Жамбыл облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметов есірткіге қатысты 300-ге жуық деректің ашылғанын мәлімдеді. Өңірде жыл басынан бері 80 есірткі қылмысының жолы кесілген.
Облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен ағымдағы жылдың екі айында облыс бойынша 80 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде 23 есірткі сату, 8 аса ірі көлемді есірткі затын сақтау дерегі, сондай-ақ, 3 есірткі және психотроптық заттарды немесе соған ұқсас нәрселерді насихаттау немесе заңсыз жарнамалаумен айналысу дерегі бар. Сонымен қатар, арнайы бөлімшенің Шекара қызметімен бірлескен іс-шарасы нәтижесінде есірткі контрабандасының 1 дерегі анықталған. Заңсыз айналымнан барлығы 123 килограмм 244 грамм көлеміндегі әртүрлі есірткі заттары алынған. Оның ішінде 1 килограмм 12 грамм героин, 11 килограмм 546 грамм гашиш және 110 килограмм 678 грамм марихуана бар.
Полиция подполковнигі Асхат Алметов заңсыз есірткі айналымына қарсы күресте облыс тұрғындары мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға, есірткі қылмыстарын анықтауға, есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласында ұйымдастырылған қылмыстық топтардың іс-әрекетінің жолын кесуге, есірткі заттарынан алынған қаражатты заңдастыру фактілерін анықтауға және құжаттандыруға баса назар аудару қажеттігін жеткізді. Басқарма бастығы күнделікті мониторинг барысында интернет-кеңістікте синтетикалық есірткі құралдарын таратумен айналысатын 12 интернет-сайттың анықталып, бұғатталғанын айтты. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерімен Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Жасыл ел Тараз» мекемесінің қызметкерлері арқылы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы 300-ге жуық граффити-жазулар жойылған. Сондай-ақ, Тараз қаласында үйлердің қабырғалары мен қоршауларында синтетикалық есірткіні насихаттайтын граффити-жазуларды жазған 3 адам қолға түскен. Өз сөзінде Асхат Алметов алдағы уақыттарда да есірткі қылмыстарының жолын кесу, алдын алу бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізді.
Жамбыл облысы