Қостанайда мемлекеттен тегін бөлінетін дәрі-дәрмек препараттарын науқастардың үйіне еріктілер жеткізіп бере бастады.
Олар өздерінің аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірлерін тіркеп, дәрігерлерден нұсқау алды. Емхана әр еріктіге екі медициналық маска, қол сүртетін сұйықтық ұстатты. Енді олар бір айдың ішінде 4 мың науқасқа дәрі-дәрмек апарып беруі тиіс.
– 17 наурыз күні жоғарыдан «Амбулаториялық емдеу мекемелерінде тұрғындарға көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша дәрі-дәрмек препараттарын науқастың тұрғылықты мекенжайына жеткізіп беру қамтамасыз етілсін» деген нұсқау алдық. Өздеріңіз білесіздер, бізде қазір жұмыс қауырт, фельдшерлердің қолы тие бермейді. Сондықтан сіздердің көмектеріңізге жүгінуге тура келіп отыр. Баршамызға ортақ қайырымды іске атсалысуға ниет білдіргендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды айтамын, – деді емхана директоры.
Жастар саясаты басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев облыстық денсаулық сақтау басқармасы өтініш білдірген соң, сағат 11-лер шамасында әлеуметтік желі арқылы емханаларға ерікті азаматтардың көмегі керек екенін жариялаған. Айналасы 3 сағаттың ішінде 50 шақты адам жиналды. Көбі өздерінің жекеменшік көлігімен келгендер. Ерікті болу еріккеннің ісі емес. Бұрын еріктілер деген ұғымды тек студент жастар деп қана түсінуші едік, емхана алдына жиналғандардың ішінде қырықтың қырқасына шыққан қырма сақалдар да жүр.
Еріктілер жалпыға жарияланған төтенше жағдай аяқталғанша осы емханаларда диспансерлік тіркеуде тұрған қант диабеті бар, жүрегі ауыратын, ауыр отадан шыққан және қозғалуы қиын әртүрлі созылмалы ауыр дертке ұшыраған науқастарға дәрі-дәрмек таситын болады.
Игі бастамаға біз де атсалысқымыз келіп еді, жолымыз болмады. Бізден ертерек барып тіркеліп қойғандар көп екен. Бір күн ішінде дәрі-дәрмек апарылуы тиіс мекенжайлар түгел қамтылып қойыпты. Сондықтан тізімге тіркеліп, кезегімізді күтетін болып келістік. Осылайша, бүгінгідей қатерлі шақта тек азық-түлік алу үшін ғана емес, жақсылық жасау үшін де ұзын-сонар кезек күтуге тура келетініне көз жеткіздік.
ҚОСТАНАЙ