109 номеріне хабарласып, азық-түлікке тапсырыс беруге болады деген ақпарат жалған. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.
Кеше ғана мен Президент тапсырмасы бойынша тегін азық-түлік жиынтығы туралы ақпарат жария еткен болатынмын. Оны азаматтардың 4 санаты ала алатынын еске салғым келеді. Бірінші санат - атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың 6 жастан жоғары балалары. 2, 3, 4-санат - карантиндік аймақта тұратын азаматтар. Нақты айтқанда, АӘК алатын отбасылардың барлық ересек мүшесі, оның ішінде көпбалалы отбасылар, барлық жастағы 1 және 2-топтағы мүгедектер мен мүгедек балалар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар» деді министр.
Сонымен қатар ол қазір әртүрлі мессенджерде 109 номеріне хабарласып, азық-түлікке тапсырыс беруге болады деген хабар тарап жатқанын айтты.
«Бұл - жалған ақпарат. Оны жасаған адамдар табылады және заңға сәйкес жазаланады» деді Д.Абаев.