Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов оңтүстік астанадағы бизнесті қолдау шарасына орай мемлекеттің салық міндеттемелерін кейінге қалдыруы, жалға алуға қатысты, т.б. мәселелер туындап отырғанын жеткізді.
Алматыда 2020 жылдың 1 наурызында статистикалық мәліметтер бойынша, 106 007 жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғалар жұмыс істейді. Ондағы қызметкерлердің нақты саны 346 899 адам. Алматы қаласының 19 наурыздан бастап карантинге жабылуына байланысты әрі 26 наурыздан жаңа режим күшіне енуіне орай сауда және қызмет көрсету саласындағы нысандардың жұмысы тоқтатылады. Ал азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысын жалғастыратын болады.
Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, бірегей экономикалық құрылымы бар Алматы қаласында 70% сауда және қызмет көрсету салалары жұмыс істесе, бұл нысандарда 240 мыңнан астам адам еңбек етеді. «Әрбір қазақстандық, соның ішінде кәсіпкерлер ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің жоғары тұрғанын түсінеді. Біз күтетін экономикалық процестер кейінге қалдырылуы мүмкін. Төтенше жағдай режимі енгізілген бірінші күнінен бастап, біз жедел шаралар қабылдадық, сенім телефондары жұмыс істейді, бүгінде бизнес тарапынан 8 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Егер кәсіпкерлердің тарапынан қойылған сұрақтарды жүйелейтін болсақ, бұл қолданыстағы қарыздарды, екінші деңгейлі банктер алдындағы несиелік міндеттемелерді кейінге қалдыру мәселелері, бұл сұрақ палатаға келіп түскен өтініштердің 35% құрайды», - деп атап өтті Н. Әбілшайықов.
Ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап мемлекеттік, квазимемлекеттік жылжымайтын мүлік объектілері бойынша бизнесмендер үшін 3 ай мерзімге жалдау төлемдерін есептеу тоқтатылды.
Қазіргі таңда Палата мен қала әкімдігі бірлесе коммерциялық үй-жайларды жалға алатын шағын және микробизнес субъектілерін, жалдау төлемінен босату мүмкіндігін бірлесіп қарастыруда.
Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан сауда және қызмет көрсету саласын мониторингілеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының басты міндеттерінің бірі – барлық жалға берушілерден-сауда орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істеу. Жұмыс тобының мүшелері 25 наурыз күні 89 кәсіпкермен кездесіп, олардың барлығына деректерді толтыру туралы кесте жіберілді. Талдау жұмыстары көрсеткендей, жалға берушілердің көпшілігі ТЖ және карантин кезеңіндегі төлемдер бойынша жалға алушыларға демалыс беруге немесе кейінге қалдыруға қарсы емес.
Бірақ жалға берушілер тарапынан бірқатар шешілмеген мәселелер бар, атап айтқанда, қызметтердің тоқтатылуы мен шығындарға байланысты.
«Алматыда 100-ге жуық ірі сауда және ойын-сауық орталығы жұмыс істейді. Ірі орталықтар ТЖ кезінде, жалға алушыларды жалдау ақысын төлеуден босату туралы шешім қабылдады. Мысалға, мұндай шешімдерді «Москва» ойын-сауық орталығы және «Автосити» сауда орталықтары қабылдады. Алғашында қаладан шығу және кіру бойынша мәселелер болды. Бұл мәселелер бүгінгі күні жедел штабпен толық шешімін тапты. Қазіргі уақытта 27 блокпосттар жұмыс істейді, әкімдіктің өкілдері жұмыс істеуде, Палата қызметкерлері күн сайын осы блокпостарға барып тұрады», - деп атап өтті спикер.
ТЖ және карантин енгізілген уақыттан бастап, азық-түлік тауарларын «жасыл дәліз» арқылы өткізуге байланысты Палатаға 220-дан астам қоңырау келіп түскен. Н.Әбілшайықовтың айтуынша, бизнес өкілдерінің тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша қолдау шаралары қарастырылуда.
АЛМАТЫ