Шап-шағын Ақтау қаласында орын алған кез келген оқиға туралы әңгіме ел арасына тез тарап, жайылып кетеді. Жуырда қаладағы тұрғын үйлердің біріндегі пәтерден өрт шығып, үрейленгендіктен терезе алдына шығып тұрған екі баланы жас жігіт құтқарып қалыпты деген әңгіме естілген болатын.
Шап-шағын Ақтау қаласында орын алған кез келген оқиға туралы әңгіме ел арасына тез тарап, жайылып кетеді. Жуырда қаладағы тұрғын үйлердің біріндегі пәтерден өрт шығып, үрейленгендіктен терезе алдына шығып тұрған екі баланы жас жігіт құтқарып қалыпты деген әңгіме естілген болатын.
Оқиғаның анық-қанығына жас жігітті анасымен бірге облыс әкімі А.Айдарбаев қабылдап, құрмет көрсеткенде көз жеткіздік. 25 жастағы Елдос Қуан – «Бозащы Оперейтинг» мұнай компаниясында жұмыс істейді екен. Қиын кезде кімге де болса, қолұшын беруді азаматтық парыз санайтын Елдос сол алмағайып сәтті былай деп еске алды.
– Үйде теледидар қарап, демалып жатқан едім. Сырттан үрейлі айқай-шуды естіп жүгіріп шықсам, өрттен қашып 4 қабаттағы терезеден секірейін деп тұрған ұл мен қызды көрдім. Дереу көмек көрсету қажет деп шештім де, жолдарын ойластыра бастадым. Балконның терезесінен көмек беруге болады деп ойлап, сол жаққа көтерілдім. Жан-дәрмен есікті бұзып жатқан көршілерден аяғымнан ұстап тұруын сұрап, балаларға қолымды создым. Жылап тұрса да кезекпен қолымды ұстап, өте сабырлылық танытқан балақайларға риза болдым. Шынымды айтсам, осы сәтте бойымда үрей, қобалжу емес, керісінше өзіме деген сенім және балаларды құтқару керек деген ой ғана болды.
Облыс әкімінен кенеттен болған өрт жағдайында адам өмірін құтқару кезіндегі батылдығы мен ерен ерлігі үшін алғыс хат алған Елдосқа өзі қызмет ететін компания мен төтенше жағдайлар департаменті де сый-сияпат көрсетпек. Компания зардап шеккен үй үшін де материалдық көмек көрсетуге келісіп отыр. Ал кері шегінсе от құшағында қалу, ілгері басса төртінші қабаттағы терезеден құлау қаупінде қалған 5 жасар ұл мен 7 жасар қызының өмірін сақтап қалған батыр жігітке өртенген үй иелерінің ықыласы тіптен ерекше.
Тамыз айының соңына үйлену тойын белгілеп қойған Елдос Қуанның ерлігіне тәнті болған ел азаматтың амандығы мен бақытына тілекші болуда.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
––––––––––––––
Суретті түсірген
Ханым Қуат.