Мөде, Атилла, Білге, Елтеріс қағандардың ерлігі тарих қойнауында әлі де қордаланып жатыр. Мысырды мысымен билеген Бейбарыс, апайтөс Алп-Арслан, әйгілі Әмір Темір, баһадүр Бабыр сынды батыр бабаларымыз бүгінгі ұрпақтың санасында қатталып қалған.
Нартұлғаның ұлылығы, әдетте, күрмеуі қиын тағдыршешті тұста тәуекел етіп тау қопарған еселі еңбегінің ауқымдылығымен, ерен ерлігінің жемісті жеңісімен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, дүние астаң-кестең болған аласапыран қым-қуыт шақта жауапкершілік арқалап, ел үшін еңселі істер атқарған тегеурінді тұлғалар қатарына XX ғасырдың басында Мұстафа Кемал Ататүрік келіп қосылды. Осман елінің омыртқасы майысқанда, өз алдына отау тігіп, Түркия мемлекетінің іргетасын қалаған Мұстафа Кемал елін күресіннен алып шықты.
Дәуір доңғалағы айналып, жүзжылдықтар жалғасып, мыңжылдықтар тоғысқан XXI ғасырдың басында Ұлы даланың тағы бір даңқты перзенті осы құтты керуеннің көкжиегінен көрініп, күллі әлемге танылды. Ол – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, талайлы шақта асқар таудың ұшар басындағы қызыл тасқа таңбасын қашап басқан текті жұрттың маңдайына біткен, туын асқақ ұстаған ардақты тұлғасына айналды.
Бір-бірімен иық тіресе жалғасқан таулардың шоқысы іспетті қос тұлғаның тағдырлы шешімдері, мемлекет құру жолындағы бастамалары өте ұқсас екені жиі айтылады. Бұл пікірге әлемнің салмақты саясаткерлері куәлік бере алады. Мәселен, 2009 жылы сұхбаттасқанымызда Түркияның Президенті болған әйгілі саясаткер, марқұм Сүлеймен Демирел осы ұқсастық туралы тебірене айтып еді. Тәуелсіздік алу, мемлекеттің іргесін қалау, халықтың әлеуетін арттырып, экономикасын дамыту, есеңгіреп қалған елдің еңсесін тіктеп, қуатын еселеу, астана ауыстыру, тұрақтылық пен татулықты ту етіп, бейбітшілік пен келісімді орнықтыру, түрлі этностарды ұйыстыра отырып, іргелі ұлт қалыптастыру, тіл мен тарихқа, мәдениет пен өнерге көңіл бөліп, ел руханиятын өрге сүйреу, түрлі реформаларға бастамашы болу, зайырлы қоғам құруға ұмтылып, латын әліпбиіне көшуге қадам жасау сияқты қос тұлғаға ортақ көптеген ірі оқиғаның тізбегін санамалап шығуға болады. Азамат тақымы, ат арқасы сыналар еңку жолда екі тұлға да сүрінбеді. Ататүрік «түрік» атауын қайта тірілтсе, Елбасы түркі әлемінің басын біріктірді! Сондықтан бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев есімі тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының мақтан тұтар, төңірегіне топтасар тұғырлы тұлғасына – ортақ символына айналып үлгерді!
Табиғаттың біз білмейтін тылсым құпиясы көп, сондай жұмбақтың бірі – сандардың сыры екені мәлім. Бұл орайда да қос тұлғаның тағдырында ұқсас жайттар көп. Мәселен, Ататүріктің өмірі 19 санымен тығыз байланысты өрілген. Басқасын айтпағанда, 1919 жылы 19 мамырда Самсун қаласына келіп кірген Ататүрік осы сәттен бастап жаңа Түркияның негізін қалады. Елбасымыз да тағдырлы шешімін 2019 жылы 19 наурызда сағат 19:00-де қабылдағаны белгілі. Бұны кездейсоқтық деуге келмес. Құранды тәпсірлеушілер 19 санының қасиетіне көп үңіледі, әр сүренің басында тұратын бісміллә сөзінің 19 әріптен тұратынын осыған дәлел ретінде айтады.
Қасиетті санмен басталған бастама баянды болып, Елбасымыз адам тануда, кадр таңдауда қателеспеді. Талай сыннан өткен серігі, халықаралық ұйымдардың тізгінін ұстаған, БҰҰ-да басшылық қызмет атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевқа тізгінді сеніп тапсырды. Сенімге серт беріп, бағдарын айқындаған Қасым-Жомарт Кемелұлы бір жылдың ішінде сол сабақтастықтың алтын арқауын жалғай отырып, елімізді биікке бастап барады. Көш көлікті болсын дейміз.