• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2020

COVID-19: Бала бойында үрей болмауы үшін...

327 рет
көрсетілді

Бүгінде адамзат баласы COVID-19 әлемге тарағанға дейін және тарағаннан кейін дегендей екі кезеңге бөлініп қалғандай. Індет сағат сайын шеңгелін салып, қанатын жая түскен сайын қауіпсіздік қадамдарын мейлінше қатты қадағалап, жете мән бермей жүрген жандарға түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізу аса маңызды міндетке айналуда. ЮНИСЕФ қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Джейкоб Хант осы орайда балаларға ауру жайында түсінік берудің маңыздылығын айтып, ата-ана үшін арнайы кеңестер топтастырыпты.

Дж. Хант кеңестері 8 бөліктен тұрады. ЮНИСЕФ маманы интернеттен немесе теледидардан және адамдардан індет туралы ақпараттарды естіген, көрген балалар түгілі ересектердің көңілінде алаңдаушылық, күйзеліс және қапа болу секілді жағымсыз сезімдердің пайда болатынын айта келе, балаңызбен ашық сөйлесу арқылы сіз оның қазіргі жағдайды түсінуіне, тынышталуына, тіпті баланың өз құрдастарына да көмектесуіне пайдасын тигізе аласыз дейді. Сонымен маман кеңесіндегі алғашқы қадам: Ашық сұрақтар қойып, тыңдау. Маңызды тақырыпты талқылап, балаңызбен тыныш жерде сөйлесу үшін арнайы орын мен уақыт бөліңіз. Бұл тақырып жайлы не білетінін анықтап, жауаптарын бөлмей тыңдаңыз. Ал егер балаңыз кішірек болса гигиена ережесін қалай сақтау керегін көрсетсеңіз жеткілікті.

Еркін сөйлеуіне мүмкіндік беріп, бастысы, бала айтқанды болмашы нәрсе деп қарамаңыз немесе одан қашпаңыз. Олардың сезімін қабылдап, мұндай жағдайда қорқыныштың пайда болуы заңды екенін түсіндіріңіз. Сіз оларға өзіңіздің мұқият тыңдап отырғаныңызды білдіріп, кез келген уақытта сізбен және оқытушыларымен сөйлесе алатынын түсіндіріңіз. Балаңыздың соған көзін жеткізіңіз, деген Дж. Хант екінші қадамда адал болыңыз, балаға түсінікті тілмен шындықты түсіндіріңіз дейді. Сіз әлем­де не болып жатқаны туралы шынайы ақпаратты айта отыра, балаңызға зақым келетін ақпараттан қорғауға да міндеттісіз. Жасына лайық келетін тілде сөйлесіп, бауыр етіңіздің реакциясын қадағалап, мазасыздығына көңіл бөліңіз. Егер қойған сұрақтарына жауабыңыз болмаса, ойыңыздан шығармаңыз. Ондайда жауаптарды бірге табуға ұмтылып, ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы секілді халықаралық ұйымдардың веб-сайттарына жүгініңіз. Балаларға интернеттегі кейбір ақпараттардың шынайы болмайтынын және тек сарапшыларға сену керектігін түсіндіріңіз. Ал үшінші қадам, өзін және достарын қалай қор­ғауға болатынын көрсету. Коронавирустан және басқа аурулардан қорғанудың ең жақсы тәсілдерінің бірі – қолды үнемі жуып тұруын ынталандырып, жөтелген немесе түшкірген кезде ауызды бүгілген шынтақпен жабу керегін көрсетіп, осындай симптомдары бар адамдарға жақындамауды түсіндіріңіз. Егер қызу, жөтелу немесе тыныс алу қиындаса дереу сізге айтуын келісіңіз. Шынымен Дж.Хант айтқандай, жан-жақтан ағылып жатқан түрлі ақпараттан әлі толыспаған жеткіншек, балалар түгіл ересектердің өзі дағдарып жатқаны аян. Осындай сәтте шыны қайсы, жалғаны қайсы екенін ажырата алмай, экрандағы жағдайды өздеріне тікелей төніп тұрған қауіп ретінде бағалап, күйзеліске де түсуі мүмкін. Ондайға жеткізбеу үшін балаларыңызға мүмкіндігінше көбірек ойнауға және демалуға жағдай жасаңыз. Әдеттегі күн тәртібін, әсіресе ұйықтау тәртібін барынша ұстаныңыз немесе жаңа ортаға лайық жаңа күн тәртібін құруға көмектесіңіз. Егер сіздің ауданыңызда аурудың өршуі орын алса, онда аурудың оларға жұғуы екіталай екенін, коронавирусы бар адамдардың көпшілігі өте қатты ауырмайтынын және көптеген адамдардың қауіпсіздікті қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктіріп жатқанын түсіндіріп, олардың көңілін көтеріңіз, дейді төртінші кеңесте. Және балаңызға бұлар­дың қиын (қорқынышты немесе тіпті ішпыстырарлық) екенін білетініңізді айтып, осыған қарамастан ережелерді сақ­тау баршаның қауіпсіздігі үшін маңызды екенін түсін­ді­ріңіз.

Бесінші маңызды кеңес – аурудың нәсіл, дін, тіл таңдамайтынын түсіндіру. Өкінішке қарай, індет тарай бастағалы әлемде белгілі дәрежеде нәсілдік кемсітушілік бой көрсетті. Сондықтан балаларыңыздың осындай қорлықты сезініп жүрмегендігіне және қорлауға себепші болмауына көз жеткізіңіз, дейді маман. Егер мектепте басқалар оларды мазақтаса немесе кемсіткен болса, онда бұл жайлы өздері сенетін ересек адамға айтып беру керектігін айтыңыз. Алтыншыдан, өзіңізге көмекшілер іздеңіз. Балаларға басқа адамдардың бір-біріне көмектесіп, қайырымдылық пен жомарттық танытуын үлгі ретінде көрсетіп, індеттің өршуін тоқтатуда, адамдардың қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз етуде жұмыс атқарып жүрген денсаулық сақтау қызметкерлері, ғалымдар, жастар және басқа да тұлғалар туралы әңгімелермен бөлісіңіз. Себебі қамқор адамдардың осындай шараларды іске асырып жатқанын білу балалар үшін үлкен жұбаныш болады.

Жетінші маңызды кеңес: өзіңізді күтіңіз. Сіз өз қалы­­­­быңыз арқылы балаңызға үлгі боласыз. Сіздің жаңалықтарға деген реакцияңызды бала бірден сезеді, сондықтан сабырлы болып, жағдайды бақылауда ұстап отырғаныңызға көз жеткізуі маңызды. Егер сізді бір жайттар мазаласа немесе көңіл күйіңіз бұзылса, онда өзіңізге уақыт тауып, отбасы мүшелерімен, доста­рыңызбен, не сенімді адамдардың көмегіне жүгініп, демалуға уақыт тауып, күшіңізді қалпына келтіруге уақыт бөліңіз. Сегізіншіден, әңгімеңізді қамқорлық көрсете отырып, аяқтаңыз. Балаларға ата-аналарының өздерін қиын жағдайда қалдырмайтынын білу маңызды. Балалармен сөйлесіп болғаннан соң олардың бойындағы мазасыздық деңгейін байқап көріңіз, денесінің қалай қозғалатынын, қалай тыныс алатынын және дауыс үнін қадағалап, өзгерістің бар-жоғын бақылаңыз.

Балаларға кез келген уақытта сізбен сөйлесуге болатынын қайталап ескертіңіз. Оларға қамқорлығыңызды білдіріп, әрқашанда тыңдауға дайын екеніңізді айтып, егер оларды бір нәрсе мазаласа көмекке келуге дайын екеніңізді айтыңыз, дейді Дж. Хант.