ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Шығыс Еуропада орналасқан, бір-бірімен жапсарлас жатқан үш мемлекетке – Беларусь, Украина және Молдова республикаларына сапары басталды. Алғашқы тоқтаған ел – Беларусьте Іс басындағы төраға осы ел басшысы Александр Лукашенкомен, Сыртқы істер министрі Сергей Мартыновпен, Беларусь Ұлттық кеңесі Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен және саяси партиялар, азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерімен кездесулер өткізді.
Беларусь жеріне көктем келіп бусанып жатыр екен. Ұшақта отырып-ақ диқан біткеннің тынымсыз тірлігін бастағанын аңғардық. Ақ көрпесін жамылған Арқадан көктем лебі ескен Минскіге келіп түскенде қасыма таянған Беларусь азаматы: “Сіздер Қазақстаннан емессіздер ме? Неге әуежайда “Қош келдіңіздер!” деген жазу жоқ” – дейді. “Сіз қазақша білесіз бе?” десек: “Менің туған жерім – Қазақстан. Қарағандыда туып-өскенмін. Мұнда келгеніме 15 жыл болды. Араларыңызда қарағандылықтар бар ма? Астананы Целиноград кезінде көргенмін. Қазір Интернеттен достарым жіберген суреттерден Астанаға таңқалудамын. Елге сәлем айтыңыздар”, деген ақжарқын пейілімен сағынышын жеткізген бұрынғы жерлесімізбен кездесу көңілде жылылық оятса, осы сезім Кедендік одақтағы әріптес елге сапар барысында еш толастамады.
Ертеңгісін алғашқы жүздесу ЕҚЫҰ-ның Минскідегі кеңсесінің ғимаратында осы елдегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесуден басталды. ЕҚЫҰ-ның Минскідегі кеңсесінің басшысы Бенедикт Халлер Іс басындағы төрағаның сапарына сәттілік тілеп, алғашқы сөз кезегін Қанат Саудабаевқа ұсынды.
Қанат Бекмырзаұлы еліміздің төрағалығына тоқтала келіп: Біз елдер арасындағы жақындасу мен түсінісуді, Батыс пен Шығыс арасындағы ұғынысу мен үндесуді дамытуда өзіміздің ТМД мемлекеттерінің ұжымдық кандидаты екенімізді есте ұстаймыз. Өйткені, біздің ортақ тарихымыз, діліміз бар, қысқасын айтқанда, бәріміз бір шинельден шыққан елдерміз. Сондықтан бір-біріміздің проблемаларымызды, шешімін табуын күтетін мәселелерді түп тамырынан танимыз. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам құру үстіндеміз. Біреулерімізде демократияның жедел жүргізілуі, біреулерімізде шабанырақ жүруі де заңдылық. Ал бүгінгі кездесуде сіздердің ЕҚЫҰ жұмысына қатысты пікірлеріңізді естіп білу біз үшін маңызды, деп жиналғандарды ашық әңгімеге шақырды.
Беларусьтік саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерінің де күткені ашық әңгіме екен. Салғаннан елдеріндегі демократияландыру үдерістеріне, саяси жүйені либералдандыруға қатысты олқылықтар жайын қызына әңгімеледі. Қазақстанның халықаралық беделі Ұйым төрағалығындағы қызметінен мол үміт пен сенім күтетіндіктерін жеткізді. Өйткені, сіздердің сыртқы саясаттағы беделдеріңіз, Батыс пен Шығыс арасындағы түсіністікті қалыптастырудағы жұмыстарыңыз біздерді осындай ойға жетелейді, деді олар. Мәселен, Біріккен азаматтық партия төрағасының орынбасары Ярослав Романчук елде ЕҚЫҰ билікті қолдайтын және қолдамайтын барлық партиялардың үнқатысу өткізетін алаңына айналғанына тоқталып, елдегі сайлаулар барысын қатты сынға алса, Беларусь президенттігіне осыдан бұрын екі рет түсіп, енді үшінші рет бағын сынаудан үміткер Либерал-демократиялық партиясының төрағасы Сергей Гайдукевич оған қарсы уәжін білдірген. Жоқ, Беларусь мемлекетінде демократиялану үдерісі үздіксіз жүріп келеді, оны тегіс жоққа шығаруға болмайды, мәселе оның қарқынында, менің соған көңілім толмайды десе, Коммунистік партияның төрайымы Татьяна Голубева ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының елдегі демократиялану үдерісін білгені жөн, бірақ әріптестер, біз осылай бір-бірімізді сынап, Іс басындағы төрағаға шағымданғанымызбен, біз үшін саясатты либерализациялауды ешкім де жүргізбейді, неге біз әшейінде бір үстелдің басында кездесіп, олқылықтардың орнын толтыруды ойламаймыз. Өзіміз қанаттаса қимылдасақ, шешілмейтін дүние жоқ, деген пікірін ортаға салды. Мұны көпшілік те мойындағандай сыңай танытты.
Бұдан соң Іс басындағы төраға өз әріптесі, Беларусь Сыртқы істер министрі С.Мартыновпен алғашында тек екеуі ғана жүзбе-жүз, соңынан кеңейтілген құрамда кездесті. ЕҚЫҰ жұмысының қай тарапында болса да жүргізілетін үдерістерге қатысуда белсенділік танытушы Беларусь аталған Ұйымның Венадағы экономикалық-экологиялық комитетінің төрағасы ретінде де көптеген жұмыстар атқаруда.
Кездесуде тараптар ЕҚЫҰ аясында және өзге де байланыстар бойынша екі елдің үндесе қимылдауының маңызына тоқталды. Мәселен, тауар тасымалдаудағы маңызды жол – теңізге шығу мүмкіндігі жоқ екі елдің де темір жол мен автокөлік жолдарындағы қауіпсіздік мәселесіндегі үндестігінің басы ашық. Сонымен бірге, энергетикалық қауіпсіздікте де Қазақстан Беларусь мемлекетінің атқарып жүрген жұмыстарына оң баға беріп, Ұйымның Минскідегі кеңсесі арқылы оны әрі қарай дамытуға мүдделілік танытатынымызды жеткізді. Іс басындағы төраға әріптесін Алматыда болатын Сыртқы істер министрлерінің саммитіне шақырды. Ол ықыласпен қабыл алынды.
Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен жүздесу дос-жар адамдардың кездесуіндей, бір-бірінен сыр жасырмас ашық пейілде өтті. Президент Кедендік одаққа қатысты ойларымен бөліскенде біз тізе қоса қимылдауға келіскендіктен, сол ұстанымнан шығуға тиіспіз, деді. Шекара одақ елдері үшін ашық болуы керек, ал ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне келсек, оны өткізу жайында жақтаған да, қарсылық танытқан да пікірлер бар екенін білеміз, Беларусь бұл ретте және өзге де Қазақстан бастамашылығына қатысты шараларда нағыз дос екенін танытуға әзір. Екі қолымызды көтеріп, сіздерді қолдаймыз, иығымызды тосып, таяныш болуға әзірміз, деді.
Қанат Бекмырзаұлы Беларусь басшысына Қазақстанның Ұйымға төрағалығы тұсында қолдау көрсетіп келе жатқанына алғысын білдіріп, біздің ел ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммитін шақыру дайындығына кіріскенін айтты. Сондай-ақ, жазда Алматыда сыртқы саясат ведомстволары басшыларының бейресми кездесуі өткізілетінін мәлімдеп, Александр Лукашенконы Мемлекет басшыларының қатысуымен болатын саммитке шақырды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ – Минскіден.