• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Наурыз, 2020

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» Жетісуда қалай жүзеге асады?

213 рет
көрсетілді

Елімізде төтенше жағдай зардаптарын жоюға бағытталған шаралар аясында бюджеттен 1 триллион теңге бөлініп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дайындалып, аймақтарда оны жүзеге асыру жолдары жасалуда. Жол картасы бойынша Алматы облысына  да 109,2 миллиард теңге бағытталмақ.

Қазір «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Жетісуда жүзеге асатын жұмыстар сараланып, бағыттар айқындалды. Мәселен, шара барысында 1 240 жоба іске асырылып, аймақта 27,3 мың жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы, облыста жұмыспен қамту мәселесі жөнінде жұмыс тобы құрылады, оның құрамына өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен аймақтық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің мүшелері кіреді. Бұл ретте бұған дейін Алматы қаласында жұмыс істеп, қазір карантинге байланысты өңірге қайтып келген облыс тұрғындарын жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылады.

- Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста мыңдаған жұмыс орны құрылады, жұмыссыздық деңгейі төмендейді, жалпы облыстың инфрақұрылымы жақсарады. Бөлінген қаржының есебінен біз жылдар бойы шешілмеген көптеген проблеманы шеше аламыз. Аудан, қала әкімдері қаншалықты іскер екенін, халықтың мәселелерін қаншалықты білетінін және оны қалай жедел шеше алатынын көрсетуі тиіс, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар тізіміне бірнеше нысандардың қайта жаңғыртылуы мен жөндеу жұмыстары кіріп отыр. Оның ішінде әлеуметтік-мәдени нысандар бойынша құны 31,8 миллиард теңге болатын 491 жоба жасалыпты. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша 79 жоба қарастырылып, бұл мақсатқа 20 миллиард теңге бөлінеді. Қомақты қаржы аймақтың  инженерлік-көліктік инфрақұрылыын жақсартуға да бағытталады. Осы орайда 34,2 миллиард теңгеге 547 жоба жасалуда. Елі мекендерді абаттандыру ісі де ұмыт қалмайды. Бұған 17 миллиард теңге бөлініп, 116 жоба жасалыпты.

Бүгінде аймақта суармалы алқаптардың көлемін арттыру ісі күн тәртібінде тұр. Бұл мақсат қа да қаржы бөлінген. Яғни, 73 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу міндеті тұр. Оның ішінде Ақсу, Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласындағы суару желілерін және Қаратал, Көксу, Өсек өзендеріндегі бөгеттерді қайта жаңғырту жұмыстарына 6,2 миллиард теңге қарастырылған екен.

- Жалпы облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағытта әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуі мен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, тек білім саласының өзінде 88 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет етеді, ал 351 мектептің сырттағы дәретханаларын жою қажет. Жалпы әлеуметтік-мәдени салада 31,8 миллиард теңгеге 491 жоба жүзеге асырылады. Екіншіден, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту. Бұл бағыт бойынша 79 нысанға 20 миллиард теңге қарастырылып, 5 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Үшінші бағыт – инженерлік-көліктік инфрақұрылымның күрделі, орта және ағымдағы жөндеуі. Мұнда 547 нысанға 34 миллиард теңге қарастырылып, 8500 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Төртінші бағыт – елді мекендерді абаттандыру. Барлығы 153 нысанға 17 миллиард теңге қарастырылады. Сонымен қатар ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағытындағы 7 жобаны жүзеге асыруға 6,2 миллиард теңге қарастырылған. 73,0 мың га суармалы жер айналымға қосылады, - дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

 

Алматы облысы