• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2020

Көкшетаудағы тұрақтандыру қорының жұмысы тыңғылықты

147 рет
көрсетілді

Облыстық тұрақтандыру қорының мақсаты және халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету шаралары туралы «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ербол Жақсылықовты әңгімеге тартқан едік.

– Көкшетауда көтерме сауда нарығымен айналысатын бірқатар компаниялар бар. Олар бөлшек сауда айналымына азық–түлік тауарларын қажетті мөлшерде жеткізіп бере алады. Бұл орайда, «Small» дүкендер желісінің ғана жеке қамтамасыз етуші әріптесі барлығын, қалған сауда нүктелерінің барлығы жоғарыда аталған компаниялардың қызметін пайдаланатынын айтуымыз керек. Елімізде қазіргідей төтенше жағдай енгізілген кезеңде «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының көтерме сауда ұйымдары жеткізетін тауарлардың көлеміне күнделікті мониторинг жүргізіліп отырады.

Көкшетау дүкендерінде азық-түліктің барлығы бар, яғни, ұн, макарон өнімдері, жарма, сүт және сүт өнімдері, ет жеткілікті жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Осы ретте, азықтық өнімдердің көпшілігі – тауық еті, тауық жұмыртқасы, қара мал еті, шұжық өнімдері, сүт тағамдары, тағы басқалары өзіміздің Ақмола облысында өндірілетіндігіне назар аударғым келеді. Сондай-ақ, өзге өңірлердің азық-түлік өнімдерін өндірушілері де біздің қаламызда сауда жасауға мүдделі. Олар жергілікті нарықты толықтырады және бұл іске ешкім кедергі жасамайды.

Азық-түлік емес тауарлар тобы (мәселен, жеке гигиеналық заттар, тұрмыстық химия, техника, т.б.) өңірге сырттан әкелінеді. Бірақ, өндіруші компаниялармен жасалған келісім-шарт талаптарына сәйкес бұл өнімдер қатаң бақылауда болады. Басқаша айтқанда, шекараның жабылуына байланысты тауарлар сырттан алып келінбейді деп алаңдауға негіз жоқ.

Ақмола облысының тұрақтандыру қоры туралы арнайы айтқым келеді. Бұл – негізгі азық-түлік өнімдері (астықтан басқа) бағаларының маусымдық ауытқуын шектейтін құрал.

Әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның ұсыныстары негізінде Ақмола облысы әкімдігінің қаулысымен сырттан сатып алынатын тауарлардың тізбесі және бұлардың бағасына қосымшаның шекті көлемі бекітілген. Өнімдер төмендетілген бағамен сатып алынады және бұлардың бағасы өсуімен ішкі нарыққа жеткізіледі. Ұлттық валютаның еркін айналымға шығарылуына байланысты бағаны жұмсарту шаралары айрықша сұранысқа ие болуда. Тұрақтандыру қорын толықтыру қаржысы облыстық бюджеттен бөлінеді.

Көкшетаулықтар тұрақтандыру қорының өнімдерін «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының орталық базардағы «Қамқор» павильонынан сатып алуына болады. Тұтынушыларға қарақұмық жармасы 267 теңгеден, күріш 280 теңгеден ұсынылады. Ал, «Громолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сары майының келісі 2400 теңгеден, Атбасар ауданындағы «Сочинское» күнбағыс майының 5 литрі 1900 теңгеден босатылады. Павильонда, сондай-ақ бірінші сұрыпты ұнның келісі 110 теңгеден босатылады. Оны өндіруші «Atbasar Grain» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Осынау кең ауқымды жұмыстарды үйлестіруде «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өз міндетін жоғары деңгейде атқарады деп сендіре аламын. Демек, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ.