• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2020

Қорғаныш киіммен еңбек ету оңай емес

209 рет
көрсетілді

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласына шетелден келген отандастарымыздың арасында вирус жұқтыру ықтималдылығы жоғары және тапсырған сынамаларында вирус барлығы анықталған жандардың бірқатары елордадағы Көпсалалы медициналық орталық дәрігерлерінің үздіксіз бақылауында стационарда жатыр.

Клиника директоры Мұхтар Төлеутаевтың айтуынша, қазіргі уақытта вирус жұқтырған 28 адамның жағдайы қалыпты. «Күнделікті температура, қан қысымдары тексе­ріліп, дәрігерлер мен мейірбикелердің бақы­лауын­дағы жандарда клиникалық аурудың бел­гілері жоқ, тек тапсырған сынамаларынан вирус табылғаны болмаса», деген Мұхтар Есенжанұлынан орталықтың жұмысының жай-жапсарын сұрап білдік.

Халық «Жаман айтпай жақсы жоқ», «Қамданған қапы қалмайды» деп бекер ой толға­маса керек. Сондықтан жан-жақты қамданған орталықта бүгінде 60-тан астам дәрігер мен басқа медицина қызметкерлер күні-түні үйлеріне кетпестен орталықта төтенше жағдайдың қажеттілігіне орай жұмыс атқаруда. Вирустың адам өкпесіне тигізер зиянын, сондай уақытта өздігінен тыныс ала алмай қалатынын есепке ала отырып, қаладағы өзге клиникалардан оған қажетті аппараттар жеткізіліпті. Қазір аппараттар қолданысқа дайын. Сондай-ақ басқа емдеу мекемелерінен көмекке дәрігерлер келді. Ал емдеу шаралары Денсаулық сақтау министрлігінің халықаралық стандарттар негізінде бекіткен хаттамалары бойынша жүзеге асырылады, алайда сол хаттамаларды қолданбай-ақ аман өтсек дейміз, дейді дәрігерлер қауымы.

Күні бойына қорғаныш киімдерімен тұмша­ланып еңбек ету оңай емес, бірақ бұл медицина қыз­меткерлерінің өздері үшін де, пациенттер мен карантинде жатқан 245 адам үшін де маңызды. Бақылаудағы адамдарды күніне бірнеше рет тексеру толықтай қорғаныш киімін киюмен ғана атқарылады. Бұл қауіпсіздік үшін қажетті қадам, ал мұн­дай киімдер жеткілікті. Көпсалалы орталық вирус деп қана отырған жоқ, жос­­парлы жұмыстары да жүріп жатыр, ал індет ілме­­гіне іліккендерді қамтуға орталықта 387 орын бөлініпті.

Бұл вирус тұтас қоғам үшін сын болып отыр. Мені бұл індет айналып өтеді деп ешкім де кепілдік бере алмайды. Сондықтан әр адам жеке басының таза­лығын сақтаумен қатар, көпшілік жиналатын жерден аулақ жүргені, қоғамдық орындарға бар­мағаны абзал. Ол біріншіден, өзін кеселден сақтағаны, екін­шіден, маңайын, жақын-жуықтарын қорғағаны болып шықпақ, ал біздер дәрігерлер қолымыздан кел­генді атқаруға тас-түйін дайынбыз. Бүгінде қан құра­мында вирус бар адамдарда клиникалық бел­гілер болмағанына қарамастан, жағдайға жіті қарау міндетіміз, – дейді клиника басшысы бізбен әңгімесінде.