Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов соңғы тәулікте Жамбыл облысынан тіркелген 2 науқас жайында айтты.
«Соңғы тәулікте Жамбыл облысында тағы екі адам тіркелді. Жалпы тіркелген үш оқиғаның бір-біріне ешқандай байланысы жоқ. Бұл азаматтар әртүрлі жағдайда вирус жұқтырған. Бірақ барлығы да Қырғызстаннан келген. Бірінші азамат 1974 жылы туған Қордай ауданының тұрғыны. Ол Қырғызстан Республикасында болған. Шекарадан өткен уақытта белгіленген алгоритмге сәйкес бір күндік карантинге оқшауланып, зерттеулер жасалды. Зерттеу нәтижесі бойынша оң нәтиже шықты. Бұл науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Бүгінгі таңда олардың барлығы оқшауланды. Карантинге стационарға жатқызылған», деді Марат Жұманқұлов.
Сондай-ақ ол екінші науқас та Қордай ауданының тұрғыны екенін айтты.
«Екінші науқас та Қордай ауданының тұрғыны. Бұл азамат та Қырғызстаннан келген. Белгіленген алгоритм бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Бұл науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Бүгінгі таңда олардың барлығы оқшауланды. Карантинге стационарға жатқызылған», деді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда індет жұқтырған азаматтардың денсаулық жағдайы бірқалыпты. Денсаулықтарына ешқандай шағым жоқ. Бекітілген клиникалық-диагностикалық протоколға сәйкес ем қабылдауда. Оқшауланған азаматтардың да жағдайлары қанағаттанарлық, денсаулықтарына шағым жоқ.