• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2013

Шарайна

214 рет
көрсетілді

Мәскеу АҚШ қорғаныс министрі Ч.Хейглдің президент Б.Обаманың тапсырмасы бойынша Сирияға қарсы кез келген уақытта күштік акцияны жүзеге асыруға америкалық қарулы күштердің дайындыққа келтірілуіне айтарлықтай назар аударып отыр. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Лукашевичтің мәлімдемесінде осылай атап көрсетілген.

РЕСЕЙ БІРЖАҚТЫ ШЕШІМГЕ ҚАРСЫ

Мәскеу АҚШ қорғаныс министрі Ч.Хейглдің президент Б.Обаманың тапсырмасы бойынша Сирияға қарсы кез келген уақытта күштік акцияны жүзеге асыруға америкалық қарулы күштердің дайындыққа келтірілуіне айтарлықтай назар аударып отыр. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Лукашевичтің мәлімдемесінде осылай атап көрсетілген.

Осының бәрі Иракта жаппай қырып-жоятын қару бар деген желеумен АҚШ-тың осыдан он жыл бұрын БҰҰ-ны айналып өтіп, авантюраға барған оқиғаларын еске түсіруге мәжбүрлейді, делінген аталған мәлімдемеде. Кез келген БҰҰ-дан тыс біржақты күш көрсету іс-әрекеттері Сириядағы дау-жанжалды саяси-дипломатиялық жолмен шешуді іздестіріп жатқан халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне нұқсан келтіреді, деп есептейді Ресей сыртқы істер министрлігі.

ТАРАҚАНДАР ФЕРМАДАН ҚАШЫП КЕТТІ

Бұл оқиға Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясындағы Дафэн қаласында орын алған. Осында шығыс медицинасы үшін қолдану мақсатында өсіріліп жатқан тарақандар фермадан қашып кеткен.

1,5 миллионға жуық жәндік парникте қамауда тұрады екен. Белгісіз бір қылмыскер оның пластик қабырғаларын сындырып тастаған. Соның салдарынан ем үшін қолданылатын тарақандар жан-жаққа тарап кеткен. Осындай ерекше ферманың қожайыны Ван Пэншэн осыдан бірнеше ай бұрын америкалық тарақанның 102 кг. жұмыртқасын сатып алған. Сөйтіп, жәндіктер өсіп шыққаннан кейін олардың әр килограмын 1000 юаньнан сатпақ болған екен. Айта кету керек, дәстүрлі қытай медицинасында осы жәндіктерден алынған экстракт онкологиялық ауруларды емдеуге, иммунитетті күшейтуге пайдаланылады.

 

БРИТАНИЯ ФЛОТЫ СОҒЫСҚА ДАЙЫН

Ұлыбритания өкіметі АҚШ-пен бірге Сирияға қарсы әскери іс-қимылдарға қатысуға ниет білдіріп отыр. Корольдік әскери-теңіз флоты бірлескен операцияларға дайындықты бастап та кетті.

The Telegraph басылымының үкіметке сілтеме жасай отырып жазуына қарағанда, Британия премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен АҚШ өкіметі, соның ішінде президент Барак Обамамен арадағы келіссөздер одан әрі жалғасуда. Бірлескен операцияны жүзеге асырудың кейбір шарттары келісілген жағдайда әскери іс-қимылдар алдағы аптаның ішінде басталмақ.

ТЕРРОРЛЫҚ АКТІЛЕР АЗАЙМАЙ ТҰР

Иракта жексенбі күні болған террорлық шабуылдар салдарынан 47 адам құрбан болып, ондаған адам түрлі дене жарақаттарын алған. Ең ірі шабуыл ел астанасының солтүстігіндегі Баакуба қаласының орталығында орын алған.

Сол сияқты, Бағдадтың бірнеше аудандары мен жақын жатқан провинцияларда да дүркін-дүркін жарылыстың болғаны белгілі болып отыр. Жарылғыш құрылғының біреуі халық көп жиналатын дәмхананың алдында тұрған автомобильде іске қосылса, екінші жарылғыш зат үйлену тойын тойлап жатқан жастардың жүретін жолына қойылған. Әзірге бұл жарылыстар үшін жауапкершілікті Ирактағы радикалды топтардың бірде-бірі өз мойындарына алған жоқ.

МҮБАРАК СОТ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Египеттің экс-президенті Хосни Мүбарак бұрынғы мемлекет басшысының ереуілшілерді өлтіруге қатыстылығы жөніндегі айыптауларды қайта қарауға арналған сот отырысына қатысты.

85 жастағы Х.Мүбарак сотқа Маадидегі әскери госпитальдан тікұшақпен жеткізілген. Сот Каир полиция академиясының айрықша күзеттегі ғимаратында өтуде. Сотта қорғаушы жақтың куәлері ретінде экс-президенттің екі ұлы, сол сияқты, бұрынғы ішкі істер министрі Хабиб-әл-Адли және қауіпсіздік қызметінің офицерлері сөз сөйлейтін болады. Сот отырысы өте қысқа болды. Сөйтіп, істі қарау үстіміздегі жылдың 14 қыркүйегіне қалдырылды.

МЕКСИКАДАҒЫ ТЕМІР ЖОЛ АПАТЫ

Мексиканың оңтүстік-шығысындағы Табаско штатында болған темір жол апаты салдарынан кем дегенде 5 адам қаза тауып, 20-дан астам адам ауыр жарақаттар алған. Төбесінде Орталық Америка елдерінен келе жатқан 300-ге тарта заңсыз иммигранттар отырған жүк пойызы рельстен шығып кеткен көрінеді.

Апаттан зардап шеккендер, олардың дені Гондурас азаматтары, госпитальдарға жеткізілген. Жарақаттанғандардың бірқатарының жағдайы өте ауыр күйде. Қайғылы оқиға орын алған жердегі құтқару жұмыстары әлі аяқталмаған. Соған байланысты Мексика өкіметі құрбан болғандар санының көбірек болу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

ҚОЛТЫРАУЫН ЖАС ЖІГІТТІ МЕРТ ҚЫЛДЫ

Австралияда 26 жастағы жігіт 5 метрлік қолтырауынның шабуылынан қаза тапқан. Бұл туралы жергілікті полиция хабарлап отыр.

Жас жігіт қолтырауындардың мекені ретінде аты шыққан Мэри өзенінің жиегінде досының 30 жылдығын атап өтпек болыпты. Бір сәт құрбан болған жігіт пен тағы бір ер адам суда шомылуға ниет білдіреді. Осылайша, олар су ортасынан кейін қарай жүзіп келе жатқанда жас жігітке қолтырауын шабуыл жасайды. Оқиға болған жерге дереу жеткен полицейлер мен қолтырауындар жөніндегі мемлекеттік басқарма өкілдері сол жерде кездескен бір қолтырауынды атып өлтірген көрінеді.

ІШІМДІК БАНК КАРТАЛАРЫ АРҚЫЛЫ САТЫЛМАҚ

«Справедливая Россия» партиясынан сайланған Мемлекеттік думаның депутаты Олег Михеев алкогольді ішімдікті тек банк картасы бойынша ғана сатуға рұқсат беретін заң жобасын дайындаған.

Құжат авторының пікірінше, бұл шара алкоголь рыногына ба­қы­лауды күшейтуге, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға спиртті ішімдіктерді сатудың алдын алуға жағдай жасайды. Оның түсіндіруінше, бұл заң ішімдік сату ережелері неғұрлым жиі бұрмаланатын орындарда, яғни дүңгіршектер мен шағын дүкендерде алкогольді өнімдер сатуға шектеу қояды. Сонымен бірге, депутат алкогольді қолма-қол ақшаға сатуға тыйым салу кейбіреулердің ішімдік алуға ата-аналарынан ақша сұрауына да тосқауыл қояды деп есептейді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар