“Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында ел Президенті Н.Назарбаев дағдарыстан кейінгі кезеңдерге, сондай-ақ, тұтастай алғанда, алдағы онжылдыққа арналған дамудың жаңа ауқымды міндеттерін белгілеп берді.
Бұл міндеттердің маңызы орасан зор. Біріншіден, экономиканы жедел әртараптандырудың нақты механизмдері арқылы жаңғырту – осы мақсатқа жетудің төте жолы. Олардың бірі – Жолдауда жаңа экономиканың қозғаушы күші ретінде танылған кәсіпкерлікке арқа сүйеу. Мұнда негізгі екпін өңірлік инвестициялық саясатты күшейту арқылы бекемделген аймақтардағы кәсіпкерлікті дамытуға түсірілетін болады.
Екіншіден, бұл, менің ойымша, елдің басты байлығы ретінде нақты адамға бағдар жасау.
Мұндай көзқарас кездейсоқтық емес. Соңғы жылдары адам капиталы факторын толығырақ жүзеге асыру қажеттігін барынша молынан сезіне бастадық. Өйткені, мұнсыз еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес. Міне, дәл сондықтан Мемлекет басшысы “елдегі модернизациялау стратегиясының табыстылығы, бірінші кезекте, қазақстандықтардың білім-білігіне, әлеуметтік және денсаулық жағдайына тәуелді” екенін ерекше атап көрсетті.
Жолдауда Мемлекет басшысы адам капиталы сапасын жоғарылатуға бағытталған нақты міндеттерді алға қойды:
- 2020 жылға қарай қалалық та, сол сияқты ауылдық жерлердегі де балалардың бәрі мектеп жасына дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылатын болады;
- балаларды мектеп жасына дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” арнайы бағдарламасын әзірлеп, 2010 жылдың бірінші жартысында жүзеге асыруға кірісу жөнінде міндет қойылды;
- денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені 2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есе төмендетіп, жалпы өлімді 30 пайызға, ал туберкулезбен ауруды 20 пайызға қысқартатын болады. Сонымен бірге, өмір сүрудің күтілген ұзақтығы 22 жасқа дейін ұлғаятын болады;
- халықты еңбекпен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты басымдығы болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысы 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан, ал табыстары ең төменгі өмір сүру деңгейіндегі халықтың үлесі 8 пайыздан аспауы жөнінде міндет қойды;
- әлеуметтік қызметтер тек мұқтаж азаматтарға ғана көрсетіліп, олар қазіргі заманғы стандарттар мен Қазақстандағы өмір деңгейіне сәйкес келуге тиіс. 2015 жылға қарай базалық зейнетақылық төлемдер мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 60 пайызына дейін, ал мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 2010 жылға қарағанда 1,2 есе арттырылуы тиіс;
- Мемлекет басшысы 2010 жылы “Жол картасы—2009” жоспары бойынша басталған тұрғын үй-коммуналдық сектор нысандарын қайта қалпына келтіруді жалғастыру, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кең ауқымды модернизациялаудың 2020 жылға дейінгі жоспарын әзірлеу жөнінде міндет қойды. Бұл жағдайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын модернизациялау эксплуатациялық шығындарының үлесін төмендетумен және ресурс сақтаушы технологияларды енгізумен қоса жүруі тиіс. Ауылдық жерлерді құбыр суымен қамтамасыз ету жұмысы жалғасатын болады.
Осынау өзекті міндеттерді шешу өңірлер арасындағы, ең бастысы, қала мен ауыл тұрғындары арасындағы халықтың тұрмыс деңгейіндегі алшақтық проблемасын бірізділікпен шешуге жағдай жасайды.
Нәтижесінде, әрбір қазақстандық өмір сапасының артқанын сезініп, өзі тарапынан экономика салаларындағы өнімділікті арттыруға үлес қосатын болады.
Сондықтан, экономиканы серпінді әртараптандыру бағдарламасындағы басты басым бағыттардың бірі болып табылатын елдің адами капиталын дамыту Қазақстан Республикасының экономикалық өсімі үшін айтарлықтай мультипликативті тиімділік әкелуге тиіс.